Қарағанды облысында мектеп формасы бойынша пилоттық жоба іске қосылады: басымдық – жергілікті өндірушілерге

26.02.2026
Қарағанды облысында мектеп формасы бойынша пилоттық жоба іске қосылады: басымдық – жергілікті өндірушілерге


Қарағанды облысында оқушыларды отандық өндірістегі мектеп формасымен қамтамасыз ету бойынша пилоттық жобаны іске қосу жоспарлануда. Бастама облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысовтың хаттамалық тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Мәселе Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Жеңіл өнеркәсіп кеңесінің отырысында қаралды.

Жоба жергілікті тауар өндірушілердің қатысуымен мектеп формасын өндіру, жеткізу және сапасын бақылаудың өңірлік тұрақты жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының Жеңіл өнеркәсіп кеңесінің төрағасы, «ЕСКО» ЖШС басшысы Андрей Шмариннің айтуынша, жоба білім басқармасының қолдауының арқасында жүзеге асып, практикалық кезеңге өтуде.

«Көп жылдан бері алғаш рет жергілікті өндірушілердің оқушыларды мектеп формасымен қамтамасыз етуге тікелей қатысуына мүмкіндік туып отыр. Біздің негізгі міндетіміз – тұрақты жүйе қалыптастырып, нақты нәтижеге қол жеткізу», – деп атап өтті Андрей Геннадьевич.

Пилоттық жоба облыстың қала-аудандарындағы 22 мектепте басталып, кейін кезең-кезеңімен кеңейтіледі.

«Пилоттық мектептер жобаны ауқымдандырудың негізі болады. Тиімді іске асқан жағдайда өңірдегі басқа да білім беру ұйымдары қосыла алады», – деді Андрей Шмарин.

Негізгі бағыттардың бірі – мектеп формасының базалық стандартын енгізу. Бұл ретте мектептердің өзіндік ерекшелігін сақтау басты қағидат болып қала береді.

«Стандарт сапаға, материалдарға және қауіпсіздік талаптарына қатысты қажет. Сонымен қатар әр мектеп өз логотипін, түс шешімдерін және жеке элементтерін сақтай алады», – деді Кеңес төрағасы.

Жоба аясында өндірушілерді нақты мектептерге бекіту, өлшем қатарын қалыптастыру, сондай-ақ мектеп формасын сатып алу, жеткізу және тарату жүйесін ұйымдастыру жоспарлануда.

Әлеуметтік бағытқа да ерекше назар аударылды. Жоба атаулы әлеуметтік көмек алатын балаларды мектеп формасымен қамтамасыз етуді көздейді.

Кеңес отырысына қатысушылардың пікірінше, бастаманы іске асыру жергілікті кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыруға, өңірлік өндірушілерді қолдауға және мектеп формасының ішкі нарығында тұрақты модель қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Пилоттық жоба сәтті іске асқан жағдайда оны Қарағанды облысының барлық аумағында кезең-кезеңімен кеңейту жоспарлануда.