Түркістанда Өңдеу өнеркәсібіның салалық кеңес отырысы өтті
Бүгін Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасында өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау мәселелеріне арналған ақпараттық семинар өтті. Жиынға өңір кәсіпкерлері, сала мамандары мен жауапты мемлекеттік орган өкілдері қатысты.
Семинарды Палатаның шағын кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі директор орынбасары Ербол Ауелбеков жүргізді. Ол өз сөзінде мұндай кездесулердің маңызына тоқталып, кәсіпкерлер мен бақылаушы органдар арасындағы ашық диалогтың қажет екенін атап өтті.
«Өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі – кез келген кәсіпорынның негізі. Заң талаптарын білу және орындау тек тексеруден қорғану құралы емес, бұл – адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау және бизнестің тұрақтылығын қамтамасыз ету. Біздің мақсат – кәсіпкерлерге түсіндіру жүргізу, қолдау көрсету және қауіпсіз орта қалыптастыру», – деді Ербол Ауелбеков.

Жиын барысында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ақылбай Акимниязов өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың негізгі бағыттарын баяндады. Ол облыс аумағындағы қауіпті өндірістік объектілердің қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету, өндірістік апаттардың алдын алу және зиянды факторлардың жұмыскерлер мен тұрғындарға әсерін болдырмау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Өз кезегінде Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы басшысы Байбек Курманбеков «Азаматтық қорғау туралы» заңның 39-6-бабына сәйкес кәсіпкерлердің құқықтары мен міндеттерін нақтылап өтті. Ол тексеру барысында кәсіпкерлердің заңмен қорғалатын құқықтары бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, заң талаптары бұзылған жағдайда тексеруге жол бермеу, артық құжат талап етілсе ұсынбау, лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне шағым жасау және тексеру процесін техникалық құралдармен тіркеу мүмкіндігі қарастырылған.

Сондай-ақ, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы тексерулер енді қауіп-қатер дәрежесіне қарай жүргізілетіні түсіндірілді. Жоғары қауіп-қатер санатына жататын субъектілер жылына бір реттен жиі тексерілмейді, ал өзге субъектілер үш жылда бір реттен артық тексерілмейді. Жоспардан тыс тексерулер тек нақты қауіп туындаған жағдайда ғана кәсіпкерге алдын ала ескертусіз жүргізілуі мүмкін. Ал жоспарлы тексерулер туралы хабарлама кемінде бір жұмыс күні бұрын беріледі.
Заңның 16-бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес қауіпті өндірістік объектілері бар ұйымдардың міндеттері де нақтыланды. Атап айтқанда, объектінің қауіптілік деңгейі туралы уәкілетті органға хабарлау, техникалық қайта жарақтандыру жоспарларын уақытылы орындау, кәсіби авариялық-құтқару қызметін құру немесе тиісті ұйымдармен шарт жасасу, сондай-ақ қауіпті техникалық құрылғыларды пайдалануға беру кезінде мемлекеттік инспектордың қатысуымен техникалық куәландыру жүргізу талаптары белгіленген.
Семинар барысында кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау – тұрақты әрі жауапты кәсіпкерліктің басты шарты екені атап өтілді. Қатысушылар мұндай кездесулердің кәсіпкер мен мемлекеттік орган арасындағы өзара түсіністікті арттырып, қауіпсіз және заңға сәйкес жұмыс жасауға ықпал ететінін атап өтті.