Алматы: бизнес пен мемлекет диалогы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаевтың Алматыға іс-сапары мемлекет пен кәсіпкерлер қоғамдастығы арасындағы стратегиялық өзара іс-қимылдың нақты шешімдерге, жаңа жұмыс орындарына және инвестициялық мүмкіндіктерге айналатынын айқын көрсетті.
Сапар аясында «Атамекен» басшысы қала әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесіп, мегаполистің даму басымдықтарын, инвестициялық ахуалды және бизнесті қолдау мәселелерін талқылады.

«Бүгінде экономиканың жылдам даму қарқыны тек жаңа инвесторларға ғана емес, алдымен қазір жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды қолдауға және бизнестің нақты мәселелерін шешуге байланысты», – деп атап өтті Қанат Шарлапаев.

Қала әкімі шағын және орта бизнес Алматы экономикасының негізгі тірегі екенін айтты. Қазір қалада шамамен 400 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді, олар бір миллионнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
Сапардың келесі кезеңі – Қанат Шарлапаевтың Алматы қаласының Өңірлік кеңес мүшелерімен кездесуі болды. Іс-шараны Өңірлік кеңес төрағасы Мақсат Кикимов жүргізді.

Талқылаудың негізгі тақырыбы – кәсіпкерлерді толғандыратын мәселелер болды. Атап айтқанда, тауарларды таңбалау жүйесін енгізу және жалпыға бірдей белгіленген салық режимін қолдану мәселелері көтерілді. Кәсіпкерлер өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, реттеуді жетілдіру бойынша ұсыныстарын айтты. Диалог барысында Қанат Шарлапаев бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл форматы өзгеріп жатқанын атап өтті.
«Министрлер алаңға өздері келетін болды. Бүгінде мәселелер жария мәлімдемелер арқылы емес, дәл осы жерде, бизнес өкілдерінің қатысуымен нақты талқыланып, шешіледі», – деді ол.

Алматының Өңірлік кеңесі қаладағы ірі компаниялардың иелері мен шағын және орта бизнес өкілдерін қоса алғанда, бизнес пен салалық қауымдастықтардың 28 өкілін біріктіреді. Оның жұмысын экономиканың негізгі бағыттарын қамтитын IT және креативті индустриялардан бастап құрылыс пен жеңіл өнеркәсіпке дейін он салалық кеңес толықтырады.

Алматының Өңірлік кәсіпкерлер палатасы Шыңғысхан Мамановтың жетекшілігімен жұмыс істейді. Палатада 51 қызметкер бар және олар бизнестің мүддесін қорғау мен іскерлік ортаны дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізеді.
Бағдарламаның тағы бір маңызды бөлігі – қала кәсіпкерлерімен кеңейтілген кездесу болды. Оның басты мақсаты – ашық диалог орнатып, алматылық бизнесті толғандыратын жүйелі мәселелерді талқылау.

Кәсіпкерлер ТжКБ жүйесіндегі жан басына шаққандағы қаржыландыру, медициналық лицензиялардың бес жылдық мерзімі, рибейттер механизмі, жеке мектептерді қаржыландыру, мектеп тамағын реттеу, мемлекеттік сараптамадан өту мерзімдері, құрылыс саласындағы нормашығармашылық пен баға белгілеу, сондай-ақ балалар тауарларын өндірушілерге арналған салықтық жеңілдіктер мен ел ішіндегі қосылған құн үлесін арттыру мәселелерін көтерді.


Сонымен қатар кездесуде жаңа Конституция жобасы бойынша алдағы республикалық референдумның маңыздылығы да талқыланды. «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы кәсіпкерлер қоғамдастығы оның стратегиялық маңыздылығы бар екенін айтты.

«Бұл – ел үшін тарихи сәт. Мен жеке өзім жаңа Конституцияны қолдап дауыс беремін, себебі ол жекеменшік құқығын қорғауға, кәсіпкерлік еркіндікке және монополияларды шектеуге кепілдік береді. Ең бастысы – ол тұрақтылық пен ұзақ мерзімді экономикалық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», – деді ол.
Сонымен бірге іс-сапар барысында Палата басшысы Алматының жетекші кәсіпорындарының ауқымы мен инновациялық әлеуетін бағамдады.
«JANA POST» ЖШС халықаралық нарыққа шығуға арналған цифрлық логистикалық экожүйе құрып, жылына 90 миллионға дейін жеткізілімді өңдей алады.



«Көк базардың» жаңғыртылуы мыңдаған сауда орны үшін заманауи әрі қауіпсіз кеңістік қалыптастырып, мәдени мұраны сақтай отырып инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.


Ал Promenade бизнес-паркі мыңнан астам жұмыс орнын ұсынып, стартаптар, конференциялар және халықаралық жобалар үшін заманауи алаңдар қалыптастырып, қаланың іскерлік экожүйесін нығайтады.


«Алматы – кәсіпкерлік әлеуеті жоғары қала. Бизнесті жүйелі қолдау, жобаларды сүйемелдеу және ашық диалог жаңа даму нүктелерін қалыптастырып, инвестициялық тартымдылықты арттырады әрі әр саланың әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді», – деді Қанат Шарлапаев сапар барысын қорытындылай отырып.
Жалпы алғанда, жұмыс сапары мемлекет, кәсіпкерлер және технологиялар арасындағы синергия тұрақты экономикалық өсімнің, инновациялар мен жаңа жұмыс орындарының экожүйесін қалыптастыратынын көрсетті. Бұл Алматыны елдің экономикалық, инновациялық және мәдени орталығына айналдырып, тарих пен заманауи шешімдердің үйлесімді дамуына жол ашады.