Өнеркәсіптік қауіпсіздік жаңа құқықтық форматта: бизнес үшін не өзгерді

27.02.2026
Өнеркәсіптік қауіпсіздік жаңа құқықтық форматта: бизнес үшін не өзгерді

Қазақстанда өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында ауқымды өзгерістер орын алды. Бұған дейін тексерулер тәртібі Кәсіпкерлік кодекс нормаларымен реттелсе, енді бақылау және қадағалау толықтай Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» Заңының құқықтық алаңына көшірілді.

Бұл өзгерістердің іс жүзінде қалай жүзеге асатыны жөнінде Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлеріне Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының алаңында түсіндірілді. Кездесуге ҚР ТЖМ Шығыс Қазақстан облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері қатысты.

ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Ринат Имашев ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымдық реформасына кеңінен тоқталды.

2025 жылғы қаңтардан бастап Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің аумақтық департаменттері өңірлік Төтенше жағдайлар департаменттеріне қосылды. Қайта ұйымдастыру 2024 жылғы 14 қазандағы № 847 Үкімет қаулысының негізінде жүргізілді.

«Нақты айтқанда, функциялар біріктірілді: енді бір орган ТЖМ-нің дәстүрлі бағыттарына – өрт қауіпсіздігіне, азаматтық қорғанысқа, төтенше жағдайларды жоюға, сондай-ақ қауіпті өндірістік объектілердің өнеркәсіптік қауіпсіздігіне жауап береді», – деп түсіндірді Ринат Имашев.

Спикердің айтуынша, реформаның мақсаты – өкілеттіктердің қайталануын жою және техногендік тәуекелдерді басқарудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру. Бұл шешім қабылдау жеделдігін арттырып, бүкіл ел бойынша бақылаудың бірыңғай стандарттарын қамтамасыз етуі тиіс.

ШҚО ТЖД Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының салааралық бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Вадим Бежко 2025 жылғы 24 маусымдағы ҚР Заңымен енгізілген өзгерістерді, атап айтқанда «Азаматтық қорғау туралы» Заңның 39-бабы және кейінгі нормаларын түсіндірді.

Ерекше назар тәуекелге бағдарланған тәсілге аударылды. Тексеру жиілігі тәуекел санатына тікелей байланысты: жоғары тәуекел дәрежесіне жататын объектілер – жылына бір реттен жиі емес; қалғандары – үш жылда бір реттен жиі емес (жоспардан тыс тексерулерді қоспағанда).

Кездесуде Заңның 39-1-бабына – жедел ықпал ету шараларына ерекше мән берілді.

«Енді инспектор адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін бұзушылықтар анықталған жағдайда қызметті тоқтата тұру немесе тыйым салу туралы акт шығаруға құқылы. Қажет болған жағдайда объект мөрленуі мүмкін», – деп атап өтті Вадим Бежко.

Мұндай шаралардың негіздері 2025 жылғы 7 қазандағы № 443 ТЖМ министрінің жеке бұйрығымен бекітілген. Құжатта қызметті тоқтата тұруға әкеп соғатын 518 бұзушылық тармағы қамтылған.

Сонымен қатар бизнес мынадай құқықтарын сақтайды:

– инспектордың әрекеттеріне шағымдану;

– тексеру процесін аудио және бейнежазбаға түсіру;

– рәсімнің өрескел бұзылуы кезінде тексерушілерді жібермеу;

– бұзушылықтарды жою мерзімін ұзарту туралы өтініш беру (объективті негіздер болған жағдайда бір жылға дейін).

Маңызды жайт - шағым беру қызметке тыйым салу туралы актінің орындалуын тоқтатпайды.

Кездесуде кәсіпкерлерді ең алдымен практикалық мәселе толғандырды: бақылау қатаңдай ма?

ТЖД өкілдері реформаның мақсаты қысымды күшейту емес, бақылауды жүйелеу және алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыру екенін атап өтті.

Рәсім өрескел бұзылған жағдайда тексеру жарамсыз деп танылуы мүмкін.

Кездесу қатысушылары өнеркәсіптік қауіпсіздік формалдылық емес, қызметкерлердің өмірін сақтау мен бизнестің тұрақтылығы мәселесі екенін атап өтті.

Спикерлер Кәсіпкерлік кодекс шеңберінен азаматтық қорғау туралы заңнамаға көшу бақылау философиясын өзгертетінін айтты: басты назар тек нормалардың сақталуын тексеруге ғана емес, апаттардың алдын алуға, тәуекелдерді жүйелі бағалауға және төтенше жағдайларға дайындыққа аударылады.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Сәкен Абдуллин қадағалау органы мен бизнес арасындағы диалогтың маңыздылығын атап өтті. Мұндай түсіндіру кездесулері белгісіздік деңгейін төмендетіп, жаңа талаптарға алдын ала бейімделуге мүмкіндік береді.