Тауарлардың ұлттық каталогы: Атамекен мемлекеттік органдармен бірлесіп жүйені тәжірибелік-сынақ мерзімінде сатылап енгізу бойынша түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда
2026 жылдың 24 ақпанында «Атамекен» ҰКП алаңында Тауарлардың ұлттық каталогын каталогын (ТҰК) кезең-кезеңімен енгізу мәселесіне арналған кезекті жұмыс кеңесі өтті. Жиынға Қаржы министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі, «Электрондық қаржы орталығы» АҚ, «Қазақстан стандарттау және метрология институты» РМК, «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» АҚ және Палатаның Сауда департаменті өкілдері қатысты.
ТҰК – тауар айналымының ашықтығын қамтамасыз етуге, көлеңкелі нарық үлесін азайтуға және мемлекеттік ақпараттық жүйелер арасындағы деректерді үйлестіруге бағытталған бірыңғай цифрлық есепке алу және жіктеу жүйесі.
Аталған кеңес «Атамекен» ҰКП, Сауда және интеграция министрлігі мен Қаржы министрлігі арасындағы үшжақты меморандум аясында өткізілді. Құжатта тәжірибелік-сынақ кезеңін енгізу, түсіндіру жұмыстарын күшейту, кәсіпкерлерді сүйемелдеу және бизнес-қоғамдастықтың қатысуымен апта сайынғы кездесулер өткізу көзделген.

Ашық нарыққа бастар жол: деректерді толықтырудан өнеркәсіптік пайдалануға дейін
Бүгінде жобаны іске асыру арқылы айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді: ТҰК ақпараттық жүйесінде қазірдің өзінде шамамен 18 миллион тауар картасы тіркелген. Оның қомақты бөлігін – 8 миллионға жуық тауар атауын Палатаның белсенді қолдауымен кәсіпкерлердің өздері енгізген. Жинақталған қор жүйені неғұрлым қатаң әрі ашық қағидаларға көшіруге мүмкіндік береді. Осылайша, 2026 жылдың 1 сәуірі маңызды кезең болмақ. Осы күннен бастап уақытша кодтар (XTIN) біржолата жойылып, базалық NTIN кодын пайдалану нарықтың барлық қатысушылары үшін заңнамалық міндетті талапқа айналады.
Каталогпен жұмысты қарапайым әрі түсінікті ету үшін оны әзірлеушілер санаттық топтардың ыңғайлы жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл тауарларды ерекшелігіне қарай ажыратуға мүмкіндік береді (мысалы, «қолдың қаймағы» немесе «қапталған картоп»). Тұтынушыларды қорғау мәселесіне де ерекше назар аударылуда: контрафактілік өніммен күресу мақсатында «көшірме» атауымен арнайы белгі енгізу тетігі қарастырылып жатыр. Қол жеткізу құқығын қатаң шектеу арқылы жүйедегі тәртіп қамтамасыз етілмек: енді тауар карталарындағы ақпаратты тек өндірушілер ғана өзгерте алады. Импорттаушылар үшін бұндай құқықты енгізу жұмыстары аяқталу сатысында.

Бүгінде «Атамекен» ҰКП, мемлекеттік органдар мен Қазақтелеком (ЦЭДО) бірлесіп халық тұтынатын тауарлардың басым 20 санаты бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл секторларда деректер жедел модерацияланып, олардың дұрыстығы тексеріліп жатыр. Бұл бизнеске жүйені 2026 жылы толық өнеркәсіптік пайдалануға қосуға барынша жеңіл әрі ауыртпалықсыз өткізуге мүмкіндік береді.
Еске сала кетсек, үшжақты меморандумға сәйкес, ТҰК-ты тәжірибелік-сынақтық мерзімде кезең-кезеңімен енгізу кестесі төмендегідей болады:
- 2026 жылдың 1 наурызына дейін – импорттаушылар мен отандық өндірушілердің тауар позицияларын цифрландыруды аяқтауы.
- 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін – ірі сауда желілерін жүйеге толық қосу және NTIN базалық кодтарын міндетті түрде қолдануға көшу.
- 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін – шағын және микробизнес субъектілері («үй жанындағы дүкендер») үшін бейімделу кезеңін аяқтау.
Бұл реттілік бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайта отырып, 2026 жылы жүйені толық өнеркәсіптік пайдалануға бірқалыпты көшіруді қамтамасыз етуге бағытталған.
