Ақтөбе облысы: индустрия, инвестиция және бизнеспен ашық диалог

05.03.2026
Ақтөбе облысы: индустрия, инвестиция және бизнеспен ашық диалог

Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев Ақтөбе облысына іс-сапармен барды. Сапар мақсаты – өңірдегі бизнестің даму барысын өз көзімен көру, кәсіпкерлер мен мемлекет арасындағы ашық диалогты нығайту, сондай-ақ өнеркәсіп секторының экономикалық өсімге қосар үлесін бағамдау.

Идеядан табысқа дейін. «KazFeltec» саланы қалай өзгертуде

Жұмыс бағдарламасы «KazFeltec» ЖШС кәсіпорнынан басталды. Бұл – агроөнеркәсіптік кешен мен өңдеу өнеркәсібінің тоғысындағы бірегей жоба. 2023 жылы небәрі жеті беттен тұратын бизнес-идея көптеген инвестордың күмәнін тудырған уақытта, «Бәйтерек» холдингінің құрылымдары жобаның әлеуетін байқап, оған қолдау көрсетті. Бүгінде құны 5,3 млрд теңге болатын кәсіпорын Қазақстандағы қой жүнінен жасалған тоқылмаған материалдар өндіретін жетекші зауыттардың біріне айналды.

ИзображениеИзображение

Кәсіпорын жыл сайын отандық шикізатты толық өңдеп, 2 112 тонна экологиялық таза өнім шығарады, өнімнің жартысы Ресей мен ЕуроОдақ елдеріне экспортталады. Бұл – агроөнеркәсіптік және өнеркәсіптік секторларды біріктіріп, жаңа экспорттық бағыт қалыптастырған еліміздегі алғашқы ірі кәсіпорын.

«Біз қазақстандық жүннің толық өңделіп жатқанын және бұрын-соңды болмаған жаңа саланың қалыптасып жатқанын көріп отырмыз», – деді Қанат Шарлапаев.

ИзображениеИзображение

Кәсіпорын басшылығы саланың дамуына негізгі кедергі ретінде жүннен жасалған материалдарға қатысты нормативтік база мен салалық стандарттардың жоқтығын атады. Палата басшысы стандарттарды әзірлеуге және отандық өндірісті ауқымдауға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Ашық диалог жолы

Жұмыс күні Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровпен кездесумен жалғасты. Кездесу барысында өңірлік ҰКП Төралқасының Төрағасы кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін талқылап, тұрақты экономикалық өсім үшін бизнес пен мемлекет күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті.

Ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнестен тұратын сенімді өндірістік белдеу қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Бұл сыртқы инвесторларды тартудан гөрі жергілікті кәсіпорындарды қолдаудың тиімді тәсілі екені айтылды.

Изображение

Сонымен қатар «Іскер аймақ» бағдарламасына ерекше мән берілді.  Бағдарлама аясында аудан әкімдері мен Кәсіпкерлер палатасы әр аумақтағы бизнес үшін басым бағыттарды анықтап, стратегиялық бастамаларды қолдайды.

«Біздің ортақ міндетіміз – «бір терезе» қағидатын енгізіп, бюрократиялық кедергілердің алдын алу. Жергілікті кәсіпорындарды қолдау арқылы нарықты сапалы отандық өніммен әділ бағада қамтамасыз етуге болады», – деді Қанат Шарлапаев:

 

Изображение

Өз кезегінде Асхат Шахаров:

«Атамекенмен өзара тығыз іс-қимылдың арқасында біз отандық тауар өндірушілердің реестрін енгізіп, стратегиялық инвестициялық жобаларды сүйемелдеп отырмыз. Ашық есік форматындағы бірлескен жұмыс бизнес құқығын қорғауға сенімді көпір болып отыр», – деді.

Технология мен өндіріс тоғысқан көрме

Келесі нысан – Ақтөбе тауар өндірушілерінің көрмесі болды. Мұнда өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті мен инновациялық шешімдері таныстырылды. Көрмеде инфрақұрылымға арналған рельстер, энергетикаға арналған құрылғылар, өрт сөндіру жеңдері, оқ өтпейтін кеудешелер, қорғаныс аяқ киімдері, полиуретан өнімдері, металл жиһаздар, өрт қалқандары мен матрастар ұсынылды.

Изображение

Қанат Шарлапаев көрмедегі өнімдермен танысып, өндірушілердің әлеуетін бағалады және олармен өндірісті кеңейту жоспарларын, қолдау және өнімді ілгерілету мәселелерін талқылады.

Изображение

«Ақтөбе облысында қуатты өнеркәсіптік база мен белсенді кәсіпкерлік бастамалар бар. Мұндай көрмелер өңірлік кәсіпорындардың ішкі нарықта ғана емес, экспортта да бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді», – деді ол.

Ақтөбенің Өңірлік кәсіпкерлер палатасы – бизнестің тірегі әрі үйлестірушісі

Ақтөбе облысының Өңірлік кәсіпкерлер палатасы – бизнес пен мемлекет арасындағы байланысты қамтамасыз етіп, кәсіпкерлерге нақты мәселелерді шешуге көмектесіп келе жатқан ұйым. Палатаны Дидар Боранқұлов басқарады. Ұжымда күнделікті бизнеске қолдау көрсететін 36 қызметкер жұмыс істейді.

Асхат Айтжанов басқаратын Өңірлік кеңестің құрамында 22 делегат, оның ішінде 8 салалық кеңестің, 12 аудандық кеңестің және 2 аккредиттелген қауымдастықтың өкілдері бар. Бұл құрылым өңір экономикасының ерекшеліктерін  және өнеркәсіп, сауда, туризм, құрылыс, ТКШ және энергетика, көлік пен логистика, агроөнеркәсіп, денсаулық сақтау сияқты секторлардың мүддесін екскеруге, сондай-ақ салааралық кеңестің көмегімен әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға мүмкіндік береді.

Өңірлік кеңес. Экономиканы дамыту стратегиясы

Палатаның Өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесу ашық диалог форматында өтіп, бизнесті жүйелі қолдаудың мәселелері және кәсіпкерлермен, өңірлік палаталармен және мемлекеттік институттармен өзара іс-қимылдың жаңа моделі талқыланды. Қанат Шарлапаев бизнес өкілдеріне белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс білдіріп, олардың ел экономикасын дамытудағы негізгі рөлін атап өтті:

Изображение

«Сіздер – ел алдында үлкен жауапкершілік арқалаған азаматсыздар. Мемлекеттің дамуы мен халықты сапалы өніммен қамтамасыз ету көп жағдайда сіздерге байланысты. Бұл еңбек ерекше бағаға лайық».

Изображение

Ол бүгінде Палатаның трансформация кезеңінен өтіп жатқанын  және өңірдегі бизнеспен нақты жұмысты күшейтетінін атап өтті.

«Қаңтарда өткен «Атамекен» Съезінде Ақтөбе облысы кәсіпкерлерінен бес мәселе көтерілді. Қазір олардың әрқайсысына қатысты дұрыс шешім әзірлеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Біз Орталық аппарат пен Өңірлік палаталардың жұмысын түбегейлі қайта құруды бастадық. Сондықтан, мен бизнестің ұсыныстарын тікелей есту үшін аймақтарды өзім аралап бастадым. Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлердің бастамалары мен мемлекеттік қолдаудың құралдары арасында жүйелі байланыс орнату», – деп атап өтті Қанат Шарлапаев.

Шағын бизнесті қолдауға ерекше назар аударылды.

«Іскер Аймақ» бағдарламасының негізгі мақсаты «Бір ауыл – бір өнім» қағидаты бойынша аудандар мен шағын қалалардағы кәсіпкерлікті дамыту. Біз кәсіпкерлерді кешенді қолдаумен – инфрақұрылыммен, қаржыландырумен, оқытумен және өнімді ілгерілетумен қамтамасыз етеміз», – деді ол.

Изображение

Құқықтық қолдау: Бизнесті қорғау – басымдық

Облыс прокуроры Марат Әбішевпен кездесу кәсіпкерлердің құқығын қорғау және өңірде әкімшілік кедергілерсіз ашық инвестициялық орта қалыптастыру мәселелеріне арналды. Әңгіме барысында тараптар бизнестің сенімді дамуына мүмкіндік беретін және туындайтын мәселелердің жедел әрі нақты шешілуін қамтамасыз ететін тиімді өзара іс-қимыл құрудың тиімді жолдары талқыланды.

Изображение

Қанат Шарлапаев бүгінде прокуратура органдары көп жағдайда «бизнес-омбудсмен» рөлін атқарып, кәсіпкерлерге өз құқығын қорғауға және күрделі инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге көмектесіп отырғанын атап өтті.

Изображение

«Біз экономиканы нығайтып, бизнесті қорғауды күшейту бағытында жұмыс істеп жатырмыз», – деді ол.

Сонымен қатар жер мәселелерінде тепе-теңдікті сақтау маңызды екенін атап өтті. Жер учаскелерін алып қою әділ болуға тиіс, ал егер жобалардың тоқтап қалуы мемлекет тарапынан инфрақұрылымды тартудағы кідірістерге байланысты болса, кәсіпкерлер оған жауапты болмауы керек екенін жеткізді.

Изображение

Өз кезегінде Марат Әбішев өңірде бизнес өтініштеріне жедел әрекет ету жүйесі қалыптасып жатқанын айтты. Оның айтуыншағ, әкімдік, прокуратура және «Атамекен» Өңірлік кәсіпкерлер палатасы арасында 2026-2027 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілген. Бұл жоспар негізсіз тексерулердің алдын алуға және әкімшілік қысымды азайтуға бағытталған.

«Біздің міндетіміз – кәсіпкерлер өз құқығын нақты қорғалғанын сезініп, алаңсыз жұмыс істеп, жобаларын дамытуына жағдай жасау», – деді облыс прокуроры.

Кәсіпкерлермен кеңейтілген кездесу

Ақтөбе облысының бизнес қоғамдастығымен өткен бір жарым сағаттық ашық әңгіме барысында кәсіпкерлердің нақты мәселелері мен қажеттіліктері тыңдалды. Кездесуде Салық кодексіндегі өзгерістер, ауыл шаруашылығы ұңғымаларын заңдастыруды жеңілдету, сұйытылған газды бөлуге қатысты жаңа ережелер, өткізу бекеттерін кеңейту және отандық өндірушілердің сатып алуларға қолжетімділігі мәселелері талқыланды. Елдің ірі өңірлерінің бірі саналатын Ақтөбе бүгінде Орталық Азия мен Еуропаны байланыстыратын маңызды логистикалық хабқа айналып келеді.

Изображение

Қанат Шарлапаев Ұлттық палата жұмысы жаңғыртылып, барған сайын практикалық сипат алып келе жатқанын атап өтті.

«Біздің мақсатымыз – бизнесті кәсіби қорғауды күшейту және мемлекеттік органдармен диалогты нығайту. Ұлттық палатаның ұстанымы нақты талдауға, есептеулерге және экономикалық тиімділікті бағалауға негізделеді», – деді ол.

Изображение

Инвесторларды қолдау мақсатында мемлекеттік органдар мен прокуратурамен өзара іс-қимыл күшейтілді, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар үшін инвестициялық жобалар пулы қалыптастырылды. Сондай-ақ кәсіпкерлер жаңа Салық кодексі мен отандық тауар өндірушілер тізілімін енгізу кезінде толық сүйемелдеумен қамтамасыз етіледі, ал Палата жұмысы цифрландырылып, нақты нәтижеге бағытталған мамандандырылған форматқа көшуде.

ИзображениеИзображение

Кәсіпкерлер әкімшілік кедергілерді азайту және іскерлік ахуалды жақсарту бойынша өз ұсыныстарын білдірді. Кездесуді қорытындылай келе, Қанат Шарлапаев:

«Бүгінде біз үшін өңірлердегі кәсіпкерлердің пікірін тыңдау аса маңызды. Ашық диалог қана жүйелі мәселелерді анықтап, бизнесті жүргізу жағдайларын нақты жақсартатын шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», – деді.

Ол сондай-ақ Ақтөбе облысы кәсіпкерлерінің ел экономикасына қосып отырған үлесі мен әлеуетін атап өтіп, олардың ұсыныстарын Үкіметке жеткізуге дайын екенін білдірді.

Ақтөбе облысының өнеркәсіптік картасы

«Атамекен» басшысы өндірістік үрдістерді өз көзімен көріп, бизнестің әлеуетін бағамдау үшін өңірдің бірқатар жетекші кәсіпорнына барды.

«Зерде-Керамика Ақтөбе» кәсіпорнында ҰКП Төрағасына жергілікті шикізат негізінде италиялық технология бойынша керамикалық жабындар өндіру процесі таныстырылды. Зауыт жүздеген жұмыс орнын қамтамасыз етіп, өнімінің басым бөлігін экспортқа шығарады.

Изображение

«FIBC Kazakhstan» ЖШС-да Қанат Шарлапаев ірі көлемді полипропилен қаптамаларын өндіру үдерісімен танысты. Бұл өндіріс импортқа тәуелділікті азайтып, газ-химия саласында ішкі кооперацияны қалыптастыруға мүмкіндік береді.

ИзображениеИзображение

«ТК Фарм Ақтөбе» ЖШС жылына миллиондаған капсула, таблетка және құты шығарады. Кәсіпорындағы заманауи зертханалар мен жабдықтар ЕАЭО-ның GMP стандарттарына сәйкес сертификатталған.

ИзображениеИзображениеИзображение

«ПО Глобал-Спецодежда» ЖШС әртүрлі салаларға арналған арнайы киім тігумен айналысады. Кәсіпорын әлеуметтік осал топтарды жұмыспен қамтып, дуальды оқыту жүйесін енгізген.

ИзображениеИзображение

Сондай-ақ, «Атамекен» басшысы «ИСК Дастан» ЖШС мен «Барлык Құрылыс» ЖШС басқаруындағы сервистік-индустриялық паркті аралады. 2011 жылы құрылған парк –«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәліз бойында орналасқан, жалпы аумағы 15,5 гектар болатын өнеркәсіптік алаң. Бүгінде мұнда 50-ден астам қызметкер еңбек етеді.

ИзображениеИзображение

Өңірдегі қарқынды дамып келе жатқан кәсіпорындардың бірі – «FERROOM» ЖШС. Компания сегіз жыл ішінде стартап деңгейінен өсіп, «ТАЙНИК-KZ» брендімен металл жиһаз және өртке қарсы жабдықтар нарығының көшбасшыларының біріне айналды. Аумағы 1500 шаршы метр болатын зауытта жапондық Кайдзен жүйесі енгізілген, мұнда 50-ге жуық маман еңбек етеді. Қазір Орталық Азия елдеріне экспорттау жоспарымен ұнтақты өрт сөндіргіштер өндірісін іске қосу қолға алынуда.

ИзображениеИзображение

 «Біз тапқан табысының әр теңгесін отандық индустрияны дамыту мақсатында инвестициялайтын осындай өндірушілерді мақтан тұтамыз», – деді Қанат Шарлапаев.

Қорытынды

Қанат Шарлапаевтың іс-сапары Ақтөбе облысының өнеркәсіптік және кәсіпкерлік әлеуетін айқын көруге мүмкіндік берді.

«Ақтөбе облысының шикізаттық емес экономиканы дамыту үшін әлеуеті зор. Мұнда жаңа индустриялық тізбектер қалыптасып, өндірістік жобалар дамып, бизнес пен мемлекет арасындағы серіктестік нығайып келеді», – деді ол.

Өңірде заманауи технологиялар енгізіліп, инвестициялық мүмкіндіктер кеңейіп, бизнес жүргізу үшін ашық әрі тиімді орта қалыптасып келеді.

Өңірде индустриялық тізбектер дамып, бизнес үшін ашық әрі қолайлы жағдайлар қалыптасып, инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Кәсіпорындар заманауи технологиялар мен әлеуметтік бастамаларды енгізіп жатыр, ал бизнес пен мемлекет арасындағы диалог өңірдің экономикалық ахуалы мен бәсекеге қабілеттілігін одан әрі нығайтуға ықпал етеді.