Қарағанды облысының әкімі кәсіпкерлермен бизнесті дамыту мәселелерін талқылады
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің инвесторлармен жұмысты күшейту және жаңа инвестициялық циклді іске қосу жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында өңір кәсіпкерлерімен кездесті. Өңір басшысы экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуде нақты сектордың ерекше рөлін атап өтті. Ашық диалог форматында өткен кездесуде кәсіпкерлер өзекті мәселелерін жеткізуге мүмкіндік алды.
«Бүгінгі кездесу экономиканың бетбұрыс кезеңінде өтіп отыр. Мемлекеттік саясаттың басты ұстанымы – экономиканың өзін-өзі қамтамасыз етуі. Бұл үдерісте негізгі рөл нақты сектор кәсіпорындарына жүктеледі. Сіздер сыртқы сын-қатерлерге төтеп беретін өңір экономикасының тірегі болып, жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етесіздер. Мемлекет пен бизнес – экономикалық өсім мен қоғам әл-ауқатын арттыруға бағытталған стратегиялық серіктестер», — деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары туралы Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев баяндады. Оның айтуынша, соңғы үш жылда өңірге 7,6 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, 50-ден астам жоба жүзеге асырылып, 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылған.
Инвесторлармен жұмыс және жобаларды сүйемелдеу «бір терезе» қағидаты бойынша жүргізілуде.
«Қазіргі таңда өңірдің инвестициялық портфеліне жалпы құны 6,2 трлн теңгені құрайтын 146 жоба кіреді. Оның ішінде 129 жоба Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілген. Облыс әкімі төрағалық ететін Өңірлік инвестициялық штаб аясында 19 отырыс өткізіліп, 150-ден астам мәселе қаралды. Бұл мәселелер инфрақұрылым тартудан бастап лицензиялау мен қаржыландыруға дейінгі бағыттарды қамтиды», — деді Асқар Ғазалиев.
Өңірде инвестицияларға тапсырыс беру қағидаты енгізілген. Басым жобалардың тізбесі қалыптастырылып, олар Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі және KAZAKH INVEST ұлттық компаниясының шетелдегі өкілдіктері арқылы әлеуетті инвесторларға ұсынылуда. Қазіргі таңда бірқатар жобалар ірі халықаралық компаниялардың қатысуымен іске асырылуда.
Инвесторлардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылады. Өңірде бизнеске қатысты кез келген шектеу шараларын прокуратурамен келісуді көздейтін «прокурорлық сүзгі» механизмі қолданылады.

Сонымен қатар мемлекеттік қолдау құралдары кеңінен пайдаланылуда: несиелерді субсидиялау және кепілдендіру, гранттық қаржыландыру, инженерлік инфрақұрылым жүргізу. Өңірде кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жаңа «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылды. Ал бизнес, ғылым және мемлекет арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында Qartech индустриялық-инновациялық хабы құрылған.
Кездесу барысында кәсіпкерлер жергілікті өндірістерді заңсыз импорт пен демпингтен қорғау, кәсіпорындарды электр энергиясымен қамтамасыз ету, сондай-ақ қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізу мәселелерін көтерді. Барлық ұсыныстар мен көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтыны атап өтілді.
Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпеисов мұндай кездесулер бизнес пен билік арасындағы ашық диалогты дамыту үшін маңызды алаң екенін атап өтті.
"Өңір кәсіпкерлері үшін инвестициялық жобаларды іске асыру және өндірісті дамыту мәселелерінің жүйелі әрі жедел шешілуі аса маңызды. Кәсіпкерлер палатасы бизнес бастамаларды сүйемелдеуге белсенді қатысып, кәсіпкерлерге мемлекеттік органдармен тиімді диалог орнатуға және әкімшілік кедергілерді жоюға көмектеседі. Мұндай бірлескен жұмыс өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастырып, экономиканың тұрақты дамуына мүмкіндік береді, — деді Ернар Күлпейісов.
Ермағанбет Бөлекпаев экономикалық трансформация жағдайында басты міндеттердің бірі қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру және кәсіпкерлер мәселелерін жедел шешу екенін атап өтті. Мұндай кездесулер тұрақты түрде өткізіліп тұрады.