Реттеуші саясатты қайта жаңғырту: Қазақстан бизнеске сенім артуға және заңбұзушылықтардың алдын алуға басымдық береді
«Атамекен» ҰКП жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында, төраға Қайырбек Сүлейменовтің жетекшілігімен жаңа реттеуші саясатты іске асырудың өзекті мәселелері қаралды.
Қазақстан мемлекеттік бақылауды жүйелі түрде трансформациялау бағытын жалғастыруда – жазалаушы модельден бизнеспен серіктестік және профилактикалық өзара іс-қимыл форматына көшу көзделген.
Реформа Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасымен басталған «Таза парақтан» саясаты аясында іске асырылуда. 2021 жылдан бастап әкімшілік жүктемені азайтуға, рәсімдерді цифрландыруға және процестерді автоматтандыруға бағытталған бақылау мен қадағалаудың заманауи моделі қалыптасуда. 2021 жылдың 30 желтоқсанында қабылданған заң тексерулерді нақты регламенттеуді, превентивті шаралардың басымдығын, сондай-ақ заңда белгіленген тәртіптен басқа жағдайда бақылау жүргізуге тыйым салуды бекітті.
2024 жылы бизнесті қорғау тетіктері қосымша күшейтілді. Инвесторларға қатысты тыйым салу және шектеу шараларын қолдануды, тексерулер тағайындауды және сот талаптарын қозғауды прокуратура органдарымен міндетті түрде келісуді көздейтін «прокурорлық сүзгі» енгізілді. Бұл құрал кәсіпкерлік қызметке негізсіз араласудан қосымша кепілдік болды.
Сонымен қатар, тәжірибе әкімшілік қысымның сақталып отырғанын көрсетеді. 2026 жылдың 10 ақпанында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы реттеуші орта әлі де кәсіпкерлер үшін артық шығындар қалыптастыратынын, ал шағын және орта бизнеске арналған тексерулерге мораторий аяқталғаннан кейін бұрынғы тәсілдерге қайта оралу байқалатынын атап өтті.
Құқықтық статистика деректеріне сәйкес, 2025 жылы кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 92 мың тексеру тіркелген (2024 жылы – 101 мың). Көрсеткіштің төмендеуіне қарамастан, бақылаумен қамту деңгейі ЕАЭО елдерімен салыстырғанда жоғары болып отыр.
Ресей Федерациясында 2025 жылдың 9 айында 8 млн кәсіпкерге қатысты 201 мың тексеру жүргізілген (2,5%). Беларусь Республикасында – 360,2 мың субъектінің ішінде 3 626 тексеру (1%). Қазақстанда – 2,1 млн кәсіпкердің ішінде 70 мың тексеру (3,3%).
«Елдегі мемлекеттік бақылаумен қамту үлесі Ресей көрсеткішінен шамамен үштен біріне жоғары, ал Беларусьпен салыстырғанда үш есе артық», – деп атап өтті Кеңес мүшесі Г.Т. Құрбанбаева.
2025 жылы тексерулердің ең көбі Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ Түркістан, Қостанай және Жамбыл облыстарында тіркелген. Ең аз көрсеткіш – Ұлытау, Абай және Жетісу облыстарында.
Прокуратура органдары тексерулерді тағайындау тәртібін бұзу фактілерінің жолын кесуді жалғастыруда: 2025 жылы 658 тексеруді тіркеуден бас тартылған. Алайда жоспардан тыс тексерулер үлесінің өсуі алаңдаушылық туғызады – олардың үлесі жалпы санның 85%-ын құрайды. Заң бойынша мұндай тексерулер азаматтардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға немесе мемлекеттің заңды мүддесіне қауіп төнген жағдайда ғана жүргізілуге тиіс. Бұл ретте есепті кезеңде ауқымды дағдарыстық факторлар тіркелмеген.
Жергілікті деңгейде мемлекеттік бақылау жүргізу кезінде заңбұзушылықтар фактілері жүйені одан әрі жетілдіру қажеттігін көрсетеді. Шымкент қаласында 26 стоматологиялық кабинетке мониторинг жүргізу туралы заңсыз бұйрықтың күші жойылды. Маңғыстау облысында 2 157 тексерудің 70-і заңсыз деп танылды, Алматыда – 542, Шығыс Қазақстан облысында – 138 заңсыз тексеру анықталған.
Кең таралған бұзушылықтар қатарында: бизнесті хабардар етпеу, жоспардан тыс бақылауға жеткілікті негіздердің болмауы, тәуекелдерді бағалау жүйесін елемеу, тексеру пәнінен тыс шығу және тіркеусіз құжаттарды талап ету бар.
Негізсіз араласуды шектеудің басты құралы – Тәуекелдерді басқару жүйесі, ол залал келтіру ықтималдығы негізінде бақылау субъектілерін іріктеуді көздейді.
Алайда «Атамекен» ҰКП талдауы тексерулердің 57%-ы заңбұзушылықтарды анықтамайтынын көрсетті. Кейбір ведомстволарда анықталған бұзушылықтар үлесі төмен. Осылайша, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінде – 33%, Төтенше жағдайлар министрлігінде – 33%, Қаржы министрлігінде – 41%, Денсаулық сақтау министрлігінде – 49%. Бұл деректер Тәуекелдерді басқару жүйесін қайта қарау және бақылау қызметінің нақтылығын арттыру қажеттігін айғақтайды.
Профилактикалық бақылау форматын дамыту ерекше маңызға ие. Мұндай модельде бұзушылық анықталған жағдайда әкімшілік іс қозғалмай, оны жою туралы нұсқама беріледі. Алайда 2025 жылы тексерулердің тек 4%-ы ғана ескерту сипатында болған, бұл жазалаушы тәсілдің басымдығын және превентивті тетіктерді жедел енгізу қажеттігін көрсетеді.

«Таза парақтан» саясаты қағидаттарын дәйекті іске асыру мемлекет пен бизнес мүддесінің теңгерімін қамтамасыз етуге, елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және Қазақстан Республикасының орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына жағдай жасауға мүмкіндік береді», – деп қорытындылады Қ. Сүлейменов.
Кеңес не ұсынады?
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес Ұлттық экономика министрлігіне жоспардан тыс тексерулерді қысқарту бөлігінде мемлекеттік органдар қызметін түзетуді және Кәсіпкерлік кодекстің 144-бабына өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бас прокуратураға жеке медициналық және білім беру ұйымдарына қатысты тексерулерді тіркеу кезінде олардың заңдылығына бақылауды күшейту ұсынылды.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне жеке денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарын қаржыландыру тетіктерін қайта қарау шараларына бәсекелестікті қорғау туралы заңнамаға және Президенттің «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлығына сәйкестігі тұрғысынан құқықтық баға беру, қажет болған жағдайда заңда көзделген шараларды қабылдау ұсынылды.

Кеңес отырысының ұсынымдары мен материалдары шешім қабылдау және ақпарат үшін Президент Әкімшілігіне және Үкімет Аппаратына жолданады.