Астана қаласының білім беру ұйымдарын КММ-ден ШЖҚ МКК-ға қайта ұйымдастыру туралы
Қоғамдық талқылау мақсатында Астана қаласының Білім басқармасының №№ 40, 112, 113, 114 мектептерін ұйымдастырушылық-құқықтық нысанын КММ-ден ШЖҚ МКК-ға өзгерту арқылы қайта ұйымдастыру туралы ұсынысы орналастырылды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 49-тармағын орындау мақсатында (Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 13 қыркүйектегі №1008 Жарлығымен бекітілген), Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы №963 қаулысымен білім беру саласындағы «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы бекітілді. Аталған жобаның мақсаты – орта білім беру ұйымдарындағы оқушы орындарының тапшылығын, үш ауысымды оқытуды және апаттық жағдайларды жою.
Астана қаласында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2024-2025 жылдары 23 мектеп салынды.
Айта кету керек, «Жайлы мектептердегі» оқушы орындарын пайдалануға беру тиісті жергілікті атқарушы орган тарапынан мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылады. Мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайту мақсатында, міндетті білім беру бағдарламасымен қатар, «Жайлы мектептер» білім сапасын арттыруға және түлектердің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған қосымша қызметтер көрсету мүмкіндігіне ие болуы тиіс.
Осыған байланысты Астана қаласының Білім басқармасы «Астана қаласының кейбір мемлекеттік білім беру ұйымдарын қайта ұйымдастыру туралы» (№№ 112, 113, 114 жайлы жалпы білім беретін мектептер және № 40 мектеп-лицейдің ұйымдастырушылық-құқықтық нысанын КММ-ден ШЖҚ МКК-ға өзгерту) Астана қаласы әкімдігінің қаулы жобасын әзірледі.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 134-бабы 2-тармағының 5) тармақшасына сәйкес, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру саласында қызмет жүзеге асырады. Мектептердің қызмет ету мерзімі – білім беру қызметіне берілген лицензияға сәйкес мерзімсіз.
№№ 40, 112, 113, 114 мектептердің қызметі Астана қаласының әкімшілік-аумақтық шекаралары шегінде жүзеге асырылады.
Құрылтайшысы (акционері) және оған қатысты мемлекеттік коммуналдық меншік құқығы субъектісінің функцияларын жүзеге асыратын орган – Астана қаласының әкімдігі.
Аталған мектептерді ШЖҚ МКК нысанында ұстау жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат есебінен мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 63-бабы 3-тармағына сәйкес, ШЖҚ МКК мектептері мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарынан тыс қосымша тауарлар (жұмыстар, қызметтер) көрсетуді ақылы негізде, тиісті шарт жасасу арқылы жүзеге асыра алады.
Кәсіпорындар келесі қызмет түрлерін жүзеге асыруды жоспарлайды:
1. мектепке дейінгі білім беру (балаларды бес жастан бастап мектепке даярлау) (ЭҚЖЖ 85100);
2. негізгі және жалпы орта білім беру (ЭҚЖЖ 85310);
3. білім беру саласындағы басқа да қызметтер (басқа топтарға енгізілмеген) (ЭҚЖЖ 85599).
Кәсіпорындар Қазақстан Республикасының «Білім туралы» (63-баптың 3-тармағы) және «Мемлекеттік мүлік туралы» заңдарына сәйкес ақылы білім беру қызметтерін көрсетуге құқылы:
1. қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыру (балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын, спорт, мәдениет және өнер саласындағы қабілеттері мен қызығушылықтарын дамыту);
2. жекелеген білім алушылармен оқу жоспары мен бағдарламаларда қарастырылған оқу уақытынан тыс пәндер бойынша қосымша сабақтар ұйымдастыру;
3. білім алушылармен пәндер бойынша ғылым негіздерін тереңдетіп оқытуды ұйымдастыру;
4. түрлі іс-шараларды (спорттық жарыстар, семинарлар, кеңестер, конференциялар) өткізу, сондай-ақ оқу-әдістемелік әдебиеттерді әзірлеу және іске асыру;
5. музыкалық аспаптарды пайдалануға беру және қосымша интернет қызметтерін көрсету;
6. жазғы демалысты ұйымдастыру, білім алушылар мен тәрбиеленушілерді және іс-шараларға қатысушыларды тамақтандыруды қамтамасыз ету;
7. оқу-өндірістік шеберханалар, оқу шаруашылықтары мен тәжірибелік учаскелер өнімдерін өндіру және сату;
8. ғылыми зерттеулер жүргізу;
9. дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық құрылыстарды жалға беру.
Ескертулер мен ұсыныстар болған жағдайда оларды келесі электрондық мекенжайға жолдауларыңызды сұраймыз: a.alkhuat@atameken.kz.