Астанада такси мен қоғамдық көліктің бірыңғай ұлттық стилін қалыптастыру ұсынылды

16.03.2026
Астанада такси мен қоғамдық көліктің бірыңғай ұлттық стилін қалыптастыру ұсынылды

Астанада такси мен қоғамдық көліктің бірыңғай ұлттық стилін қалыптастыру мәселесі көтерілді. Бұл бастама Кәсіпкерлер палатасында өткен «Көлік және логистика» салалық кеңесінің отырысында талқыланды.

Жиынға Палата өкілдерімен қатар Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы, Урбанистика орталығы, Мәдениет басқармасы, City Transportation Systems компаниясы және кәсіпкерлер қатысты.

Бастаманы салалық кеңес төрағасы Қанат Кобесов ұсынды. Оның айтуынша, сағат сайын шамамен 100 мыңға жуық адам көретін қоғамдық көлік тек қатынас құралы ғана емес, қаланың айрықша белгісіне айнала алады.

Изображение

«Әлемнің көптеген қалаларында көлік әлдеқашан символға айналған. Мысалы, Нью-Йорктегі сары таксилер немесе Лондондағы қара кэбтер. Астананың да өзіндік, бірден танылатын келбеті болуы тиіс», – деді ол.

Ұсынысқа сәйкес, автобустар мен таксилердің сыртқы көрінісінде қазақтың ұлттық ою-өрнектері, соның ішінде «Бәйтерек» бейнесіне негізделген элементтер қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар көліктерге қазақ ойшылдарының нақыл сөздерін орналастыру да қарастырылып отыр.

Бастама авторларының айтуынша, мұндай тәсіл елорданың мәдени келбетін айқындап, туристер үшін тартымдылығын арттыра түседі.

Жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру ұсынылды. Алдымен пилоттық режимде 50 такси мен 20 автобусты брендтеп, 2–3 ай бойы сынақтан өткізу жоспарланып отыр. Кейін тұрғындар мен жолаушылардың пікірлері ескеріліп, нәтижесіне қарай жоба ауқымы кеңейтілуі мүмкін.

Талқылау барысында мемлекеттік органдар көлікке бірыңғай дизайн енгізу жұмыстары басталып кеткенін айтты. Қазірдің өзінде қалалық автобустар үшін ұлттық ою элементтері бар көк түсті стиль бекітіліп, жаңа автобустар сол форматта жеткізіліп жатыр.

Сонымен қатар қатысушылар бірқатар практикалық мәселелерді де көтерді. Атап айтқанда, жапсырма мен пленкалардың тез тозуы, көліктің төменгі бөлігінің жиі ластануы және жол-көлік оқиғаларынан кейінгі зақымдану мәселелері айтылды.

Терезелерге перфорацияланған пленка қолдану тәжірибесі де сынға алынды. Бұған дейін мұндай тәсіл жолаушыларға қолайсыздық туғызып, сыртқы көріністі көруге кедергі келтірген.

Сондай-ақ қолданыстағы ережелерде такси үшін бірыңғай визуалды стандарттың болмауы бұл бастаманы толық іске асыруға кедергі келтіруі мүмкін екені атап өтілді.

Кеңес барысында ұсыныстар да айтылды. Қатысушылар қолданыстағы автобус дизайнын жетілдіру қажет екенін, сондай-ақ көліктерге «Астана» атауын және мазмұнды дәйексөздерді енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Бұдан бөлек, қала келбетін айқындайтын балама түстерді қолдану мәселесі де көтерілді.

Жобаны қаржыландырудың бір жолы ретінде демеушілерді тарту ұсынылды. Мәселен, детейлинг орталықтары брендтеу жұмыстарын қаржыландырып, оның орнына көліктерде жарнама орналастыру мүмкіндігіне ие бола алады.

Талқылау қорытындысында қатысушылар бастаманың өзектілігін атап өтіп, оны жетілдіру жұмыстарын жалғастыру және пилоттық жобаны іске қосу мүмкіндігін қарастыруға келісті.