Өндірісті қалай кеңейтуге болады және қосылған құны жоғары өнімді экспортқа қалай шығару керек?
Бизнес өкілдері бұл сұрақтарға Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен Өнеркәсіп және АӨК мәселелері жөніндегі салааралық кеңес аясында жауап алды. Жиынға «Атамекен» ҚР ҰКП Сауда департаментінің, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, «Экспорттық-кредиттік агенттік (ECA)» АҚ және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ өкілдері қатысты.
Басты мақсат — сыртқы өткізу нарықтарына шығу кезіндегі бизнестің түйткілді мәселелерін анықтау, мемлекеттік қолдау мүмкіндіктерін түсіндіру және қазақстандық кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін арттыруға көмектесу.
«Атамекен» ҚР ҰКП Сауда департаментінің басқарушы директоры Асқар Есенғазиев бүгінгі таңда бизнесті қолдау — ел экономикасын жүйелі әртараптандыруға қосылған үлес екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы қойған міндет өте айқын: шикізатқа тәуелділікті азайту және экспортқа бағытталған өндірістерді дамыту. Біздің жұмысымыз — тек мүмкіндіктерді түсіндіру ғана емес, сонымен қатар бейінді мемлекеттік органдардың көмегімен және заңнаманы жетілдіру арқылы шешілетін бизнестің түйткілді мәселелерін қалыптастыру, — деді ол.
Қостанай облысы көшпелі кездесулер графигіндегі негізгі нүктелердің біріне айналды. Диалогқа қатысушылар арасында тәжірибелі экспорттаушылармен қатар, өз қуаттылығын арттыруға дайын шағын және орта бизнес өкілдері де болды.
Негізгі тақырыптардың бірі кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың қолжетімді шараларымен таныстыру болды. Бүгінде олардың тізбесі кез келген ауқымдағы бизнеске арналған 190-ға жуық түрлі құралды қамтиды.
Асқар Есенғазиев олардың ішіндегі ең танымал әрі тиімді 5 қаржылық құралды атап көрсетті:
Микробизнес үшін: «Бір ауыл – бір өнім» жобасы (5 млн теңгеге дейін).
Ауыл кәсіпкерлері үшін: «Ауыл аманаты» бағдарламасы (28 млн теңгеге дейін).
Өңірлерді дамыту үшін: «Іскер аймақ» бағдарламасы (200 млн теңгеге дейін).
Микро, шағын және орта бизнесті дамыту және кеңейту үшін:
«Өрлеу» бағдарламасы (инвестициялар — 7 млрд теңгеге дейін; айналым қаражатын толықтыруға — 3,5 млрд теңгеге дейін).
Ірі өндіріс үшін: Қаржы институттарынан, соның ішінде Қазақстанның Даму Банкінен жеңілдікпен қаржыландыру (1 млрд теңгеден бастап).
Кездесуде экспорттаушылар өнімді сыртқа шығару кезінде кездесетін нақты жағдайларын (кейстерін) ортаға салды.
Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ренат Давлетпаев өңірлік бизнес үшін мұндай тікелей байланыстардың маңыздылығын атап өтті. Іс-шара Қостанай облысының экспорттық әлеуетін нығайтудың маңызды алаңына айналды.