Тауарлардың шығу тегін растаудың жаңа қағидалары: бизнеске 2026 жылдың негізгі өзгерістері туралы түсіндірілді

02.03.2026
Тауарлардың шығу тегін растаудың жаңа қағидалары: бизнеске 2026 жылдың негізгі өзгерістері туралы түсіндірілді

Жақында KPMG Кавказ және Орталық Азия компаниясы Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Тауарлардың шығу тегін растаудың жаңа тәсілдері» тақырыбында семинар өткізді.

Іс-шараға мемлекеттік органдар, сарапшылар қоғамдастығы және бизнес өкілдері қатысты.

Семинар жұмысына ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің, «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС өкілдері, сондай-ақ ұйымдастырушылар – KPMG және ҚР ҰКП «Атамекен» сарапшылары қатысты.

Ұлттық палатадан Кедендік әкімшілендіру және тауарлардың шығу тегін сертификаттау департаменттерінің өкілдері қатысқан.

Баяндамалар барысында 2026 жыл сауда қызметін реттеуде елеулі өзгерістермен ерекшеленетіні атап өтілді. Оның ішінде тауарлардың шығу тегін растау тәсілдерінің трансформациясына ерекше назар аударылды. Негізгі басымдықтар:

- процестерді цифрландыру;

- Тауарлардың ұлтық каталогын енгізу;

- бизнес-процестерді жаңа талаптарға бейімдеу қажеттілігі.

Семинар модераторы – «Атамекен» ҰКП Тауарлардың шығу тегін сертификаттау департаментінің директоры, басқарушы директор Айнұр Күзембаева тауарлардың шығу тегін растау жүйесін жетілдірудің отандық бизнесті қолдаудағы стратегиялық маңызын атап өтті.

Талқылау барысында мынадай негізгі мәселелер қарастырылды:

- қазақстандық тауар өндіруші мәртебесі;

- мемлекеттік органдар мен ҰКП бірлескен жұмысы аясында ҚТӨ тізілімін дамыту;

- экспорттық шығу тегі сертификаттары (оның ішінде СТ-KZ нысаны) және оларды алу тәртібі;

- тауарлардың шығу тегіне сараптама жүргізу бөлігіндегі заңнамалық өзгерістер;

- жүйені одан әрі жетілдіру мүмкіндіктері.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің өкілі Қазбек Нұрбек тауарлардың шыққан елін айқындаудың құқықтық негіздеріне тоқталып, 1973 жылдың 18 мамырында Киото қаласында Дүниежүзілік кеден ұйымының бастамасымен қабылданған Кедендік рәсімдерді жеңілдету және үйлестіру жөніндегі халықаралық конвенцияның негізгі қағидаттарын түсіндірді.

Қатысушыларға шығу тегі сертификаттарының мақсаты мен қолданылу мерзімдері, сертификат түрлері және олардың қолданылу салалары, тауардың шығу тегін анықтау критерийлері егжей-тегжейлі түсіндірілді.

«Атамекен» Ұлттық палатасының сарапшысы тауарлардың шығу тегі түрлеріне, сондай-ақ оларды рәсімдеу және алу тәртібіне қатысты практикалық құралдарға ерекше назар аударды:

экспорттық сертификаттар (СТ-1, СТ-2, СТ-3, EAV, A, Original);

СТ-KZ сертификаты;

тауардың шығу тегіне сараптама актісі;

REX жүйесі.

«Атамекен» ҰКП деректеріне сәйкес, 2025 жылы 3 170-тен астам экспорттаушы экспорттық сертификат алған, ал рәсімделген сертификаттардың жалпы саны 117 718 болды.

Экспорт құрылымында ең үлкен үлеске келесі салалар ие болды:

35,3% – тамақ өнеркәсібі;

21,2% – металлургия;

16,5% – ауыл шаруашылығы;

10,2% – химия өнеркәсібі;

8,5% – құрылыс материалдары.

Семинардың жеке бөлімі Тауарлардың ұллтық каталогын дамытуға арналды. «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС бас директоры Бикеш Құрманғалиева тауарлардың ұлттық каталогына қатысты өзекті мәселелерге тоқталды.

Бүгінде каталогқа 18 487 737 тауар енгізілген, ал пайдаланушылар саны 30 882-ге жеткен.

Каталогты енгізу деректердің шашыраңқылығын жоюға, қателер санын азайтуға, сауда мен логистикада тауар атауларын біріздендіруге бағытталған.

Семинар бизнес пен мемлекеттік және уәкілетті органдар арасындағы тікелей диалог үшін тиімді алаң болды.

«Атамекен» ҰКП өкілдері талқыланған өзгерістер мен практикалық ұсынымдар кәсіпкерлерге жаңа талаптарға бейімделуге, процестердің ашықтығын арттыруға және сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыру кезінде реттеушілік тәуекелдерді азайтуға көмектесетініне сенім білдірді.

Барлық қатысушыларға белсенділік пен кәсіби диалог үшін алғыс білдіреміз.