Бизнеске «таза парақтан» бастау мүмкіндігі: «Атамекен» ҰКП бұрынғы қарыздар қалай кешірілетінін түсіндірді
1 наурызға дейін хабарлама тапсырмаған кәсіпкерлер автоматты түрде жалпыға бірдей салық режиміне ауыстырылды. «Кешігіп қалғандардың» басым бөлігі – жұмыс істемейтін жеке кәсіпкерлер.
Бүгін ҚР «Атамекен» ҰКП алаңында мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен шағын және микробизнеске арналған «таза парақтан бастау» тетігін енгізуге арналған республикалық онлайн-семинар өтті. Кездесу барысында қатысушыларға кімдердің айыппұлдары кешірілетіні, тексерусіз қалай жабылуға болатыны және бұрынғы қателіктер үшін жауапкершілікке тарту тәжірибесі қалай өзгеретіні түсіндірілді.
Іс-шараны ашқан Ұлттық палата басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов семинарға өңірлік кәсіпкерлер палаталары арқылы елдің барлық аймағы қатысқанын атап өтті. Оның айтуынша, басты мақсат – Мемлекет басшысының бизнесті «таза парақтан» бастау жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында кәсіпкерлерге нақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Семинардың негізгі спикері – ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов. Ол 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген қолдау шаралары туралы мәлімет берді.
Спикер ретроспективті салықтық әкімшілендірудің негізгі жаңашылдықтарына тоқталды. Атап айтқанда, 2025 жылғы 17 желтоқсанға дейін тапсырылған есептіліктер бойынша өткен кезеңдерге камералдық бақылау жүргізілмейді.
- 2026 жылға дейінгі кезеңдер бойынша салықтық тексерулерге іс жүзінде мораторий енгізіледі. Бұл талап жер қойнауын пайдаланушыларға, қарсы тексерулерге және прокуратураның тапсырмасымен жүргізілетін тексерулерге қолданылмайды.
- Мемлекет сондай-ақ 2026 жылға дейін шағын бизнес субъектілері арасында жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап-арыздар беруді тоқтатады.
- Бұдан бөлек, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде қосылған құн салығы бойынша уақытылы есепке тұрмау фактілері үшін істер қозғалмайды.
- Ескі есептілік бойынша шағын бизнесті жабу рәсімі де жеңілдетіледі: мұндай жағдайда камералдық бақылау жүргізілмейді.

100 млрд теңге көлеміндегі «кешірім»
Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегіне сәйкес, қабылданып отырған шаралардың ауқымы бұрын-соңды болмаған деңгейде. Егер кәсіпкерлер 2026 жылдың 1 қаңтары мен 31 наурызы аралығында негізгі берешекті толық өтесе, есептелген барлық өсімпұл мен айыппұлдар есептен шығарылады.
«2025 жылғы қарашадағы жағдай бойынша микро және шағын бизнестің 67 мың субъектісінде 273 млрд теңге көлемінде берешек бар. Егер негізгі қарыз – 176 млрд теңге өтелсе, онда 90 млрд теңге өсімпұл мен 7 млрд теңге айыппұл толықтай кешіріледі», – деді Сейілжан Ахметов.
Сонымен қатар қосылған құн салығы бойынша шекті мөлшерден асып кеткен шамамен 15 мың кәсіпкер міндетті түрде есепке тұру талабынан және оған қатысты санкциялардан босатылады.
Сұрақ-жауап сессиясында Мемлекеттік кірістер комитетінің заң басқармасының өкілі Диас Ахметов «таза парақ» тетігі 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша микро және шағын бизнес санатына жататын кәсіпкерлерге ғана қолданылатынын нақтылады.
Кедендік төлемдерге қатысты да маңызды түсіндірме берілді. Сарапшылардың айтуынша, «таза парақ» тетігі кедендік баждарға қолданылмайды, өйткені олар басқа заңнамамен реттеледі және толық көлемде төленуге тиіс.
Ал Мемлекеттік кірістер комитетінің арнайы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шыңберген өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қатысты жағдайды түсіндірді. Патентпен немесе мобильді қосымшалар арқылы жұмыс істеген, бірақ наурызға дейін жаңа режимге өтініш бермеген азаматтар автоматты түрде жалпыға бірдей режимге ауыстырылған. Дегенмен олар кез келген уақытта қайтадан «оңайлатылған» режимге орала алады.
Ал егер кәсіпкер бұрын оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолданған болса, онда ол жалпыға бірдей режимде кемінде бір күнтізбелік жыл жұмыс істегеннен кейін ғана қайтадан «оңайлатылған» режимге өте алады.
«Оңайлатылған» режимнің жаңа мүмкіндіктері
Арнайы салық режимдерінің саны жетеуден үшке қысқарғанымен, оңайлатылған декларацияны қолданатын кәсіпкерлер үшін талаптар едәуір жеңілдетілді.
Ең маңызды өзгерістердің бірі – жалдамалы қызметкерлер санына қойылған шектеудің алынып тасталуы. Бұған дейін лимит 30 адаммен шектелетін. Енді кәсіпкер оңайлатылған режимде шексіз мөлшерде қызметкер жалдай алады. Сонымен қатар айналым бойынша шекті мөлшер 2,5 млрд теңге деңгейінде белгіленді (ҚҚС-сыз). Бұл кәсіпкерлерге күрделі есептілікке өтпей-ақ бизнесті кеңейтуге мүмкіндік береді.
Салық мөлшерлемелері де өңірлерге қарай сараланды. Астана мен Алматыда ол 3% деңгейінде сақталса, басқа өңірлердің көпшілігінде мәслихаттар оны 2%-ға дейін төмендеткен.
Хабарлама бермеген кәсіпкерлердің жағдайы қалай болмақ?
1 наурызға дейін хабарлама тапсырмаған кәсіпкерлер автоматты түрде жалпыға бірдей режимге көшірілді. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, олардың басым бөлігі – қызметін тоқтатқан жеке кәсіпкерлер.
Ал жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер үшін ереже мынадай: егер хабарлама 5 наурызда берілсе, онда «оңайлатылған» режим дәл сол күннен бастап күшіне енеді. Ал 1 қаңтардан хабарлама тапсырылған күнге дейінгі кезең үшін есептілік жалпыға бірдей режим талаптары бойынша тапсырылады.
Кездесу барысында тағы бір маңызды мәселе – заңды тұлғалармен (B2B сегменті) жұмыс істейтін кәсіпорындарға оңайлатылған режимді қолдануға тыйым салу туралы норма талқыланды. Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері бұл шара салықтан жалтару схемаларын азайтуға бағытталғанын айтты.
«Арнайы режимдер бастапқыда стартаптар мен микробизнеске қолдау көрсету үшін енгізілген. Бірақ уақыт өте келе ірі компаниялар оларды бизнесті бөлшектеу арқылы салықты азайту құралы ретінде қолдана бастады. B2B операцияларында бәсекелестік үшін бірдей жағдай болуы керек», – деді Ерқанат Шыңберген.

Сонымен қатар Үкімет пен Ұлттық экономика министрлігі жанындағы жобалық кеңсе жағдайды бақылауды жалғастырып отыр. Егер кәсіпорындардың жаппай жабылуы тіркелсе, кейбір нормаларды қайта қарау мүмкіндігі қарастырылуы мүмкін. Қазіргі уақытта Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бизнестің жаппай жабылуы байқалмайды. Жеке кәсіпкерлер санының қысқаруы көбіне олардың бір бөлігінің өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар санатына өтуімен байланысты.
Бизнес ұсыныстары
Бизнес қауымдастығы «таза парақ» бастамасын жалпы оң бағалады. Дегенмен кәсіпкерлер оның қолданылу мерзімін 2026 жылдың кемінде екі тоқсанына дейін ұзартуды ұсынды.
Қоғамдық тамақтану саласының өкілі Вероника Нұрпейісова өңірлерде білікті кеңес беру жұмыстары жеткіліксіз екенін атап өтті.
«Адамдар салық заңнамасын түсінбейтін блогерлерге сенеді, соның салдарынан ақпарат бұрмаланып кетеді. Бізге пандемия кезіндегідей қарапайым әрі түсінікті түсіндіру жұмыстары қажет», – деді ол.
Ал мемлекеттік органдар өңірлердегі ақпараттық жұмысты күшейтуге және кәсіпкерлерді қолдаудың қосымша шараларын қарастыруға уәде берді.