Инвестициялар, өндіріс және жаңа нарықтар: Қанат Шарлапаевтың Алматы облысына іс-сапарының нәтижесі
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев Алматы облысында мазмұнды жұмыс күнін өткізіп, өңірдің экономикалық әлеуетімен танысты. Ол жергілікті атқарушы билік өкілдерімен және кәсіпкерлермен кездесіп, бірқатар негізгі кәсіпорынды аралады. Сапардың басты бағыты – жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды қолдау арқылы экономикалық өсімді жеделдету, өңдеу өнеркәсібін дамыту және инвестициялар үшін жаңа мүмкіндіктер ашу болды.
Жұмыс сапары Алматы облысының бүгінде кәсіпкерлік әлеуеті жоғары өңірге айналып келе жатқанын көрсетті. Мұнда өнеркәсіп, агроөңдеу және жоғары технологиялар өзара үйлесімде дамып келеді. Шарлапаев сапарының негізгі мақсаты – экономикалық өсім алдымен қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған және кеңеюге дайын компанияларды қолдау арқылы жүзеге асатынын айқындау.


«Ісін жүргізіп отырған бизнесті дамыту – өңір экономикасы үшін ең жылдам нәтиже береді. Біздің міндетіміз – кеңеюге дайын кәсіпорындардың пулын қалыптастырып, олардың инвестициялық қажеттіліктерін анықтап, қаржыландыру құралдарымен байланыстыру. Бұл қысқа мерзім ішінде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ол.

Өңдеу өнеркәсібі мен инвестициялық жобалар сапардың негізгі тақырыптарының бірі болды. Мысал ретінде ірі агроөнеркәсіптік кешен – «Қапшағай Бидай Өнімдері» ЖШС аталды. Кәсіпорынға 12 млрд теңгеден астам инвестиция салынған, мұнда 318 адам жұмыс істейді. Өндірістік қуаты тәулігіне 400 тоннаға дейін шикізат өңдеуге және 300 тоннаға дейін ұн шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорын өнімдері ішкі нарықпен қатар экспортқа да, әсіресе Қытайға жеткізіледі, бұл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.


Ірі жобалармен қатар «Атамекен» ҮКП басшысы шағын және орта бизнеске де назар аударды. Ол «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында ұйымдастырылған жергілікті өндірушілер көрмесін аралады. Көрмеде қолөнер бұйымдары, сүт және ет өнімдері, өңделген жеміс-көкөніс, сондай-ақ креативті индустрия өнімдері ұсынылды.


«Мұндай көрмелер тіпті шағын өндірушілердің де сапалы өнім жасап, ұлттық әрі халықаралық нарықтарға шығуға қабілетті екенін көрсетеді», – деді Қанат Шарлапаев.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевпен өткен кездесуде бизнесті қолдау тетіктері, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және әкімшілік жүктемені азайту мәселелері талқыланды. Шарлапаевтың айтуынша, «жобаларды бірлесіп сүйемелдеу, бизнестің мәселелерін жедел шешу және өңдеу өнеркәсібіне басымдық беру өңір экономикасының өсуін едәуір жеделдетуге мүмкіндік береді».


Жұмыс бағдарламасына болашақ индустриясымен танысу да кірді. Сапар барысында Төраға заманауи кәсіпорындар, соның ішінде медициналық бұйымдар өндірушісі «Дольче» ЖШС,



ірі сублимациялық комбинат «Fruit Art» ЖШС,



Green Eco жылыжай кешені



және Dala Edge Creative Tech Park инновациялық кластерін аралады.



Бұл жобалардың әрқайсысы экономикалық дамудың түрлі бағыттарын – агроөңдеу мен тамақ өнеркәсібінен бастап креативті индустриялар мен халықаралық білім беру және продакшн бағытындағы стартаптарға дейін қамтиды.
Кәсіпкерлермен өткен кеңейтілген кездесуде салық саясаты, қаржыландыруға қолжетімділік, ауыл шаруашылығы ұңғымаларын заңдастыру, сұйытылған газды бөлу және жергілікті өндірушілердің сатып алуларға қатысуы сияқты өзекті мәселелер талқыланды. Шарлапаев бизнесті қолдаудың жүйелі тәсілінің маңызын атап өтті:
«Біз жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар үшін инвестициялық жобалар пулын қалыптастырып жатырмыз, жаңа Салық кодексі мен отандық тауар өндірушілер тізілімін енгізу жұмыстарын сүйемелдейміз. Біздің міндетіміз – бизнесті кәсіби тұрғыда қорғауды күшейтіп, мемлекеттік органдармен тиімді диалог орнату».

Жалпы алғанда, сапар Алматы облысы өнеркәсіптік әлеуетті, кәсіпкерлік белсенділікті және инвестициялық мүмкіндіктерді ұштастыра алатын өңір екенін көрсетті. Бизнесті жүйелі қолдау және жобаларды тиімді сүйемелдеу жағдайында бұл аймақ Қазақстан экономикасының негізгі даму тіректерінің біріне айнала алады.
«Алматы облысы – кәсіпкерлік әлеуеті жоғары стратегиялық өңір. Бизнесті жүйелі қолдау, жобаларды сүйемелдеу және ашық диалог экономиканың өсуі үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деп түйіндеді Ұлттық палата басшысы.