Астананың өнеркәсіптік секторы: қаржыландырудың жаңа шектері, субсидиялау тетіктері, еңбек өнімділігі және қауіпсіздік талаптары
Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында ««Өнеркәсіп, дамыту және ОТӨ қолдау» салалық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға мемлекеттік органдардың, даму институттарының және кәсіпкерлік қауымдастықтың өкілдері қатысып, өнеркәсіп саласын қолдаудың қолданыстағы тетіктерін, жаңа қаржылық құралдарды және өндірістегі қауіпсіздік талаптарын жан-жақты талқылады.
Отырыс елордалық Кәсіпкерлер палатасының, Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының, «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының өкілдері, сондай-ақ бизнес қауымдастық өкілдері қатысты.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Астана қаласы бойынша өңірлік филиалының директоры Светлана Назарюк шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа мүмкіндіктерін таныстырып, «Өрлеу» бағдарламасының шарттарына кеңінен тоқталды. Бағдарламаға микро, шағын және орта жеке кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Инвестициялық мақсаттарға берілетін несие көлемі 7 млрд теңгеге дейін, ал айналым қаражатын толықтыруға 3,5 млрд теңгеге дейін қарастырылған. 2025 жылғы 1 қаңтардан кейін рәсімделген қарыздар бойынша қайта қаржыландыруға немесе қаржыландыру көзін алмастыруға мүмкіндік бар.

Сыйақының номиналды мөлшерлемесі жылдық 12,6 пайыздан аспайды. Инвестициялық жобалар үшін кредиттеу мерзімі 120 айға дейін, ал айналым қаражатын толықтыруға 36 айға дейін белгіленген. Қайта қаржыландыру кезінде мерзім бұрынғы берешектің қалдық мерзімінен аспайды. Негізгі борыш бойынша жеңілдікті кезең 24 айға дейін ұсынылады. Екінші деңгейлі банктердің қарызды ұйымдастыру үшін алатын комиссиясы қарыз немесе кредиттік желі сомасының 0,5 пайызынан аспайды.
Жиында ауылдық аумақтар мен шағын қалаларда шағын бизнесті дамытуға бағытталған «Іскер аймақ» бағдарламасы да таныстырылды. Бағдарлама жергілікті өндірісті дамытуға, шикізатты қайта өңдеуді кеңейтуге, соның ішінде былғары, сүт, ет, қолөнер және өзге де ОСОП бағыттарын ілгерілетуге, сондай-ақ шикізаттық емес жұмыспен қамтуды арттыруға бағытталған. Сонымен қатар JICA-ның «Бір ауыл – бір өнім» моделі негізінде өңірлік мамандану тетіктерін енгізу көзделіп отыр. Қатысушыларға лимиттердің екі деңгейлі жүйесі, субсидиялау шарттары, бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтижелер және өтінімдерді қарау тәртібі түсіндірілді.

«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Дархан Жұмаділов еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын таныстырды. Негізгі бағыттардың қатарында қызметкерлердің құзыреттерін арттыру, өндірісті ұйымдастыруды жетілдіру, технологиялық үдерістерді оңтайландыру және цифрлық технологияларды енгізу мәселелері атап өтілді. Сонымен бірге отандық тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілету тетіктеріне, сондай-ақ әлеуетті өтінім берушілерге қойылатын талаптарға ерекше назар аударылды.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның бас менеджері Әлібек Ормышев өңдеуші өнеркәсіп пен инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру бағдарламасы туралы баяндады. Ол көлік саласын жеңілдетілген қаржыландыру шарттарын, жобаларды қарау барысында қордың бизнес-процестер кезеңдерін және негізгі талаптарды тарқатып түсіндірді.
Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мәселелері Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Өміржан Тукушевтің баяндамасында кеңінен қозғалды. Ол өндірістік нысандардағы өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптарын түсіндірді.

Отырыс қорытындысында салалық кеңестің 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Сондай-ақ бизнес субъектілерін КТП тізіліміне енгізу барысында туындайтын өзекті мәселелерді жүйелеу және оларды шешу жолдарын қарастыру қажеттігі атап өтілді.