Атырауда Өңірлік Кәсіпкерлер палатасының алаңында жаңа Конституция жобасы талқыланды

04.03.2026
Атырауда Өңірлік Кәсіпкерлер палатасының алаңында жаңа Конституция жобасы талқыланды

«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясының мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Женис Абилкарес Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасының ұжымымен кездесті.

Халық қалаулысы Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасындағы негізгі ережелерді түсіндіріп, оның бизнес пен қоғамға ықпалына ерекше назар аударды.

Оның айтуынша, құжат заң үстемдігі қағидатын нығайтуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және кәсіпкерлік үшін тұрақты құқықтық орта қалыптастыруға бағытталған. Жобада жеке меншіктің қол сұғылмаушылығы кепілдіктері күшейтіліп, меншік нысандарының теңдігі бекітіледі және мемлекеттің бизнес қызметіне негізсіз араласуына жол берілмейтіні айқындалады.

Сондай-ақ бәсекелестікті дамытуға, әкімшілік кедергілерді азайтуға және мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын арттыруға ерекше көңіл бөлінген. Сот арқылы қорғау тетіктерін күшейту және мемлекеттік құрылымдардың әрекеттеріне шағымдану мүмкіндіктерін кеңейту көзделген. Бұл бизнес өкілдерінің билік институттарына деген сенімін арттыруға ықпал етпек.

Бұдан бөлек, жоба қоғамдық бақылауды нығайтуға және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейтуге бағытталған. Кездесуге қатысушылардың пікірінше, бұл елдің әділетті әрі теңгерімді дамуына жол ашады.

Кездесу соңында Женис Абилкарес өңірлік Кәсіпкерлер палатасының ұжымын елдің жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырып, Қазақстанның жаңартылған құқықтық жүйесін қалыптастыруда олардың ұстанымы маңызды екенін атап өтті.

Изображение