Балық шаруашылығына арналған заманауи инженерлік шешімдер таныстырылды
Бүгін, Түркістанда балық шаруашылығы саласының кәсіпкерлеріне арналған маңызды кездесу өтті. Іс-шараға Қытайдың жетекші инженерлік материалдар өндірушілерінің бірі – Taian Nuolian Engineering Materials Co., Ltd компаниясының өкілдері арнайы қатысып, заманауи технологиялық шешімдерін таныстырды.
Кездесу барысында құрылыс, ауыл шаруашылығы және балық шаруашылығында кеңінен қолданылатын геомембраналар мен инновациялық инженерлік материалдардың артықшылықтары жан-жақты талқыланды. Әсіресе балық шаруашылығына арналған бассейндер мен тоғандарды салу, су инфрақұрылымын тиімді ұйымдастыру, гидротехникалық нысандардың сапасын арттыру бағытындағы нақты шешімдер кәсіпкерлердің үлкен қызығушылығын тудырды.
Сарапшылар геомембраналарды қолданудың нәтижесінде:
• су шығынын едәуір азайтуға;
• нысандардың қызмет ету мерзімін ұзартуға;
• күтім және жөндеу шығындарын оңтайландыруға;
• балық өсіру процесінің санитарлық-гигиеналық талаптарын жақсартуға мүмкіндік бар екенін атап өтті.
Кездесу барысында қатысушылар тәжірибе алмасып, өзекті сұрақтарын қойып, өңірдегі балық шаруашылығын дамыту перспективасын талқылады. Ашық диалог форматында өткен жиын жаңа серіктестік байланыстар орнатуға және озық технологияларды өңірге енгізуге тың серпін берді.
Аталған іс-шара – Түркістан облысында балық шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты қадамдардың бірі болды.






