Қызылорда облысы экономикалық әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктерін көрсетуде. «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаевтың жұмыс сапары
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев Қызылорда облысына іс-сапармен барып, өңірдің мемлекеттік органдары өкілдерімен, кәсіпкерлермен және жетекші кәсіпорын басшыларымен бірқатар кездесу өткізді.
Сапардың мақсаты – микро, шағын, орта және ірі бизнесті дамыту, инвестицияларды ынталандыру, цифрлық құралдарды енгізу және өңірдегі кәсіпкерлік бастамаларды қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыру мәселелерін талқылау.
ЖЭО-ға бару және облыс әкімімен кездесу


Сапардың алғашқы кезеңі жеке инвестор қаражаты есебінен салынған Қазақстандағы жаңа ЖЭО – «AKSA ENERGY QYZYLORDA» компаниясына барудан басталды. Станцияның өндірістік қуаты – сағатына 240 МВт электр энергиясын және 277 Гкал жылу энергиясы. Құрылыс кезеңінде 2 200 адам жұмыспен қамтылып, қазір 150 қызметкер еңбек етуде. Кәсіпорын KEGOC-тың «Солтүстік-Оңтүстік» энергия жүйесін электр қуатымен қамтамасыз етеді және ескі ЖЭО-ның қызмет көрсету аймағын жылумен жабдықтайды, бұған қоса оны әрі қарай кеңейту мүмкіндігі қарастырылған. Станцияның айналым капиталы 27 млрд теңгеден асады, ал 2025 жылы бюджетке 5,476 млрд теңге салық төленген.

Нысан жұмысымен танысқаннан кейін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен жұмыс кездесуі өтті. Кездесу барысында инвестициялық жобаларды жедел іске асыру, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және кәсіпкерлерді қолдаудың тиімді тетіктерін қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Қанат Шарлапаев өңірдің стратегиялық маңызын атап өтті:

«Қызылорда – тарихи астана ғана емес, экономикалық және кәсіпкерлік әлеуеті зор өңір. Бүгінде облыс индустриалды-аграрлық бағытта, әсіресе мұнай-газ, уран өндірісі және ауыл шаруашылығы салаларында тұрақты даму көрсетіп отыр. Біздің мақсатымыз – бизнесті жүйелі қолдау, жергілікті кәсіпорындардың өсуіне ашық әрі түсінікті жағдай жасау және инвестициялық ахуалды дамыту».

Басым бағыттардың бірі – ірі кәсіпорындардың сатып алуларында жергілікті тауар өндірушілер үлесін арттыру. «Атамекен» ҰКП әкімдікпен бірлесіп инвестициялық жобаларды іске қосу кезеңінен бастап экспортқа шығуына дейін сүйемелдейді.
Өңірлік кеңес мүшелерімен кездесу


Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес мүшелерімен жұмыс кездесуі Кеңес төрағасы Ерлан Раимовтың модераторлығымен өтті. Жиын барысында бизнесті дамыту, инвестициялық сүйемелдеу және цифрлық құралдарды енгізу мәселелері талқыланды.
Кәсіпкерлермен кеңейтілген кездесу

Кеңейтілген кездесуге бизнес өкілдері, салалық құрылымдар және облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты.
«Біз бизнеске арналған нақты бастамаларды қарастырып, өңірлік экономиканың даму мүмкіндіктері мен кәсіпкерлік бастамаларды қолдау тәсілдерін талқыладық. Ең бастысы – әрбір кәсіпкерлік бастама жұмыс орындарын ашып, еңбек өнімділігін арттыратын нақты жобаға айналуы үшін өсуге қажетті құралдарды ұсыну», – деп атап өтті Қанат Шарлапаев.
Ол Палатаның жүйелі жұмысы кәсіпкерлік бастамалар үшін ашық әрі айқын жағдай қалыптастыруға және бизнес пен мемлекеттік органдар арасында тиімді диалог орнатуға бағытталғанын атап өтті.

Өз кезегінде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ел ауқымды жаңғыру кезеңіне қадам басқанын айтып, құқықтық негіздердің нығаюы инвестициялық климатқа тікелей әсер ететінін жеткізді.
«Алдағы жаңа Конституция бойынша референдум – елдің орнықты дамуына берік негіз қалау үшін тарихи мүмкіндік. Құқықтық негіздерді нығайту инвестициялық ахуалға және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға тікелей әсер етеді», – деп атап өтті өңір басшысы.

Облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да назар аударды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілген. Соңғы үш жылда өңір экономикасына 2 трлн теңге көлемінде инвестиция тартылып, ірі инфрақұрылымдық және өндірістік жобалар іске асырылуда, ал кәсіпкерліктің өңір экономикасындағы үлесі 20,5 пайызға жеткен.

«Кәсіпкерлік – өңірдегі экономикалық белсенді халықтың үштен біріне жуығын құрайды. Осыған байланысты бизнес мүддесін қорғауда және қолайлы іскерлік орта қалыптастыруда шешуші рөл атқаратын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлескен жұмыс ерекше маңызға ие», – деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.

Кездесу аясында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы финалистерінің өнімдері таныстырылды. Кәсіпкерлер түйе сүтінен және жергілікті шөптерден жасалған сабын, бал өнімдері, жүннен жасалған бұйымдар, домбыра, ет және шұжық өнімдері, қызанақ, қарбыз тосабы, күріш ұнынан жасалған өнімдер мен аспаздық майды ұсынды. Қатысушылар өткізу нарықтарын кеңейту, жергілікті брендтерді ілгерілету және өндірістік процестерге инновациялық шешімдерді енгізу мәселелерін талқылады.
Өңірдің жетекші кәсіпорындарына сапар
Сапар барысында Атамекен басшысы Қызылорда облысының бірқатар жетекші кәсіпорнын аралады:
«Kyzylorda Refinery» ЖШС – жылына 100 мың тонна шикі мұнай өңдейтін, ішкі нарықты қамтамасыз етіп және мазутты экспортқа шығаратын кәсіпорын.

«Қызылорда-Нан» ЖШС – жылына 2 500 тоннаға дейін нан-тоқаш, макарон және кондитерлік өнімдер өндіретін, сондай-ақ ұн тарту комбинатын іске қосу жоспары бар кәсіпорын.


«Марал-Нұр» ЖШС – жолаушылар вагондарын жөндеу және техникалық қызмет көрсетуге арналған «Цифрлық депо» кешені, жылына 500 вагон жөндеп, 226 жұмыс орнын қамтамасыз етеді.

Төралқа Төрағасы ішкі инвесторларды қолдаудың маңыздылығын атап өтті:
«Бүгінде елге ішкі инвесторлар қажет. Біз кеңеюге және жаңғыртуға дайын жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар үшін инвестициялық жобалар пулын қалыптастырып, бизнес, даму институттары және мемлекеттік қолдау құралдары арасында жүйелі байланысты жолға қоямыз».

Қызылорда облысы Өңірлік кәсіпкерлер палатасының жұмысы
Қызылорда облысының Кәсіпкерлер палатасы – өңірдегі бизнес-ортаны дамытудағы негізгі серіктес. Пірмұхаммед Сыздықтың жетекшілігімен Палата 27 маманды біріктіріп, кәсіпкерлерге практикалық қолдау көрсетуге және жобаларды дамытуға көмектеседі.
Ерлан Раимовтың төрағалығымен жұмыс істейтін Өңірлік кеңес салалық және аудандық кәсіпкерлер кеңестері ұсынған 15 мүшеден тұрады. Өңір экономикасының ерекшеліктерін ескере отырып, жеті салалық кеңес құрылған: денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік кәсіпкерлік, агроөнеркәсіптік кешен, құрылыс, өнеркәсіп, сауда, туризм және қызмет көрсету, сондай-ақ әйелдер кәсіпкерлігі мәселелері жөніндегі салааралық кеңес.
Палата жергілікті атқарушы органдар жанындағы консультациялық-кеңесші органдардың жұмысына белсенді қатысып, бизнес мүддесін қорғайды. Осылайша, 2025 жылы кәсіпкерлерден бизнесті қорғау мәселелері бойынша 394 өтініш келіп түсті, олардың жартысына жуығы оң шешімін тапты. Нәтижесінде 1,5 млрд теңге көлеміндегі кәсіпкерлердің мүліктік құқығы қорғалды.
Өңірлік палата бизнесті қолдап қана қоймай, кәсіпкерлердің дамуына және өңір игілігі үшін жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндік беретін тұрақты әрі тиімді бизнес-ортаны қалыптастырады.
Іс-сапар қорытындысы
«Қызылорда облысының экономикалық, өндірістік және кәсіпкерлік әлеуеті зор. Біздің міндетіміз – бизнесті жүйелі қолдап, ашық әрі түсінікті ережелер қалыптастыру және кәсіпкерлерге өсу құралдарын беру», – деп қорытындылады Қанат Шарлапаев.
Төрағаның іс-сапары «Атамекен» ҰКП-ның өңір бизнесімен өзара іс-қимылды нығайтуға және облыс экономикасының тұрақты дамуына бағытталған жобаларды сүйемелдеуге дайын екенін көрсетті.