Киосктерге жер керек: жер телімдерін рәсімдеу тетігі кәсіпкерлерге түсініксіз
Ақтөбеде азық-түлік өнімдерін өндіруші жергілікті кәсіпкерлер бейстационарлық сауда нысандарын орнату үшін жер телімдеріне құқық алу мәселесін көтерді. Тетіктердің айқын әрі түсінікті болмауы бизнестің өнімін өткізу аясын кеңейтуіне кедергі келтіріп отыр.
Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы алаңында Сауда және қызмет көрсету салалық кеңесі мен Құрылыс, ТКШ және энергетика салалық кеңесінің бірлескен отырысы өтті. Жиынға қала әкімдігінің кәсіпкерлік, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, ТКШ бөлімдерінің өкілдері, сондай-ақ «Агрофирма Тау», «Gazer», «Айс Плюс» ЖШС-лары қатысты.
Күн тәртібінде Ақтөбе қаласы аумағында киосктер мен павильондар орнату тәртібі, сондай-ақ оларды орналастыру үшін жер телімдеріне құқық алу мәселесі қаралды. Кәсіпкерлердің айтуынша, фирмалық сауда нүктелеріне сұраныс бар, алайда рәсімдеу тәртібі күрделі әрі қосымша пысықтауды қажет етеді.

Отырыс барысында қолданыстағы рәсімдер талқыланып, бизнес өкілдері өз ұсыныстарын білдірді, проблемалық тұстар аталды.
Кәсіпкерлерге нақты орналастыруға жоспарланған жер телімдерін көрсете отырып, ұсыныстар енгізу ұсынылды. Мемлекеттік органдар өкілдері барлық ұсыныстар сәулеттік келбет пен қала құрылысы талаптарын ескере отырып қаралатынын жеткізді.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға қолданыстағы заңнама аясында бейстационарлық сауда нысандарын орналастыру үшін жер телімдеріне құқық алу тетіктерін пысықтау ұсынылды.
