Қарағанды облысында отандық өнімді ілгерілету жөніндегі Меморандумға қол қойылды

27.02.2026
Қарағанды облысында отандық өнімді ілгерілету жөніндегі Меморандумға қол қойылды

Қарағанды қаласында сауда саласындағы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжатқа сауда желілері, Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы, Қарағанды облысының әкімдігі және ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Қарағанды облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті қол қойды.

Меморандум отандық өндірісті дамытуға, өндірушілердің сауда желілеріне қолжетімділігін қамтамасыз етуге, қазақстандық тауарлардың ассортиментін кеңейтуге және сауда қызметін реттеу саласындағы заңнаманың сақталуына бағытталған.

Кездесуді ашқан Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов отандық өнімді сауда желілеріне енгізу мәселесі кәсіпкерлер тарапынан жиі көтерілетінін атап өтті.

«Бізге сауда желілеріндегі үлесін кеңейтуді қалайтын өндірушілер тұрақты түрде жүгінеді. Палата мұндай өтініштерді сүйемелдеп, ұсыныстарға алдын ала талдау жүргізеді, келіссөз алаңдарын ұйымдастырады. Бүгінгі Меморандум – бизнес пен сауда желілері арасындағы өзара іс-қимылды ашық әрі түсінікті форматта жолға қоюға мүмкіндік беретін нақты тетік», – деді Ернар Дауылұлы.

Өңірдегі сауда нысандарында отандық өнімнің ұсынылу деңгейіне талдауды Департамент басшысы Абзал Рахымбаев таныстырды. Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес сауда орындарында азық-түлік және азық-түлік емес отандық тауарлардың үлесі кемінде 30 пайызды құрауы тиіс және олар «Қазақстанда жасалған» деген арнайы белгімен, тұтынушының көз деңгейінде орналастырылуы қажет.

«Қарағанды қаласындағы ірі сауда желілерінде жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша отандық азық-түлік тауарларының ең төменгі үлесі бойынша талаптар жалпы сақталған. Сонымен қатар импорт үлесі басым жекелеген тауар санаттарында қазақстандық өнімнің үлесін арттыру әлеуеті бар», – деді Абзал Жұпарұлы.

Құжатқа сәйкес, сауда желілері отандық өнімді сауда алаңдарына ашық әрі кемсітусіз шарттармен орналастыруға, бонустар мен маркетингтік төлемдерді заңнама талаптарына сәйкес қолдануға, сондай-ақ «Сделано в Казахстане»/«Қазақстанда жасалған» таңбасымен визуалды ілгерілетуге міндеттенеді.

Өз кезегінде «Атамекен» палатасы өндірушілер мен дистрибьюторлардың ұсыныстарын жинап, талдау жасап, оларды сауда желілері мен Департаментке жолдайды әрі консультациялық қолдау көрсетеді. Облыс әкімдігі өндірістерді дамыту мен жаңғыртуға жәрдемдессе, Департамент заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.