Қауіпті өндірістік объектілері бар кәсіпорындарда өндірістік бақылау қызметтері құрылуы тиіс
Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасы өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңес ұйымдастырды. Оны «Атамекен» ӨКП директорының орынбасары Мұрат Мұсатаев ашты.

Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мақсат Жұмабеков өнеркәсіптік кәсіпорындар өкілдеріне өндірістік бақылау қызметі (ӨБҚ) лауазымды тұлғаларының штаттық нормативін түсіндірді. Ол 2025 жылғы қазанда ТЖМ басшысымен бекітілген. Алайда осыған байланысты бизнес тарапынан көптеген сұрақтар түсуде. Аталған нормативке сәйкес, өндірістік бақылау қызметі – ұйым басшысына тікелей бағынатын дербес құрылымдық бөлімше. Ол қауіпті өндірістік объектідегі өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының орындалуын қадағалайды. ӨБҚ лауазымды тұлғалары ұйым басшысының бұйрығымен тағайындалады және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында бақылауды жүзеге асырады.
«Жаңа жылдан бастап қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланатын барлық ұйымдар үшін жаңа талап енгізілді: мұндай қызмет болуы тиіс. Ол “департамент” те, “басқарма” да емес – нақты “өндірістік бақылау қызметі” деп аталып, бірінші басшыға бағынуы қажет. Барлық өзгерістер енгізілді, дегенмен кәсіпкерлерден әлі де көптеген сұрақтар түсіп жатыр», – деп атап өтті Мақсат Жұмабеков.

Департамент бастығының орынбасары өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындар басшыларын бекітілген нормативтерге сәйкес өз ұйымдарында өндірістік бақылау қызметтерін құруға шақырды.
«Егер ұйымдарда тәуекел дәрежесіне және тозу үлесіне қарамастан 51 бірліктен кем қауіпті техникалық құрылғы болса, инженерлік-техникалық қызметкерлер қатарынан өндірістік бақылау қызметінің бір лауазымды тұлғасы қамтамасыз етілуі тиіс. Ал кәсіпорында 51-ден 500-ге дейін қауіпті техникалық құрылғы пайдаланылса, ӨБҚ құрамында екі лауазымды тұлға болуы қажет», – деп нақтылады ТЖД бастығының орынбасары.
Нормативтің бірқатар ережелері Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасындағы кеңесте кәсіпорын өкілдері арасында пікірталас тудырды. Оларға егжей-тегжейлі түсіндірмелер берілді.
