Экономика мамандығының студенттері «Акжелкен» жарнама агенттігі базасында көшпелі сабақтан өтті

26.02.2026
Экономика мамандығының студенттері «Акжелкен» жарнама агенттігі базасында көшпелі сабақтан өтті

Х.Досмұхаметов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Экономика кафедрасы Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы өкілдерімен бірлесіп, «Экономика» мамандығының 3-курс студенттері үшін көшпелі оқу-тәжірибелік сабақ ұйымдастырды.

Іс-шара «Акжелкен» жарнама агенттігінің өндірістік базасында «Өндірісті ұйымдастыру» пәні аясында өтті.

Сабақтың негізгі мақсаты – болашақ мамандардың теориялық білімдерін бекіту және тәжірибелік дағдыларын қалыптастыру.

Сапар барысында білім алушылар өндірістік үдерісті ұйымдастырудың нақты жағдайларымен, кәсіпорын қызметін жоспарлау және басқару ерекшеліктерімен, сондай-ақ жарнама қызметі саласының өзіндік қырларымен танысты.

Студенттер идеяны әзірлеуден бастап дайын өнімді шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді бақылауға, сондай-ақ еңбекті тиімді ұйымдастыру мен компания бөлімшелерінің өзара іс-қимылының маңызын бағалауға мүмкіндік алды.

Оқу-тәжірибелік сабақты ұйымдастырушылар – экономика кафедрасының сеньор-лекторы Айнұр Тәжіиденова және қауымдастырылған профессор Райхан Муғаина.

«Біз тұрақты түрде Кәсіпкерлер палатасымен жергілікті кадрлардың біліктілігін арттыру бағытында бірлескен жұмыс жүргізіп келеміз. Бұған дейін университетімізде бизнес өкілдерін шақыра отырып қонақ дәрістер өткізсек, биылғы жылдан бастап өндірістік нысандарға барып, тәжірибелік сабақтар ұйымдастыра бастадық. Бұл студенттердің мамандыққа деген қызығушылығы мен ынтасын арттырып, кәсіби деңгейін көтеруге ықпал етеді. Осы бағытта Кәсіпкерлер палатасымен бірлескен жоспарымыз бар, соған сәйкес алдағы уақытта да жұмыс жүргізетін боламыз», – деді Райхан Муғаина.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, тәжірибеге бағытталған оқыту формаларын енгізу жоғары оқу орны мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтып, түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.