«Жайсан» өткізу пункті мәселесі бойынша Кеңесте қаралғаннан кейін алғашқы нәтижелер бар

13.03.2026
«Жайсан» өткізу пункті мәселесі бойынша Кеңесте қаралғаннан кейін алғашқы нәтижелер бар

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы бұған дейін Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің күн тәртібіне бірнеше рет шығарған «Жайсан» халықаралық автомобиль өткізу пунктіндегі (ХАӨП) кептеліс мәселесі практикалық шешімдер кезеңіне өтті. Кезекті отырыста мониторингтің аралық нәтижелері ұсынылды, олар өңірлік «Атамекеннің» Кеңес аясындағы және мемлекеттік органдармен бірлескен жүйелі жұмысы алғашқы елеулі оң өзгерістер бере бастағанын растайды.

ӨКП құқықтық бөлімінің сарапшысы Жұлдыз Махамбетжанова атап өткендей, бизнес үшін басты «түйіткілді мәселе» – шектес бекеттердің өткізу қабілетіндегі айтарлықтай айырмашылық болып қала береді. Қазіргі уақытта айқын техникалық диспропорция байқалады: Қазақстан тарапынан («Жайсан») 8 қозғалыс жолағы жұмыс істеп тұрса, Ресей өткізу пунктінде («Сагарчин») олардың саны небәрі екеу.

Бұл «тар өткел» тасымалдаушылардың жұмысына іс жүзінде кедергі келтіріп, Қазақстанның жаңартылған инфрақұрылымының артықшылықтарын жоққа шығарады және бақылау процедураларынан өту уақытын ұзартады, бұл кәсіпкерлердің қалтасына тікелей соққы болып тиеді.

Мәселені жүйелі шешу үшін Кәсіпкерлер палатасы Орынбор облысындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Виктор Коршуновқа жүгінуге бастамашы болды. Өзара іс-қимыл нәтижесінде «Сагарчин» ХАӨП-ті қазақстан-ресей шекарасындағы өткізу пункттерін дамыту жөніндегі ресми жол картасына енгізу туралы ақпарат алынды.

Ресей тарапының ақпараты бойынша, «Сагарчин» өткізу пунктін модернизациялау қазақстан-ресей шекарасындағы өткізу пункттерін дамыту жөніндегі жол картасында қарастырылған. 2026 жылы ұйымдастыру іс-шараларын өткізу, ал 2028 жылға қарай – қозғалыс жолақтарының санын онға дейін ұлғайта отырып, инфрақұрылымды кеңейту жоспарлануда. Екі бекеттің қуаттылығын синхрондау кезектерді түбегейлі азайтуға және халықаралық транзитті жеделдетуге мүмкіндік береді.

Изображение

Сонымен қатар, ішкі процедураларды оңтайландыру бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Өткен Кеңестен кейін Ақтөбе облысының мәслихаты ҚР Парламенті Сенатына, Қаржы министрлігіне, Ауыл шаруашылығы министрлігіне және ҰҚК Шеккара қызметіне шекараның өзінде аккредиттелген фитосанитарлық зертханалар құру туралы ұсыныспен хат жолдады.

Бұл бастама мемлекеттік органдардың көпшілігінен қолдау тапты. Зертханалардың тікелей шекарада пайда болуы сараптамаларды кідіріссіз жүргізуге мүмкіндік береді деп күтілуде, бұл тез бұзылатын жүктер үшін өте маңызды. Қазіргі уақытта жобаны түпкілікті келісу үшін ҰҚК Шеккара қызметімен кеңесулер жалғасуда.

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені бақылаудан алмайды. «Жайсан» ХАӨП-тегі жағдайды мониторингілеу нақты уақыт режимінде жалғасуда.

«Мемлекеттік құрылымдармен және ресейлік әріптестермен өзара іс-қимыл халықаралық тасымалдау жағдайлары бизнес үшін барынша қолайлы болғанша жалғасады. Алғашқы қадамдар жасалды, мерзімдер белгіленді — ендігі кезекте ӨКП-нің міндеті осы жоспарларды іске асырудың әрбір кезеңінде кәсіпкерлердің мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету», — деп түйіндеді палата жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Абдухат Мырзалин.