Қарағанды облысының тұрғындары қолөнерін брендке айналдырып, грантқа үміткер бола алады

18.03.2026
Қарағанды облысының тұрғындары қолөнерін брендке айналдырып, грантқа үміткер бола алады

Қарағанды облысында «Бір ауыл – бір өнім» (БАБӨ) жобасына қатысуға өтінім қабылдау ресми түрде басталды. Жоба жергілікті шикізатты пайдаланып, бірегей өнім өндіретін кәсіпкерлерді, қолөнершілерді және өндірушілерді қолдауға бағытталған.

Жоба жергілікті шикізатпен жұмыс істейтін, дәстүрге сүйеніп, өзіндік ерекше өнім жасайтын азаматтарға арналған. Атап айтқанда, азық-түлік өндірушілер, қолөнер шеберлері, түрлі бұйымдарды қолмен жасайтын мамандар — жалпы идеясы, ісмерлігі және дамуға деген ынтасы бар кез келген адам қатыса алады.

Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында атап өткендей, БАБӨ – жай ғана байқау емес, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын қолдау тетігі. Алғашқы кезеңде қатысушылар мамандардан кеңес алып, өнімдерін жетілдіруге көмек алады. Кейін олар өз тауарларын өңірлік көрмеде ұсынады. Көрмеде сарапшылар өнімдерді бағалап, қатысушыларға өздерін кең аудиторияға таныстыруға мүмкіндік беріледі.

Көрме қорытындысы бойынша финалистер анықталады. Үздік жобалар мемлекеттік гранттарға үміткер бола алады. Соңғы жылдары жоба көптеген қарағандылықтардың өз ісін дамытуына серпін берді.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасын іске асырудың үш жылы ішінде өңірде өткен көрмелерге 100-ден астам тұрғын қатысты. Осы уақыт аралығында он жеңімпаз анықталып, олардың алтауы грант иегері атанды», – дейді Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов.

Финалистер қаржылай қолдаумен қатар, жан-жақты қолдауға ие болады: оқыту, өнімді жетілдіру, ілгерілету, бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ Астана қаласында өтетін республикалық көрмелерге қатысу мүмкіндігі беріледі.

Жобаның нәтижесінде қатысушылардың өнімдері нарыққа шыға бастады. БАБӨ аясында өндірілген азық-түлік, қолөнер бұйымдары мен косметика бүгінде еліміздің сауда желілерінің сөрелерінде ұсынылуда.

Жоба халықаралық деңгейде де танылуға мүмкіндік береді. Финалистер өз өнімдерін шетелде таныстырып, халықаралық деңгейде мойындалуда.

Мәселен, 2024 жылғы финалист Гүлжан Әбдіқашева керамикалық бұйымдарын Жапония, Қытай, Ресей және Түркия елдерінде таныстыруда.

Гүлпахат Құттыбаева киізден жасалған бұйымдарын Түркия, Германия, Польша және Франция нарықтарына шығарды.

Ал Дамели Ермекова киізден жасалған шығармашылық жиынтықтарын Иордания, Германия, Канада және АҚШ-та таныстыруда.

Жобаның басты мақсаты – жергілікті өнімдердің танымал өңірлік брендке айналып, кең нарыққа шығуына жағдай жасау, сондай-ақ республикалық кезеңге қатысу мүмкіндігін кеңейту.

Өтінім қабылдау қазірдің өзінде басталды.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасына келесі мекенжай бойынша жүгінуге болады: Қарағанды қаласы, Тәттімбет көшесі, 709, 2-қабат. Жұмыс күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін (түскі үзіліс 13:00–14:00).  Тел.: 8 775 104 90 44 Саят Мұхтарұлы Мұхтаров.

Барлық қызметтер тегін көрсетіледі.