Ақтөбеде оқушылар бизнес-идеяларын сарапшыларға ұсынды: алда Астанадағы финал және стартапты дамытуға 1,5 млн теңге
Бүгін Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасында жай ғана мектеп презентациялары емес — болашақ стартаптардың қорғалуы өтуде. Ақтөбе мектептерінің оқушылары өз бизнес-идеяларын сарапшылардың, кәсіпкерлердің және салалық кеңестер өкілдерінің алдында таныстыруда. Үздік жобалар Астанада өтетін финалға жолдама алып, басты жүлде — өз ісін дамытуға арналған 1,5 миллион теңге үшін бақ сынайды.
Кәсіпкерлер палатасының алаңында Kazguu School мектептер желісі ұйымдастырған мектеп оқушылары арасындағы мерейтойлық V бизнес-жобалар байқауының III кезеңі өтуде.
Байқау 31 қаңтарда басталған. Алғашқы кезеңде ұйымдастырушыларға 36 өтінім түскен. Бүгінде үшінші кезеңге 24 қатысушыдан 14 жоба жолдама алды.
Бүгін жас авторлар өз жобаларын қазылар алқасына таныстыруда. Қазылар құрамында Кәсіпкерлер палатасының бизнес-сарапшылары, тәжірибелі кәсіпкерлер және салалық кеңестердің өкілдері бар. Оқушылар жобаларын таныстырып қана қоймай, сарапшылардың сұрақтарына жауап беріп, өз идеяларын қорғауда — бұл нағыз инвестициялық питчингке ұқсайды.

Жобалардың тақырыбы әртүрлі. Мәселен, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Искалиев Нұрбақыт автокөлікке арналған ішкі қауіпсіздіктің цифрлық жүйесін ұсынды.
Ал №78 орта мектептің оқушылары мектеп зертханасының базасында әзірленген табиғи антисептик жобасын таныстырды. Жас зерттеушілер бұл өнімді кеңейтіп, нарыққа экологиялық өнім ретінде шығаруды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар ұсынылған жобалардың қатарында: мини-баспахана, арт-десерттер дайындау жобасы, Neura Study білім беру платформасы, «Трдельники» стрит-фуд жобасы және басқа да оқушылардың стартап-идеялары бар.

Байқауға облыстың түрлі оқу орындарының оқушылары қатысуда. Олардың қатарында Kazguu School, Назарбаев зияткерлік мектептері, БИЛ, №78 мектеп және Ақтөбедегі басқа да мектептердің оқушылары бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау Kazguu School желісінің барлық филиалдарында — Ақтөбе, Қостанай және Қарағанды қалаларында өтуде. Үшінші кезеңнің қорытындысы бойынша финалистер анықталып, олар Астанада өтетін республикалық финалда өз жобаларын қорғайды.
Жеңімпазды 1 500 000 теңге көлеміндегі басты жүлде күтеді. Бұл қаражатты өз стартабын дамытуға жұмсауға болады.

Жобаның басты мақсаты — жастар арасында кәсіпкерлік ойлау қабілетін дамыту. Байқау барысында оқушылар идея ойлап табуды, бизнес-жоспар құруды, командада жұмыс істеуді және өз жобаларын көпшілік алдында қорғауды үйренеді.
Мұндай бастамалар жастарға креативтілігін танытып, нақты мәселелерге шешім ұсынуға мүмкіндік беріп қана қоймай, кәсіпкерлікке алғашқы қадам жасауға жол ашады. Нәтижесінде елдің болашақ бизнес-көшбасшылары қалыптасады.
