Қазақстан экономикасындағы әйелдердің рөлі: «Атамекен» ҰКП нәзік жандылардың бизнес-бастамаларын қолдауды күшейтуде

06.03.2026
Қазақстан экономикасындағы әйелдердің рөлі: «Атамекен» ҰКП нәзік жандылардың бизнес-бастамаларын қолдауды күшейтуде

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы елдегі кәсіпкерлік пен экономиканың дамуындағы әйелдердің рөліне қатысты аналитикалық шолуды дайындады. Бүгінде әйелдер бизнесі экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін, жаңа жұмыс орындарын қалыптастыратын және өңірлерді дамытуға ықпал ететін маңызды факторлардың біріне айналуда. Кәсіпкер әйелдер шағын және орта бизнесті дамытуға белсенді қатысып, жаңа салаларды игеруде, сондай-ақ қалаларда да, ауылдық жерлерде де маңызды жобаларды іске асыруда.

Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамыту жүйесінде маңызды үйлестірушілік рөлді Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы атқарады. Палата бизнеске қолдау көрсетудің өзіндік архитектуралық орталығы ретінде қызмет етеді. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша күш-жігерді шоғырландырудың негізгі құралдарының бірі 2023 жылдың тамызында құрылған ҰКП Төралқасы жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігі комитеті (ӘКК) болды. Комитет әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бастамаларды талқылау және ілгерілету үшін сараптамалық алаң ретінде қалыптасты.

Жаһандық көрсеткіштер: әйелдердің ел экономикасына қосқан үлесі

Комитеттің 2024-2025 жылдарға арналған статистикалық деректері негізінде Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігі мен экономикалық белсенділік көрсеткіштері бойынша дайындаған аналитикалық есепке сәйкес, 2025 жылдың басында әйелдер 1 090 269 ШОБ субъектісін басқарған, бұл –Қазақстандағы кәсіпкерлердің жалпы санының 48%-дан астамы. Әйелдер бизнесі ерекше тұрақтылықты көрсетуде: жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың операциялық белсенділік деңгейі 94%-ға жетеді.

Жетістіктер географиясы бүкіл елді қамтиды, алайда көшбасшылар қатарында мегаполистер тұр:

- Алматы – 191 633 субъект;

- Астана – 133 037 субъект;

- Шымкент – 84 345 субъект.

Тіркелген кәсіпорындармен салыстырғанда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жоғары үлесі келесі өңірлерде байқалады.

- Түркістан облысы (97,2%): тіркелген 96,6 мың субъектінің 94,0 мыңы жұмыс істейді. Бұл – елдегі ең жоғары көрсеткіш, ол әйелдердің нақты секторға жоғары деңгейде тартылғанын көрсетеді (негізінен шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер).

- Қызылорда облысы (96,4%).

- Алматы облысы (95,5%).

Аталған көрсеткіштер оңтүстік аграрлық өңірлерде (Түркістан, Алматы облыстары) кәсіпкер әйелдер тіркелгеннен кейін бірден белсенді жұмыс кезеңіне өтетінін көрсетеді (негізінен жеке кәсіпкерлік және шаруа қожалықтары нысандары арқылы).

Кәсіпкер әйелдер қызметінің ең танымал салалары:

- Қызмет көрсету (сұлулық салондары, тігін шеберханалары) – 35%;

- Бөлшек сауда (дүкендер, интернет-сауда) – 28%;

- Білім беру (балалар орталықтары, онлайн-курстар) – 15%;

- Агробизнес – 12%;

- Креативті индустриялар (дизайн, маркетинг, авторлық өнім) – 10%.

Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың құрылымы әйелдер бизнесінің қызмет көрсету және сауда салаларына бағытталғанын растайды:

- Сауда: 438 321 жұмыс істеп тұрған субъект (белсенділік деңгейі – 94,3%). Бұл Қазақстандағы әйелдердің ШОБ саласының негізін құрайды.

- Басқа қызметтер: 179 822 жұмыс істеп тұрған субъект (94%).

- Ауыл, орман және балық шаруашылығы: 81 882 жұмыс істеп тұрған субъект (белсенділік деңгейі – 94,9%).

- Жылжымайтын мүлік операциялары: 63 969 жұмыс істеп тұрған субъект (96,2% – барлық салалар арасындағы ең жоғары тұрақтылық көрсеткіші).

- Өңдеу өнеркәсібі: 60 197 жұмыс істеп тұрған субъект (94,7%). Жұмыс істеп тұрған өндірістердің жоғары үлесі индустриялық сектордағы жобалардың сапалы дайындалғанын көрсетеді.

Білім беру және денсаулық сақтау салалары экономикадағы орташа көрсеткіштерден жоғары нәтижелер көрсетеді:

- Білім беру: 32 813 жұмыс істеп тұрған субъект (94,6% белсенділік).

- Денсаулық сақтау: 11 035 жұмыс істеп тұрған субъект (93,7% белсенділік).

Бұл салалар басшы әйелдердің жоғары үлесімен (білім беру саласында 71%-ға дейін) сипатталады және «шығып қалу» деңгейі ең төмен. Бұл оларды ұзақ мерзімді кепілдендіру үшін ең сенімді объектілер қатарына жатқызуға мүмкіндік береді.

«Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігі – сан эүзінде ғана емес, нақты әрекет ететін күш. Қолдау көрсету үшін ең тұрақты салалар – сауда, жылжымайтын мүлік, білім беру және ауыл шаруашылығы. Белсенді субъектілердің негізгі бөлігі жеке кәсіпкерлік нысанында ұсынылған, бұл қолдау бағдарламаларын  алдымен микро және шағын бизнеске бағыттау қажеттігін көрсетеді», – деп атап өтті Ұлттық палата сарапшылары.

Басқарушылық әлеует және көшбасшылық

Қазақстанда әйелдер басқарушы лауазымдардың 41,3%-ын иеленеді, ал ерлердің үлесі – 58,7%, бұл бизнесті басқаруда ерлердің басымдығы сақталып отырғанын көрсетеді.

Елдімекенд түрлері бойынша да көрсеткіш осынған ұқсас. Қалаларда әйелдердің басшылар арасындағы үлесі – 41,9%, ал ерлердің үлесі – 58,1%. Ауылдық жерлерде гендерлік айырмашылық айқынырақ: әйелдер 39,3% басшылық қызметті иеленсе, ерлер – 60,7%. Осылайша, шағын және орта бизнесті басқаруда әйелдердің қатысуы барлық елдімекен түрлерінде ерлерге қарағанда төмен болып отыр, ал ең үлкен айырмашылық ауылдық жерлерде байқалады.

Кәсіпорындардың көлемі бойынша құрылымды қарастырғанда, әйел-басшылардың ең жоғары үлесі орта кәсіпорындарда байқалады – 34,3%. Шағын кәсіпорындарда бұл көрсеткіш – 29,0%, ал ірі бизнесте әйелдердің үлесі айтарлықтай төмен – 19,1%.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы бизнесін басқаруда әйелдердің қатысуында оң динамика байқалады. Шаруа немесе фермерлік қожалықтарды басқаратын әйелдердің үлесі 2014 жылғы 19,3%-дан 2024 жылы 27,8%-ға дейін өсті. Қалаларда бұл көрсеткіш 36%-ға жетеді, бұл аграрлық секторды қоса алғанда, кәсіпкерлік қызметтегі әйелдер рөлінің біртіндеп кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.

«Атамекен» ҰКП – әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың негізгі институты

Комитеттің қызметі бірнеше стратегиялық бағыт бойынша жүзеге асырылады. Біріншісі – заңнаманы жетілдіру: қолданыстағы нормативтік-құқықтық база талданып, кәсіпкерлік климатты гендерлік ерекшеліктерді ескере отырып жақсарту бойынша ұсыныстар әзірленеді. Екінші бағыт қаржылық ресурстарға қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған, оған инвестициялар тарту тетіктерін қалыптастыру және мемлекеттік қолдау құралдарын дамыту кіреді. Үшінші бағыт білім беру, тәлімгерлік және кәсіпкерлер қауымдастығын қалыптастыруға шоғырланған. Осы жұмыс аясында ірі бастамалар жүзеге асырылуда, олардың қатарында 2025 жылдың 19 қарашасында Астанада алғаш рет өткен Кәсіпкер әйелдердің ұлттық слеті бар. Бұл іс-шара тәжірибе алмасу, өзекті мәселелерді талқылау және жаңа бастамаларды іске қосу алаңы ретінде жыл сайын өткізілетін болады.

Мұндай жүйелі жұмыстың нәтижелері қаржылық қолдау динамикасынан көрініс табуда. Кәсіпкер әйелдерге берілген кепілдіктер көлемі 2024 жылғы 13,6 млрд теңгеден 2025 жылы 26,4 млрд теңгеге дейін өсті. Қаржыландырудың қосымша көзі ретінде Аграрлық несие корпорациясы қызмет етеді, ол арқылы әйелдер өңірлік жобаларды дамыту үшін 16,4 млрд теңге тартты. Қаржылық белсенділік бойынша көшбасшылар – Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстары, мұнда әйелдер өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығында жобаларды табысты іске асыруда. Мұндай статистика кәсіпкер әйелдердің елдегі ең сенімді әрі жауапты қарыз алушылар екенін растайды.

Алайда ҰКП тарапынан көрсетілетін қолдау тек қаржылық құралдармен шектелмейді. Кәсіпкерлерді бизнестің барлық даму кезеңдерінде сүйемелдеуге бағытталған қаржылық емес қызметтер мен сервистік қолдау жүйесі маңызды рөл атқарады. Оның бастапқы деңгейі – тегін ақпараттық-консультациялық қызметтер. Олар жеке кәсіпкерді немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестікті қалай тіркеу керек, қандай салық салу жүйесін таңдау қажет, қандай лицензиялар мен рұқсаттар қажет деген сияқты негізгі мәселелер бойынша түсінікті әрі практикалық түсіндірмелер алуға мүмкіндік береді. Кәсібін енді бастаған кәсіпкерлер үшін мұндай қолдау алғашқы қадамды сенімді жасауға көмектеседі.

Стратегия-2026: жүйелі қолдауды күшейту

Әйелдер кәсіпкерлігінің дамуындағы елеулі жетістіктерге қарамастан, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сарапшылары кәсіпкерлік ортада сақталып отырған бірқатар жүйелік сын-қатерді атап өтеді. Олардың қатарында көптеген кәсіпкерлердің кепілдік базасының әлсіз болуына байланысты ірі қаржыландыруға қолжетімділіктің шектеулі болуы, сондай-ақ қалалық және ауылдық өңірлер арасындағы цифрлық алшақтық бар, бұл бизнестің дамуын және заманауи қолдау сервистеріне қолжетімділікті қиындатады.

Осыған байланысты 2026 жылы «Атамекен» ҰКП Әйелдер кәсіпкерлігі комитетінің жаңа қолдау құралдарын қалыптастырудағы стратегиялық платформа ретіндегі рөлін күшейтеді. Негізгі міндеттердің бірі – шағын бастапқы жобаларды қолдаудан өндірістік секторда, қайта өңдеу саласында және инновациялық бағыттарда неғұрлым ауқымды әрі технологиялық бизнес-бастамаларды дамытуға көшу.

Алдағы кезеңдегі басым бағыттардың қатарында кәсіпкер әйелдерді қолдау құралдарын кеңейту, өңірлік бағдарламаларды дамыту, сондай-ақ әйелдер кәсіпкерлігінің ерекшеліктерін ескеретін жаңа механизмдерді енгізу бар. Сонымен қатар өңірлік инфрақұрылымды нығайтуға және кәсіпкер әйелдердің білім беру, қаржылық және консультациялық ресурстарға қолжетімділігін кеңейтуге ерекше назар аударылмақ.

Осылайша, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік ортаны дамытудың негізгі институты ретінде бизнестің өсуі мен тұрақты дамуына жүйелі жағдайлар қалыптастыруды жалғастыруда. Экономикадағы әйелдердің рөлін күшейту ұлттық экономиканы әртараптандыру мен оның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды факторы ретінде қарастырылады.