Атырау облысының Іскер әйелдер кеңесі өңір кәсіпкер әйелдерінің үлесін атап өтті
Көктем мерекесіне орай Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасында Іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырған дәстүрлі мерекелік іс-шара өтті.
Кездесу аясында өңірлік кәсіпкерліктің дамуына елеулі үлес қосқан әйелдердің еңбегі атап өтілді.
Іскер әйелдер кеңесінің белсенді мүшелері мен бизнес өкілдері ZOOM-конференция арқылы «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы Қанат Шарлапаевтың құттықтауын тыңдады. Өз сөзінде ол бизнес саласында және ҰКП құрылымында еңбек етіп жүрген әйелдерді құттықтап, олардың отандық кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Сондай-ақ Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев пен Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжан Мұхатаева да құттықтау сөздерін айтып, жылы лебіздерін білдірді.
Іс-шара барысында Іскер әйелдер кеңесінің атынан өңірлік бизнестің дамуына қосқан үлесі үшін кәсіпкер әйелдер, сала ардагерлеріне, сондай-ақ Кеңестің белсенді мүшелеріне алғыс хаттар табысталды. Марапатталғандардың қатарында қала мен облыс аудандарынан келген өкілдер бар. Барлығы 19 адам марапатталды.
«Бүгінде кәсіпкер әйелдер өңір экономикасында маңызды рөл атқарады. Олар тек өз ісін табысты дамытып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, жаңа идеяларды енгізіп, басқа адамдарды да кәсіпкерлікке шабыттандырады. Біздің міндетіміз — осындай бастамаларды қолдап, әйелдер кәсіпкерлігінің одан әрі дамуына жағдай жасау», — деді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев.

Кездесу қорытындысында Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжан Мұхатаева Кеңес бүгінде тәжірибелі және жаңадан бастаған бизнесвумендерді, сондай-ақ кәсіпкерлік саласының сарапшыларын біріктіретін алаңға айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, Кеңес өңірдің іскерлік ортасының дамуына белсенді ықпал етіп, өз ісін бастауды жоспарлап жүрген әйелдерге қолдау мен қажетті ресурстар табуға көмектеседі.
