«Білім беру және жұмыспен қамту» салалық кеңесі 2026 жылға арналған негізгі басымдықтарды айқындады

10.03.2026
«Білім беру және жұмыспен қамту» салалық кеңесі 2026 жылға арналған негізгі басымдықтарды айқындады

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында «Білім беру және жұмыспен қамту» салалық кеңесінің отырысы өтті. Жиын барысында бизнес өкілдері, білім беру ұйымдары мен сарапшылар қауымдастығы саланың 2026 жылға арналған негізгі даму бағыттарын талқылады.

Қатысушылардың басты назары нормативтік реттеу мәселелеріне, кадр даярлау сапасына және білім беру саласындағы кәсіпкерлік үшін тұрақты әрі қолайлы орта қалыптастыруға аударылды.

Бүгінде білім беру саласы мен еңбек нарығы тұрақты өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отыр. Лицензиялауға қойылатын талаптар күшейіп, мемлекеттік тапсырысқа қатысты тәсілдер, кадрлық нормативтер мен білім беру ұйымдарының инфрақұрылымына қойылатын талаптар қайта қаралуда. Мұндай жағдайда кәсіпкерлерге заңнаманы түсіндірумен қатар, сараптамалық қолдау мен мемлекеттік органдармен тиімді диалог қажет.

Салалық кеңестің төрайымы Майра Байдубекова Кеңестің 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын таныстырды. Оның айтуынша, алдағы кезеңдегі жұмыс бірнеше стратегиялық бағыт бойынша жүзеге асырылмақ.

Изображение

Алғашқы бағыт - білім беру және жұмыспен қамту салаларындағы кәсіпкерлікті дамыту. Негізгі мақсат - бизнес үшін түсінікті әрі тұрақты орта қалыптастыру. Осы мақсатта жұмыс кездесулерінің форматын күшейту, мемлекеттік органдармен бірлескен отырыстар санын арттыру және кәсіпкерлердің өтініштеріне жедел әрекет ету жүйесін қалыптастыру жоспарланып отыр.

Бұл ретте конструктивті диалогқа басымдық беріледі.

Изображение

«Біз өзара әрекеттестікті шағым форматына емес, кәсіби сараптама мен негізделген ұсыныстар алаңына айналдыруға ұмтыламыз», - деді Майра Байдубекова.

Кеңес жұмысының ашықтығын арттыру да маңызды бағыттардың бірі болмақ. Бұқаралық ақпарат құралдарын тарту, қоғамдық талқылауларға қатысу және сараптамалық пікір білдіру салалық саясаттың қалыптасуына ықпал етудің тиімді құралдары ретінде қарастырылады.

Жұмыстың тағы бір бағыты - ақпараттық-түсіндіру қызметі. Бизнес өкілдерінің айтуынша, көптеген мәселелер заңнаманың өзінен емес, оның бірізді түсіндірмесінің және нақты әдістемелік ұсынымдардың болмауынан туындайды.

Осыған байланысты 2026 жылы Кеңестің кіші комитеттері мемлекеттік және мемлекеттік емес қолдау шараларын түсіндіру, нормативтік актілердегі өзгерістерді сүйемелдеу, сондай-ақ кәсіпкерлерге лицензиялау, аттестация, еңбек қатынастары және өзге де маңызды мәселелер бойынша кеңес беру жұмыстарын күшейтуді жоспарлап отыр. Бұл тәсіл мәселелердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Кеңестің тағы бір басым бағыты — нормативтік-құқықтық актілермен жұмыс. Кеңес тұрақты негізде НҚА жобаларын талдап, қайшылықтарды анықтап, артық реттеу мәселелерін көтеріп, әкімшілік кедергілерді жою бойынша ұсыныстар әзірлеуді жоспарлап отыр.

«Бизнес ережелердің үнемі өзгеруі жағдайында тиімді жұмыс істей алмайды. Сондықтан реттеудің тұрақтылығы мен болжамдылығын қамтамасыз ету — Кеңестің маңызды міндеттерінің бірі», — деді Кеңес төрайымы.

Кеңес жұмысының негізгі сараптамалық қызметі кіші комитеттер аясында жүзеге асырылады.

Мәселен, «Мектепке дейінгі білім беру» кіші комитеті 2026 жылы саланы 2027 жылы енгізілуі жоспарланып отырған лицензиялауға дайындауға басымдық береді. Бұл бағытта дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізу, сондай-ақ мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс жүргізу жоспарланған.

«Мектептік білім беру» кіші комитеті нормативтерді жетілдіру, штаттық талаптарды қарау, ғимараттардың нысаналы мақсатын өзгерту, инклюзивті білім беруді дамыту және педагогтердің біліктілігін арттыру мәселелерімен айналысады. Сонымен қатар нормативтік базадағы өзгерістердің жиілігін шектеу туралы ұсыныстар әзірлеу жоспарланып отыр.

«Оқу орталықтары» кіші комитеті білім беру ұйымдарының экономикалық мүдделерін қорғауға, түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткіштерін қайта қарауға, әдістемелік қолдаудың цифрлық құралдарын дамытуға және республикалық салалық іс-шаралар өткізуге назар аударады.

Инклюзивті білім беруді дамытуға да ерекше көңіл бөлінбек. «Инклюзия» кіші комитеті өңірдегі қажеттіліктер картасын қалыптастыру, отбасыларды қолдауға арналған пилоттық жобаларды іске асыру, жеке орталықтар үшін сапа стандарттарын әзірлеу және заңнамалық бастамалар дайындау бойынша жұмыс жүргізеді.

Отырыс барысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінен кадрлардың кетуі мәселесі де көтерілді. «Колледждер мен жоғары оқу орындары» кіші комитеті жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемін арттыру және колледж оқытушыларының еңбек жағдайларын жақсарту мәселелерін қарастыруды жоспарлап отыр.

Кеңес жұмысының тағы бір бағыты - әлеуметтік кәсіпкерлік пен жұмыспен қамтуды дамыту. «Жұмыспен қамту және әлеуметтік кәсіпкерлік» кіші комитеті нормативтік базаны жетілдіру, білім беру және импакт-жобаларды іске асыру, инклюзивті жұмыспен қамтуды дамыту бағытында жұмыс жүргізеді.

Изображение

Отырыс барысында «Білім беру және жұмыспен қамту» салалық кеңесінің жаңартылған құрамы бекітіліп, кіші комитеттердің төрағалары сайланды.

«Мектепке дейінгі білім беру» кіші комитетінің төрайымы болып «ESMA ENTERTAINMENT» ЖШС директоры Бану Алькенова сайланды.

«Мектептік білім беру» кіші комитетін «SEED Educational Complex» ЖШС директоры Гульсум Егизбаева басқарды.

«Жоғары оқу орындары мен колледждер» кіші комитетінің төрағасы болып Астана халықаралық университетінің Жоғары педагогикалық колледжінің директоры Ардак Адильжанов сайланды.

«Оқу орталықтары және кәсіби біліктіліктерді тану орталықтары» кіші комитетін «Inception» ЖК басшысы Гаухар Уразгалиева басқарды.

«Жұмыспен қамту және әлеуметтік кәсіпкерлік» кіші комитетінің төрайымы болып «Kulikova» ЖК басшысы Елена Куликова сайланды.

«Инклюзия» кіші комитетін «DAMU inclusion» ЖШС директоры Жаннель Шаймарданова басқарды.

Отырысты қорытындылай келе, Майра Байдубекова Кеңес жұмысының тиімділігі оның мүшелерінің белсенділігіне байланысты екенін атап өтті.

Изображение

«Салалық кеңес - жай ғана формалды орган емес. Бұл - ықпал ету тетігі. 2026 жыл біздің сарапшылық қауымдастық ретінде қаншалықты жетілгеніміздің көрсеткіші болмақ. Біз қаншалықты жүйелі жұмыс жүргізсек, білім беру және жұмыспен қамту саласындағы кәсіпкерлердің тұрақтылығы да соған байланысты болады», - деп атап өтті ол.