«Атамекенде» жеке зертханаларға бруцеллёз диагностикасын жүргізуге қойылған шектеулерді қайта қарау ұсынылды
ҚР «Атамекен» ҰКП алаңында жеке зертханаларды бруцеллёз диагностикасына жіберу мәселесі талқыланды. Кездесуге қатысқан бизнес өкілдері мен сарапшылар биологиялық қауіпсіздік туралы заңнамадағы қолданыстағы нормаларды қайта қарауды ұсынды. Қазіргі талаптарға сәйкес, мұндай зерттеулерді тек мемлекеттік ұйымдар ғана жүргізе алады.
Жиында айтылғандай, «Биологиялық қауіпсіздік туралы» заң қабылданып, тиісті нормативтік актілер бекітілгеннен кейін бруцеллёз аса қауіпті жұқпалы ауру қоздырғыштары – патогенді биологиялық агенттердің II тобына енгізілді. Осыған байланысты мұндай агенттермен жұмыс істеу құқығы тек мемлекеттік кәсіпорындарға, мемлекеттік мекемелерге және акцияларының 100 пайызы ұлттық холдингке тиесілі заңды тұлғаларға берілген.
«Бұған дейін жеке медициналық зертханалар шамамен он жыл бойы бруцеллёзге диагностика жүргізіп, уәкілетті органдар тарапынан ешқандай ескерту алған жоқ. Бизнес қауымдастығы «Биологиялық қауіпсіздік туралы» заңға және №131 бұйрыққа өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынады. Яғни патогенді биологиялық агенттердің III–IV топтарымен жұмыс істеуге рұқсаты бар зертханалар қоздырғышты жинақтамай-ақ бруцеллёзге зертханалық диагностика жүргізе алуға тиіс», – деді ҚР «Атамекен» ҰКП медициналық қызметтер департаментінің басқарушы директоры Назгүл Қабдрахманова.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ұлттық холдинг зертханалық қызметкерлердің бруцеллёзбен жұқтыру қаупіне қатысты ғылыми негізделген тәуекел талдауын жүргізген. Алайда ведомство зерттеу нәтижелері құпия ақпаратқа жататындықтан жарияланбайтынын атап өтті.
Талдау қорытындысына сәйкес, бруцеллёзге қатысты зерттеулерді тек II топтағы аса қауіпті микроорганизмдермен жұмыс істеуге рұқсаты бар зертханалар ғана жүргізуге тиіс. Себебі ауру қоздырғышы болуы мүмкін клиникалық материалмен жұмыс дәл осы санатқа жататын микроорганизмдермен байланысты қызмет ретінде қарастырылады.
Сонымен қатар жеке зертханалардың өкілдері енгізілген шектеулер министрлік тарапынан жеткілікті деңгейде негізделмегенін және ашық түсіндірілмегенін айтты.
«Біз бірнеше рет қандай нақты бұзушылықтар анықталғанын және олардың неден тұрғанын сұрадық. Алайда бізге ешқандай дәлел немесе құжат ұсынылған жоқ, тек құпиялылыққа сілтеме жасалып, сәйкессіздік туралы қорытынды айтылды. Оның үстіне министрлік зертханаларға қосымша талаптар ұсынып, жұмысын сол талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік берудің орнына бірден тыйым енгізіп отыр. Жалпы аса қауіпті инфекциялармен жұмыс істеуге рұқсат ұйымның меншік нысанына емес, биологиялық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне қарай берілуге тиіс», – деді «КДЗ ОЛИМП» зертханалар желісінің даму және инновациялар жөніндегі директоры Алексей Балась.
Ал «QazBioPharm» ұлттық холдингінің өкілі ғылыми зерттеу бір жыл бойы жүргізілгенін хабарлады. Мамандар елдің сегіз өңіріне барып, үлгілер алып, зертханалық талдаулар жасап, қызметкерлер арасында сауалнама жүргізген. Барлығы 681 талдау орындалып, 296 респонденттен сауалнама алынған және шамамен 35 зертхана тексерілген.
«Әлемдік тәжірибеге қарасақ, кейбір елдерде бруцеллёз диагностикасына жеке зертханалар да қатыса алады. Бірақ ол үшін қатаң бақылау, аккредитация және тұрақты мониторинг жүйесі болуы қажет. Яғни ұйымның мемлекеттік немесе жеке екені маңызды емес, бастысы – белгіленген талаптарға толық сәйкес келуі және реттеуші органның бақылауында болуы. Мұндай жүйені Қазақстанда енгізу үшін мемлекет деңгейінде жеке шешім қабылданып, тиісті нормативтік механизмдер әзірленуі керек», – деді «QazBioPharm» АҚ биологиялық қауіпсіздік жөніндегі бас директордың орынбасары Дәулет Алдынғұров.
Талқылау барысында қатысушылар қолданыстағы заңнамалық шектеулерге де назар аударып, биологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтаған жағдайда меншік нысанына қарамастан медициналық ұйымдарға осындай зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беру мәселесін қарастыруды ұсынды. Олардың пікірінше, бұл шешім диагностикаға қолжетімділікті арттырып, мемлекеттік зертханаларға түсетін жүктемені азайтады.
Сонымен қатар отырыс барысында қатысушылар жаңа Конституция жобасын да талқылап, алдағы өзгерістердің маңыздылығына тоқталды. Ұсынылып отырған түзетулер мемлекеттік саясаттың өзегіне азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қойып, Қазақстанның одан әрі дамуына берік негіз қалайды.