Құрылыс саласы күн тәртібінде: «Атамекен» ҰКП алаңында реформалар, өзекті мәселелер және 2026 жылға арналған жоспар талқыланды

04.03.2026
Құрылыс саласы күн тәртібінде: «Атамекен» ҰКП алаңында реформалар, өзекті мәселелер және 2026 жылға арналған жоспар талқыланды

ҚР «Атамекен» ҰКП-да Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің отырысы өтті. Жиынға Ұлттық палата басшысы Қанат Шарлапаев қатысты.

Отырыс барысында Комитеттің қызметі мен ағымдағы жұмысы, құрылыс саласындағы өзекті мәселелер қаралды. Сондай-ақ комитет мүшелерінің Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексіне қатысты ұсыныстары мен ескертулері талқыланып, Комитеттің 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Талқылаудың негізгі тақырыптарының қатарында нормативтік реттеу, мемлекеттік сатып алулар, жобаларды сараптау, кадр тапшылығы және саладағы өзін-өзі реттеу институтын дамыту мәселелері болды.

Изображение

«Қазақстан жобалаушылар республикалық одағы» ЗТБ төрайымы Мюаш Бисарова жобалау-іздестіру жұмыстары саласындағы жағдайға тоқталып, жобалау ұйымдарының тұрақтылығына әсер ететін жүйелі қиындықтарды атап өтті.

«Бүгінде конкурстар өткізу кезінде жобалау-іздестіру жұмыстарының құны қолданыстағы нормативтер мен баға жинақтарын толық ескермей қалыптасады. Соның салдарынан жасанды демпинг пайда болып, жобалау сапасы төмендейді. Егер құнды есептеу бекітілген баға белгілеу құжаттарына сәйкес келмесе, мұндай конкурстар өтпеді деп танылуы керек», – деді Мюаш Бисарова.

Ол сондай-ақ Құрылыс кодексінің нормаларын іске асыру, заңға тәуелді актілерді әзірлеуге қатысу, міндетті мүшелігі бар өзін-өзі реттейтін ұйымдар моделіне көшу және сертификаттау орталығын құру бағыттарын басым міндеттер екенін атады.

Изображение

«Қазақстан құрылысшылар одағы» РЗТБ төрағасы Талғат Ерғалиев еліміздің 20 өңірінен түскен ұсыныстарды жеткізді. Олар мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі жауапкершілікті қайта бөлуге, құрылыс материалдарын тасымалдаудағы маусымдық шектеулерді реттеуге, реновация тетіктерін жетілдіруге, кадр мәселесін шешуге және қолданылатын материалдардың сапасын арттыруға қатысты.

«Қазіргі кезде мемлекеттік тапсырыс жүйесінде негізгі жүктеме мен тәуекел бас мердігерге түседі, ал тапсырыс берушінің жауапкершілігі нақты айқындалмаған. Мұны нормативтік деңгейде реттеу қажет. Сонымен қатар бетон тасымалдауға енгізілетін маусымдық шектеулер құрылыс құнын қымбаттатады, себебі технологиялық жұмыстардың үздіксіздігі бұзылады. Реновация мәселесіне де қайта қарау керек — егер меншік иелерінің басым бөлігі жобаны қолдаса, оның іске асуына жекелеген келіспеушіліктер кедергі болмауға тиіс. Бұдан бөлек, кадр тапшылығы мен материал сапасына, оның ішінде ұзақ мерзімді шешім саналатын бетон жолдарын дамытуға да назар аудару маңызды», – деді Талғат Ерғалиев.

Изображение

«Қазақстан инженерлік компаниялар одағы» ЗТБ өкілі Құндыз Нупов мұнай-газ және инженерлік жобалардағы отандық құзыреттерді дамыту, сараптама рәсімдерін нақты реттеу, қазақстандық қамтуды күшейту және жобалау қызметтеріне төлем тәсілдерін қайта қарау мәселелерін көтерді.

Изображение

Талқылау қорытындысы бойынша ҚР «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев сөз сөйлеп, саланы дамыту үшін ұсыныстарды ілгерілету мен реттеудің теңгерімді моделін қалыптастыру бағытында жүйелі әрі үйлесімді жұмыс қажет екенін атап өтті.

«Біздің бастамаларымызды мемлекеттік органдардың қалай қабылдайтыны атқарып жатқан жұмысымыздың сапасына және ұстанымымызды қалай жеткізетінімізге байланысты. Қазіргі таңда жобалау ұйымдары күрделі жағдайда тұр — қызмет құны өсуі керек, әйтпесе кадр тапшылығы мен сапа мәселесін шеше алмаймыз. Өзін-өзі реттеу жүйесін қалыптастыру, EPC-модельдерге көзқарасты қайта қарау және техникалық қадағалаудағы мүдделер қақтығысын жою маңызды. Сонымен қатар мемлекет құрылыс жобаларын жоспарлау кезінде тек бастапқы құнын ғана емес, нысанның ұзақ мерзімді пайдалану шығындарын да ескеруі қажет. Себебі сапалы әрі технологиялық шешімдер ұзақ мерзімде әлдеқайда тиімді», – деді Қанат Шарлапаев.

Отырыс барысында Комитет мүшелері 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын да қарастырды. Құжат Комитет мүшелері мен аккредиттелген қауымдастықтардың ұсыныстары негізінде әзірленген.

Жоспарда шамамен 40 іс-шара қамтылған. Олардың басым бөлігі қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге, Құрылыс кодексіне қатысты заңға тәуелді актілерді әзірлеуге және мемлекеттік сатып алу саласындағы рәсімдерді жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар өңірлерде көшпелі отырыстар өткізу және Комитет қызметін ақпараттық тұрғыда кеңінен жариялау шаралары қарастырылған.

Талқылау қорытындысында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бірауыздан мақұлданды.