Цемент, экологиялық талаптар және тұрғын үйдің қолжетімділігі: ШҚО-да құрылыс саласының негізгі мәселелері талқыланды
Кәсіпкерлер палатасында Қазақстан құрылысшылар одағының өкілдерінің қатысуымен Құрылыс саласын дамыту жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Кездесуге Шығыс Қазақстан облысының құрылыс компанияларының басшылары, құрылыс материалдарын өндірушілер және салалық сарапшылар қатысты.
Одақ өкілдері атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы баяндады. Бүгінде бірлестік ел бойынша 1500-ден астам компанияны біріктіреді, 20 филиалы бар және әкімшілік кедергілерді жоюға, заңнаманы жетілдіруге және құрылыс нарығын дамытуға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде ілгерілетіп келеді.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі туристік нысандарда герметикалық септиктерді міндетті түрде орнату бөлігінде Экологиялық кодекске өзгерістер енгізу болды. Сала өкілдері бұл талаптарды жеке және заңды тұлғалар үшін нақты ажырату қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ цемент бағасының өсу мәселесіне ерекше назар аударылды. Құрылысшылар цементтің бүкіл сала үшін негізгі әрі жүйе құраушы материал екенін атап өтті.
Кездесу барысында екі ықтимал тетік қарастыру ұсынылды: шекті бағаны мемлекеттік реттеуді енгізу; агроөнеркәсіптік кешенге арналған отынға ұқсас «әлеуметтік баға» белгілеу.
«Халық үшін өмірлік маңызы бар өнімдер – азық-түлік болса, құрылысшылар үшін цемент тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құнына тікелей әсер ететін негізгі ресурс болып табылады. Цемент бағасының өсуі сөзсіз құрылыс құнының қымбаттауына, соның салдарынан азаматтар үшін тұрғын үй бағасының артуына әкеледі», – деді құрылыс саласының өкілдері.
Сондай-ақ олар цементті стратегиялық маңызы бар тауарлар тізіміне енгізу мүмкіндігін қарастыруды және оны тиісті каталогта көрсету қажеттігін ұсынды.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев көтерілген мәселелерді шешуде жүйелі тәсілдің маңыздылығын атап өтті.
«Құрылыс саласы – өңір экономикасының драйверлерінің бірі. Оның тұрақтылығы бизнестің дамуына ғана емес, әлеуметтік тұрақтылыққа, тұрғын үйдің қолжетімділігіне, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуына да тікелей әсер етеді. Кеңес алаңында айтылған барлық ұсыныстар жан-жақты пысықталып, теңгерімді шешімдер қабылдау үшін уәкілетті органдарға жолданады», – деді ол.