Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың маңыздылығы
Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасында өңірдің әлеуметтік кәсіпкерлеріне арналған семинар өтті. Семинардың негізгі мақсаты – мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру және қолжетімді бағдарламалар туралы ақпарат беру.
Палата директорының орынбасары Маржан Жауен әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларды кәсіпкерлер өз қызметі барысында пайдалана алатын мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау құралдарымен таныстырды. Атап айтқанда, гранттар, субсидиялар бойынша мемлекеттік кепілдіктер, «Даму» қорының бағдарламалары және жеңілдетілген несиелер туралы ақпарат берілді.
Сонымен қатар Кәсіпкерлер палатасының әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдаудағы рөлі ерекше атап өтілді. Палата тарапынан тегін оқыту, консультациялық қолдау көрсету, сондай-ақ кәсіпкерлер арасында диалог пен ынтымақтастықты дамытуға арналған алаң ұсынылады.
Бұдан бөлек, әлеуметтік кәсіпкерлердің жеңілдетілген шарттармен ғимараттарды жалға алу мүмкіндігі бар екені және мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылғаны айтылды.
Семинар қорытындысында қатысушылар Палата директорының орынбасары Маржан Жауенге маңызды әрі пайдалы ақпарат үшін алғыс білдіріп, алған білімдерін өз қызметінде тиімді пайдалануға ниетті екендерін жеткізді.
Әлеуметтік кәсіпкерліктің басты ерекшелігі – пайда табумен қатар, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталуында. Әлеуметтік кәсіпкерлер қатарына қосылуға ниетті азаматтардың саны артқан сайын, бұл қоғамның әл-ауқатының жақсаруына және ел экономикасының дамуына оң ықпал етеді.





