«Атамекен» ҰКП сараптамалық қызметтің қорытындыларын шығарып, конституциялық реформаларды талқылады

04.03.2026
«Атамекен» ҰКП сараптамалық қызметтің қорытындыларын шығарып, конституциялық реформаларды талқылады

«Атамекен» ҰКП алаңында Zoom-конференция форматында Палата құрылымдық бөлімшелерінің сараптамалық қызметінің қорытындылары, оның ішінде 2025 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауындағы заң жобалары бойынша жұмыстар талқыланды.

 

Іс-шараға орталық аппарат пен өңірлік кәсіпкерлер палаталарының жауапты қызметкерлері қатысты.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Ұлттық палата мемлекеттік органдардың нормашығармашылық процесіне бастапқы цикл – әзірлеу кезеңінен бастап нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға дейін қатысады. Сондай-ақ Палата Әділет министрлігі жанындағы заң жобалау қызметі жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның толыққанды мүшесі болып табылады. 2024 жылдан бастап Ұлттық палатаның мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын қарауға қатысуы заңнамалық деңгейде бекітілді.

ҰКП құрылған сәттен бастап 58 309-дан астам сараптамалық қорытынды дайындалды, оның ішінде 1 462 – заң жобалары бойынша және 326 – заң жобаларының тұжырымдамалары бойынша берілді. Палата өкілдері Парламент палаталарында қаралатын бизнеске қатысты барлық негізгі заң жобалары бойынша жұмыс топтарының құрамына кіреді.  

2025 жылы ҰКП қызметкерлері 81 заң жобасын қарауға қатысты. Осы заң жобалары аясында Сенат пен Мәжіліс жұмыс топтарының 1 119 отырысы өтті. Оның ішінде 42 заң жобасы депутаттық корпус бастамасымен ұсынылған.

Жұмыс топтарының қызметінен бөлек, Ұлттық палата өкілдері кәсіпкерлік мүдделеріне қатысты парламенттік тыңдауларға, Үкімет сағаттарына, дөңгелек үстелдерге және комитеттердің тақырыптық отырыстарына тұрақты түрде қатысып келеді. Осылайша «Атамекен» ҰКП бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға және іскерлік ахуалды жақсартуға ықпал етеді.

Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының ережелері де талқыланды. Әсіресе қазіргі екі палаталы Парламенттен бір палаталы жоғары өкілді орган – Құрылтайға көшу мәселесіне ерекше назар аударылды.

Изображение

Елдегі конституциялық реформа мен заң шығару жүйесін жаңғырту заң шығару рәсімдерін жетілдіруге, кәсібилікті арттыруға және заң жобаларын қарау мерзімін қысқартуға бағытталғаны атап өтілді, бұл инвестициялық ахуалдың жақсаруына оң әсер етеді.

Сондай-ақ жаңа саяси институт – Халық кеңесінің рөлі ерекше атап өтілді. Ол өңірлер мен түрлі әлеуметтік топтардың мүддесін қамтамасыз ететін жоғары консультативтік орган ретінде қалыптастырылмақ. Жоба жаңашылдығы – Халық кеңесіне заң шығару бастамасы құқығын беру.

Жалпы, негізгі заң жобасы кәсіби саясаткерлер (Құрылтай) мен қоғам өкілдерінің (Халық кеңесі) өзара іс-қимылының жаңа моделін қалыптастыруды көздейді. Республикалық референдумда ұсыныстар қолдау тапқан жағдайда, ҰКП мен Үкіметтің қатысуымен аталмыш диалог алаңдары кәсіпкерлікті дамытудың қосымша институционалдық тетігіне айналу мүмкіндігі жоғары.