Конституциялық реформа және бизнес: кәсіпкерлердің құқықтық кепілдіктерін нығайту
«Атамекен» ҰКП алаңында Палата қызметкерлерінің «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының өкілдерімен кездесуі өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты – ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің мазмұнын түсіндіру, сондай-ақ елдің одан әрі дамуы үшін маңызын талқылау және алдағы референдумға азаматтардың белсенді қатысуының қажеттілігін атап өту болды.
Іс-шараға «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев, Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова, Жалпыұлттық коалициясы Астана қалалық штабының жетекшісі Ерлан Каналимов, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы, сондай-ақ ҰКП орталық аппараты және өңірлік кәсіпкерлер палаталарының қызметкерлері Zoom платформасы арқылы бейнеконференция форматында қатысты.
Өз сөзінде Қанат Шарлапаев жаңа Конституция жобасы ел дамуындағы стратегиялық бағыттарды айқындап, мемлекеттік саясаттың басымдықтарын қалыптастыратынын және алдағы әлеуметтік-экономикалық реформалардың берік негізін қалайтынын атап өтті.

Ал Жалпыұлттық коалицияның Астана қалалық филиалының жетекшісі Ерлан Каналимов әлеуметтік мемлекет қағидаттарын нығайту, сондай-ақ қоғамдағы негізгі құндылықтардың бірі ретінде отбасы институтының рөлі мәселелеріне тоқталды.
Кездесу барысында қатысушыларға жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері және олардың қоғамның әрі қарай дамуы үшін практикалық маңызы жан-жақты түсіндірілді. Коалиция өкілдері заң жобасына енгізілген негізгі өзгерістер мен толықтыруларға тоқталып, олардың мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, заң үстемдігін нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталғанын атап өтті.

Іс-шара барысында Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Elorda Aqparat» ЖШС директоры Олжас Сыдықбек, сондай-ақ Maqsut Narikbayev University профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Әлия Оразбаева пікірлерімен бөлісті.
Кездесу соңында қатысушылар жаңа Конституция жобасының мазмұнын түсіндіру үшін ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, жаңартылған Негізгі заңның ережелерін талқылау мен іске асыруда азаматтардың белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.