Туризмді дамытуға не кедергі? Кеңесте өзекті мәселелер көтерілді
Туризм жөніндегі салалық кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Таймас Тұрсынбаевтың жетекшілігімен палатада кезекті отырыс өтті. Жиынға кеңес мүшелері мен өңірлік палата сарапшылары қатысып, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы туризм саласына қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралды.

Атап айтқанда, ұлттық парк аумағында туристік және рекреациялық қызмет көрсететін 25 жер пайдаланушыға жер тарифінің айтарлықтай өсуі талқыланды. Кәсіпкерлермен жасалған 49 жылдық келісімшартқа сәйкес, бұған дейін 1 гектар жер үшін ай сайынғы төлем 5 000 теңгені құраған. Алайда Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2024 жылғы 2 қазандағы №232 бұйрығына сәйкес, жаңа тариф мөлшері 1 гектар үшін айына 8 АЕК болып бекітілген. 2026 жылғы есеп бойынша бұл – 34 600 теңге. Нәтижесінде төлем мөлшері шамамен 7 есеге өсіп отыр.
Тарифтің күрт өсуі кәсіпкерлерге ауыртпалық тудыратыны ескерілді. Мәселені талқылау қорытындысы бойынша Палата ұлттық парк әкімшілігіне қолданыстағы 49 жылдық келісімшарт талаптарын және жер пайдаланушылардың жаңа тарифтерге қатысты ұстанымын ескере отырып, мәселені толық қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті атына тиісті ұсыныстар енгізу қажеттігі айтылды. Келісімшарт талаптары біржақты өзгертілген жағдайда кәсіпкерлердің өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сот органдарына жүгіну құқығы бар екені түсіндірілді.
Сонымен қатар ұлттық парк аумағындағы туристік бағыттарды инженерлік және көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Қазіргі таңда бірқатар бағыттарға апаратын автомобиль жолдарының сапасы мен қауіпсіздік деңгейі жеткіліксіз екені, жол жабындыларының тозуы мен бағыттаушы белгілердің аздығы туристер үшін де, кәсіпкерлер үшін де қолайсыздық туғызып отырғаны айтылды. Жаяу жүргіншілер жолдары, көлік тұрақтары, паркингтер мен туристерге арналған ақпараттық қызмет көрсету нысандарының жеткіліксіздігі де өзекті күйінде қалып отыр. Инженерлік инфрақұрылымның, соның ішінде сумен жабдықтау, энергиямен қамту және байланыс жүйелерінің толық дамымауы туристік қызмет сапасына әсер етуде. Осы мәселелер бойынша ұлттық парк әкімшілігіне ресми хат жолдау туралы шешім қабылданды.
Бұдан бөлек, ұлттық парк аумағына кіру тәртібі қаралды. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, әрбір жалға алушыға бір автокөлікпен кіруге рұқсат берілгенімен, кәсіпкерлік нысандарда жұмыс істейтін қызметкерлердің автокөлікпен кіру мәселесі нақты реттелмеген. Нәтижесінде қызметкерлер ұлттық парк аумағына белгіленген төлем арқылы кіруге мәжбүр болып, бұл өндірістік процестердің қалыпты ұйымдастырылуына қосымша қиындықтар туындатуда. Осыған байланысты ұлттық парк әкімшілігіне кәсіпкерлердің өндірістік қызметін қамтамасыз ету мақсатында автокөлікпен кіру тәртібін қайта қарау ұсынылды.
Жиын қорытындысында көтерілген мәселелер өңірдегі туризм саласының тұрақты дамуына, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға және инвестициялық ахуалды жақсартуға тікелей әсер ететіні атап өтілді.

