Қарағанды облысының кәсіпкерлеріне маркетплейстерде сатуды қалай бастау керектігі түсіндірілді
Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының онлайн-конференциясына 100-ден астам кәсіпкер қатысты. Кездесу тауарларды сатып алу және маркетплейстерде сатуды бастау тақырыбына арналды. Іс-шара ашық диалог форматында өтті — қатысушылар жеткізілім, кедендік рәсімдер және онлайн алаңдарда жұмыс істеу мәселелері бойынша нақты сұрақтарын қойды.
Спикер ретінде кеден брокері, маркетплейстерде сатып алу және сату бойынша сарапшы Карина Камешова сөз сөйледі. Ол кәсіпкерлерге маркетплейстерде жұмысты неден бастау керек екенін, жеткізушіні қалай таңдау керектігін және тауардың өзіндік құнын есептеу кезінде қандай факторларға назар аудару маңызды екенін түсіндірді.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда электронды сауда жеке кәсіп бастауға мүмкіндік беретін ең қолжетімді бағыттардың бірі.
«Kaspi – бүгінде Қазақстандағы ең ірі маркетплейс. Бұл платформаға 12 миллионнан астам қолданушы нақты сатып алу ниетімен кіреді. Яғни кәсіпкерлер үшін дайын аудитория бар», – деді Карина Камешова.
Сарапшының айтуынша, бизнесті бастау үшін міндетті түрде үлкен қаржы салу қажет емес.
«Алдымен 50–100 мың теңгеге сынақ ретінде шағын партия сатып алып, нарықтағы сұранысты тексеруге болады. Егер тауар өтімді болса, кейін көлемін ұлғайтуға болады», – деп түсіндірді ол.
Кездесудің басым бөлігі сұрақ-жауап форматында өтті. Кәсіпкерлерді кедендік рәсімдеу тарифтері, жеткізілім көлемі, салық мәселелері және тауарларды сатып алу тәртібі қызықтырды.
«Нақты тарифті бірден айту мүмкін емес. Себебі бәрі тауардың түріне және оның ТН ВЭД кодының санатына байланысты. Тіпті бір тауардың өзі материалы мен сипаттамасына қарай бірнеше кодқа жатуы мүмкін», – деді спикер.
Сондай-ақ кәсіпкерлер тауарды жеке тұлға ретінде сатып алып, кейін сатуға бола ма деген сұрақ қойды.
«Егер сіз тауарды сатуды жоспарласаңыз, сатып алуды міндетті түрде жеке кәсіпкерлік арқылы рәсімдеу қажет. Сонда сізде барлық қажетті құжаттар — жүкқұжаттар, тасымалдау құжаттары және сатып алу растамасы болады», – деп атап өтті сарапшы.
Кездесу барысында логистика және тауарларды заңды түрде импорттау мәселелері де талқыланды.
«Тауарды “ақ” жолмен әкелу үшін әдетте біртекті өнімнің партиясын кемінде 300 килограмм көлемінде қалыптастырған тиімді. Өйткені шағын партияларды рәсімдеу кезінде көптеген декларациялар толтыру қажет болады», – деді Карина Камешова.й
Сонымен қатар қатысушылар маркетплейстерде табысты сатудың негізгі факторларын талқылады. Сарапшының айтуынша, бұл жерде сапалы фотосуреттер, бәсекеге қабілетті баға, сатып алушылардың пікірлері мен жылдам жеткізу маңызды рөл атқарады.
Семинарға қатысушылар кездесудің практикалық маңызын атап өтіп, өзекті тақырыптарды көтергені және кәсіпкерлерге қолдау көрсеткені үшін Кәсіпкерлер палатасына алғыс білдірді.
Кәсіпкерлерге арналған барлық білім беру бағдарламалары, қолдау шаралары мен іс-шаралардың анонстары «Бизнес Қарағанды» ресми Telegram-арнасында жарияланады:
https://t.me/business_karaganda