Қазақстандық «Бір ауыл – бір өнім» жобасының өнімдері FOODEX JAPAN 2026 көрмесінде ұсынылды
Қазақстандық «Бір ауыл – бір өнім» (БАБӨ) жобасының өнімі халықаралық FOODEX JAPAN 2026 азық-түлік көрмесінде таныстырылды. Бұл – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) арасындағы жобаны Орталық Азия елдерінде дамыту бойынша бірлескен жұмыстың нәтижесі.
Жоба ауылдық кәсіпкерлерді қолдауға, жергілікті өндірісті дамытуға және аймақтық өнімді ілгерілетуге бағытталған. Қазақстан мен Жапония тараптарының ынтымақтастығы нәтижесінде отандық өндірушілер халықаралық нарыққа шығып, өнімдерін әлемдік ірі алаңдарда көрсету мүмкіндігіне ие. Сол алаңдардың бірі – FOODEX JAPAN 2026 көрмесі.
Азиядағы ірі азық-түлік көрмелерінің бірі Токиодағы Tokyo Big Sight көрме орталығында өтуде. Биыл бұл іс-шара 51-ші рет ұйымдастырылып, еліміз екінші жыл қатарынан отандық өнімдерін ұсынуда.

Көрменің алғашқы күнінен-ақ Қазақстанның ұлттық стенді келушілер мен кәсіби сатып алушылардың назарын аударды. Ерекше қызығушылықты табиғи қазақстандық бал тудырды. Балдан дәм татқандар өнімнің бай әрі табиғи тазалығын атап өтті. Балдың сапасын Жапон ара шаруашылығы қауымдастығының өкілдері де жоғары бағалады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, өткен жылы көрмеге әлемнің 74 елінен 2930 компания (3738 стенд) қатысқан. 72 мыңнан астам кәсіби сатып алушы келген. Олардың ішінде сауда компаниялары, көтерме жеткізушілер, өндірушілер, бөлшек сауда желілері, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен қонақүй, дәмхана бизнесінің өкілдері бар.


2025 жылы FOODEX көрмесінде «БАБӨ» жобасының 2023-2024 жылдары өндірілген өнімдері таныстырылған. Сол кезде қазақстандық бал мен Алтай шайлары келушілер мен кәсіби сатып алушылар арасында үлкен қызығушылық тудырған.
«Биыл Қазақстан елдің әр өңірінде өндірілген 10 түрлі өнімді таныстырды. Олардың қатарында күнбағыс, қымыздық, жантақ балы, қарағай майы, иван-чай, жантақ шайы, қарағай ұны, құрғақ түйе сүті және шырша эфир майы бар. Мұндай халықаралық нарыққа шығу отандық өндірушілер үшін үлкен мүмкіндік әрі ел үшін мақтаныш», – деді «Атамекен» ҰКП Жұмыспен қамту, сервистік қолдау және әйелдер кәсіпкерлігі жөніндегі департаменттің басқарушы директоры Гүлия Жүнісова.


FOODEX JAPAN жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен өндірушілерді, дистрибьюторларды, бөлшек сауда мен дәмхана бизнесі өкілдерін жинайды. Қазақстан сияқты экспорттаушы елдер үшін бұл – Жапон және Азия нарықтарына шығудың маңызды алаңы. Көрме павильондары ет, балық, теңіз өнімдері, бал, шай, сусындар, жаңғақтар, суперфудтар, дайын тамақ, сүт өнімдері және әртүрлі елдердің дәстүрлі өнімдерімен толықтырылған. Мұнда дегустациялар, іскерлік кездесулер мен серіктестік келіссөздер өткізіледі.


Көрмеге қатысудың басты мақсаты – экспортты дамыту және халықаралық келісімшарттар жасасу. FOODEX-тен кейін көптеген компаниялар өз өнімдерін жапон супермаркеттеріне, duty free дүкендеріне және халықаралық онлайн алаңдарға жеткізе бастайды.
Еске сала кетсек, өткен жылы «БАБӨ» жобасы аясында ұсынылған жантақ бал көрмедегі ең үздік үш балдың қатарына енген. FOODEX JAPAN 2026 көрмесі 13 наурызға дейін жалғасады.