Қызылордада жаңартылған «Империя вкуса» кондитерлік дүкені ашылды

12.03.2026
Қызылордада жаңартылған «Империя вкуса» кондитерлік дүкені ашылды

11 наурыз күні «Империя вкуса» кондитерлік дүкенінің кеңейтіліп, жаңартылған форматта қайта ашылу салтанаты өтті.

Салтанатты шараға Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының ұжымы, Палатаның Әйелдер кәсіпкерлігі салааралық кеңесінің мүшелері, өңіріміздегі әйелдер бизнес-қауымдастығының өкілдері және арнайы қонақ ретінде СААҒ төрайымы, Lanzhou мейрамханалар желісінің негізін қалаушы Гүлбану Майгарина қатысты.

Изображение

Тұсаукесер лентасын қиған Гүлбану Майгарина тәттілер дүкенінің иесі Алтынай Елеусізованың кәсіпкерлік жолындағы табысты еңбегін атап өтіп, оның әйелдер кәсіпкерлігі қауымдастығындағы белсенді рөліне ерекше тоқталды.

Өз кезегінде Палата директоры Пірмұхаммед Сыздық жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, «Империя вкуса» бүгінде Қызылорда тұрғындарының сүйікті тәттілерінің біріне айналып, талай тұтынушының жүрегінен орын алған бренд екенін атап өтті.

– Сапалы әрі дәмді өнімдерді көпшілікке ұсынуға бағытталған бұл бастама – өңіріміздің кәсіпкерлік әлеуетін арттырып, отандық өнімнің беделін көтеретін маңызды жоба. Қазақтың бай дастарқан мәдениетін заманауи форматта дәріптеп, тұрғындарға табиғи әрі сапалы кондитерлік өнімдер ұсынудағы еңбектеріңіз зор құрметке лайық. Осындай игі бастамалар арқылы жергілікті өндірісті дамытуға, ұлттық брендтердің қалыптасуына және кәсіпкерлік ортаның нығаюына қосып отырған үлестеріңіз ерекше, – деді ол.

Бүгінгі таңда «Империя вкуса» 160-тан астам түрлі өнім шығарады. Олардың қатарында торттар, бәліштер, түрлі десерттер мен тәтті тоқаштар бар. Барлық өнімдер күн сайын жаңадан дайындалып, сатып алушыларға ұсынылады.

Кондитерлік дүкен әсіресе өзінің самсасымен және «Милка» тәтті өнімімен бренд ретінде кеңінен танымал болды. Көптеген тұрғындар осы ерекше дәмді самсаны және тәттілерді сатып алу үшін арнайы осы жерге келеді. Сонымен қатар мерекелік торттар, круассандар мен әсем безендірілген десерттер де үлкен сұранысқа ие.

Қазіргі уақытта «Империя вкуса» өз дамуын жалғастырып, қызмет аясын кеңейтіп келеді. Соның нәтижесінде Астана қаласында да филиалы ашылып, брендтің басқа қалаларға да танымал бола бастағанын көрсетуде.

Бүгінде «Империя вкуса» тек дәмді өнімдер сататын орын ғана емес, сонымен қатар халық сеніміне ие болған табысты кәсіпорындардың біріне айналды.