Техникалық және кәсіптік білім беруді қаржыландыруды ұлғайту: белгіленген мерзімдер өтті
Шығыс Қазақстан облысының жекеменшік колледждері техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) жүйесіндегі жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру көлемін ұлғайту мәселесін көтерді. Оқу орындарының өкілдері бұл жөнінде ШҚО Кәсіпкерлер палатасының алаңында мәлімдеп, мәселені республикалық деңгейде шешуге қолдау көрсетуді сұрады.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Білім беруді дамыту жөніндегі кеңесінің төрағасы Ерсаин Набиевтің айтуынша, бүгінде колледждердегі жан басына шаққандағы орташа қаржыландыру көлемі бір студентке жылына шамамен 430 мың теңгені құрайды. Салыстырмалы түрде алғанда, балабақшаларда бұл көрсеткіш 700 мың теңгеге дейін жетеді, мектептерде – 800 мың теңгеден асады, ал жоғары оқу орындарында бір білім алушыға 1 миллион теңгеден артық қаржы бөлінеді.
Колледж басшыларының айтуынша, мұндай айырмашылық техникалық және кәсіптік білім беру ерекшеліктерін ескергенде айқын сезіледі.
Колледждердегі білім беру процесі зертханалық және өндірістік жабдықтарды тұрақты жаңартуды, тәжірибелік оқытуға арналған шығыс материалдарын сатып алуды, шеберханаларды жаңғыртуды талап етеді. Жұмысшы мамандарды даярлау нақты экономика секторымен және өндірістің технологиялық талаптарымен тікелей байланысты.
Ең өзекті мәселелердің бірі – педагогтердің еңбекақы деңгейі. ТжКБ жүйесіндегі төмен жалақы кадрлардың тұрақты түрде кетуіне әкелді: оқытушылар мектептерге ауысады немесе өндірістік секторға кетуде.
Тұрақты қаржыландыру болмаған жағдайда колледждер өндірістік оқыту шеберлері мен арнайы пәндер оқытушыларының тапшылығына тап болу қаупі бар. Дәл осы мамандар болашақ жұмысшылар мен техниктердің практикалық дағдыларын қалыптастырады.
«2025 жылдың басында ҚР Оқу-ағарту министрлігі 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап жан басына шаққандағы орташа нормативтік қаржыландыру көлемі бір студентке 912 мың теңгеге дейін өсетінін жариялады. Алайда көрсетілген мерзімде өсім болған жоқ. Кейін мерзім 2026 жылғы 1 қаңтарға ауыстырылды, бірақ бұл күні де қаржыландыру іс жүзінде артқан жоқ», – деп мәлімдеді колледж директорлары.
Сонымен қатар, аталған өсім Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдап, Президент қол қойған «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңында көзделген.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Асет Адылхан қаржыландыру мәселесінің жүйелі сипатқа ие екенін атап өтті.
«Білім беру саласы – ең алдымен әлеуметтік сала. Колледждердің алдында білікті кадрлар даярлау, жастарды жұмыспен қамту, адами капиталды дамыту сияқты жоғары міндеттер тұр. Шығыс Қазақстан облысының жекеменшік колледждері бұл міндеттерді лайықты орындап келеді», – деді ол.
Сонымен бірге, Асет Адылханның айтуынша, салада қос стандарттар байқалады.
«Білім сапасы, стандарттарды сақтау, оқытушылардың біліктілігіне қойылатын талаптар, материалдық-техникалық база туралы сөз болғанда, талаптар мемлекеттік те, жекеменшік те ұйымдарға бірдей қойылады. Ал қаржы мәселесіне келгенде жекеменшік колледждер жеткілікті деңгейде қаржыландырылмай отыр. Бұл кәсіпкерлер қауымдастығында заңды сұрақтар туындатады», – деп атап өтті Асет Адылхан.
ШҚО жекеменшік колледждері мемлекеттік және жекеменшік колледждер үшін бірыңғай сапалы білім беру кеңістігін қалыптастыру мақсатында жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруды ұлғайту бөлігінде «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң нормаларының ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан орындалуын қамтамасыз етуге өңірлік Кәсіпкерлер палатасынан қолдау көрсетуді сұрайды.