«Атамекенде» банкроттық саласындағы өзін-өзі реттеуді қайта іске қосу мәселесі талқыланды
Оңалту және банкроттық саласындағы өзін-өзі реттеуді дамыту Қазақстан үшін өзекті тақырыптардың бірі болып қала береді, өйткені ол тікелей бизнес-орта мен жалпы экономикаға әсер етеді.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған жиын дәл осы мәселеге арналды. Жиын барысында аталған салада міндетті мүшелік негізінде өзін-өзі реттеуді енгізу процесін қайта іске қосу мәселесі талқыланды. Талқылауға мемлекеттік органдар мен кәсіби қоғамдастық өкілдері қатысты.
Әңгіме кәсіби басқарушылар туралы болып отыр — қаржылық қиын жағдайға тап болған компаниялардың тағдыры тікелей осы мамандардың қабылдайтын шешімдеріне байланысты. Олар оңалту рәсімдерін сүйемелдеп, бизнесті қалпына келтіруге көмектеседі немесе қажет болған жағдайда барлық тарап үшін шығынды барынша азайта отырып, банкроттық рәсімдерін сауатты жүргізеді. Олардың біліктілігі мен адалдығы нақты бір істің нәтижесіне ғана емес, жалпы жүйеге деген сенімге де әсер етеді.

Қазіргі таңда бұл сала көбінесе мемлекеттік реттеуде. Алайда тәжірибе көрсеткендей, бір ғана әкімшілік бақылау жеткіліксіз. Жүйеде рәсімдердің созылуы, басқарушылар қызметін бағалауда формалды көзқарас, бірыңғай кәсіби стандарттардың болмауы сияқты мәселелер бар. Соның салдарынан бизнес пен кредиторлар тарапынан наразылық туындайды. Мемлекеттік орган әрбір рәсімді терең әрі жедел бақылауға объективті түрде үлгермейді, ал онсыз сапаны қамтамасыз ету мүмкін емес.
Сондықтан өзін-өзі реттеуді дамыту қажеттілігі жиі көтерілуде. Оның мәні қарапайым: бірқатар функцияларды осы саланың ерекшелігін жақсы білетін кәсіби қауымдастыққа беру. Ең алдымен, бұл — кәсіпке жіберу, қызмет сапасын бақылау және шағымдарды қарау мәселелері. Бұл ретте мемлекет процестен шет қалмайды, керісінше стратегиялық және қадағалау рөлін сақтайды.

Мұндай тәсіл неғұрлым икемді әрі тиімді жүйе құруға мүмкіндік береді. Өзін-өзі реттейтін ұйымдар түсінікті әрі тәжірибеге негізделген стандарттарды қалыптастырып, олардың сақталуын қамтамасыз етеді және өз мүшелері үшін беделдік жауапкершілік алады. Кәсіби ортада жұмыс сапасын арттыруға деген қызығушылық қалыптасады, себебі бұл нарықтағы сенімге тікелей әсер етеді. Сонымен қатар мұндай құрылымдар бұзушылықтарға жедел әрекет етіп, даулы жағдайларды тезірек шеше алады.
Жиын қорытындысы бойынша тараптар кезең-кезеңімен әрекет ету туралы уағдаласты: өзін-өзі реттейтін ұйымдар қажетті нормативтік және ұйымдастырушылық базаны әзірлеуі тиіс, одан кейін уәкілетті мемлекеттік органмен тиісті келісім жасасу жоспарлануда. Мұндай тәсіл ұсынылған модельді тәжірибе жүзінде сынақтан өткізіп, мемлекет пен кәсіби қоғамдастық арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бұл ретте күрт көшу туралы сөз болып отырған жоқ. Алғашқы кезеңде шектеулі функциялар жиынтығын беру жоспарлануда — мысалы, кәсіпке жіберу және шағымдарды қарау. Бұл модельді сынап көруге, өзара іс-қимылды жолға қоюға және тек содан кейін өкілеттіктерді кеңейту туралы шешім қабылдауға мүмкіндік береді.