Түркістанда отандық өндірушілерді қолдау шаралары күшейтілуде

27.02.2026
Түркістанда отандық өндірушілерді қолдау шаралары күшейтілуде

Бүгін Түркістанда сауда саласындағы өзара ынтымақтастықты дамыту және отандық өндірушілерді қолдау мәселелеріне арналған маңызды іс-шара өтті.

Іс-шара барысында Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасының директор орынбасары Ербол Әуелбеков жиынның маңыздылығына тоқталды. Ол өңірдегі сауда саласын жүйелі дамыту, жергілікті өндірушілердің өнімдерін сауда сөрелеріне кеңінен шығару және бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

«Біздің басты мақсатымыз – жергілікті өндірушілердің өнімдерін сауда сөрелеріне кеңінен шығару арқылы отандық тауарлардың үлесін арттыру. Бұл бағытта бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту аса маңызды. Бірлескен жұмыс қана нақты нәтижеге жеткізеді», – деді ол.

Изображение

 

Жиында үшжақты меморандум жобасы талқыланып, өңірдегі сауда жүйесін дамыту, жергілікті тауар өндірушілерді қолдау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету бағыттары қарастырылды.

Сауда субъектілеріне қойылатын заң талаптары туралы Түркістан облысы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Асқар Әшімханов түсіндірді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі кездесулерде қазақстандық өндірісті дамыту қажеттігін ерекше атап келеді.

Баяндамашы Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 31-бабына сәйкес ішкі сауда субъектілері қазақстандық тауарларды тұтынушылар үшін көзге көрінетін әрі қолжетімді орындарға орналастыруға міндетті екенін түсіндірді.

Изображение

 

Сонымен қатар, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің 2015 жылғы 27 наурыздағы №264 бұйрығымен бекітілген ішкі сауда қағидаларына 2025 жылғы 29 шілдеде енгізілген өзгерістер 2025 жылғы 12 тамыздан бастап күшіне енгені айтылды. Аталған өзгерістерге сәйкес:

• сауда алаңы мен сөре кеңістігінің кемінде 30 пайызы отандық азық-түлік және азық-түлік емес тауарларымен толтырылуы тиіс;

• қазақстандық тауарлар арнайы «Қазақстанда жасалған» деген жазумен белгіленіп, көз деңгейінде және қолжетімді орындарға орналастырылуы қажет;

• тиісті көлемде отандық өнім болмаған жағдайда ғана қалған сөрелер өзге тауарлармен толықтырылады.

Іс-шараға мемлекеттік органдар өкілдері, «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қатысушылары, өңірлік кәсіпкерлер, сауда нысандарының басшылары мен дистрибьюторлар қатысты. Қатысушылар өзара пікір алмасып, ұсыныстарын білдірді.

Жиын қорытындысы бойынша тараптар отандық тауарлардың сауда сөрелеріндегі үлесін арттыру, заң талаптарын сақтау және өңірдегі бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы әріптестікті нығайту бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

Изображение