Ақмола облысы – экономиканың тірегіне айналған бизнес кеңістігі
Бүгінде Ақмола облысы – тек елорда маңындағы өңір ғана емес, экономикалық өсімнің жаңа моделі қалыптасып жатқан қарқынды дамушы аумақ. «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаевтың бұл іс-сапары кәсіпкерлермен диалог орнату, өндіріс орындарын аралау және іскерлік ортаға тікелей әсер ететін жүйелі өзгерістерді талқылау арқылы бұл үдерісті ішкі жағынан көруге мүмкіндік берді.
Халқы 787,3 мың адам болатын өңірде 62 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Жалпы өңірлік өнім 4,2 трлн теңгеден асып, 15%-ға өсті. Инвестициялар 64,7%-ға ұлғайып, 926,9 млрд теңгеге жетті. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы екі таңбалы өсім қарқынын көрсетуде. Бұл көрсеткіштердің астарында жүйелі жұмыс пен ауқымы артқан кәсіпкерлік белсенділік тұр.
Облыс өзінің географиялық орнын тиімді пайдаланып, елорданың азық-түлік белдеуі ретінде әрі маңызды көлік-логистикалық хаб ретінде қалыптасты. Мұнда аграрлық әлеует пен туризм, өнеркәсіп пен қайта өңдеу қатар дамып, экономиканың әртараптануына жол ашуда.


Бұл үдерісте Ақмола облысының Өңірлік кәсіпкерлер палатасы маңызды рөл атқарады. Ол бизнес пен мемлекет арасындағы байланысты қамтамасыз етеді. Құрамында 39 қызметкер және Қуаныш Рақышев жетекшілік ететін 25 кәсіпкерден тұратын Өңірлік кеңес бар. Мұндай құрылым әртүрлі бизнес өкілдерінің мүддесін ескеріп, теңгерімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.


Сапардың негізгі өзегі – бизнеспен ашық диалог болды. Қанат Шарлапаевтың айтуынша, өзара іс-қимыл жаңа деңгейге көтерілуде:
«Біз шешімдер бизнестің қатысуымен алдын ала қабылданатын жүйелі модельге көшіп жатырмыз. Бұл тәуекелдерді азайтып, экономикалық саясатты болжамды етеді».


Өңір инвестиция тарту бойынша көшбасшы болғанына қарамастан, кәсіпкерлер оларды мазалап отырған бірқатар жүйелі кедергіні атап өтті. Олардың қатарында жер қатынастары мен жер қойнауын пайдалану, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, туризмдегі шектеулер, инфрақұрылым мен кадр тапшылығы, сондай-ақ қаржыландырудың қолжетімділігі бар.
Мұндай диалогтың практикалық маңызы нақты нәтижелермен дәлелденуде. Кездесу барысында Туризм және экология жөніндегі салалық кеңестің бастамасы нәтижесінде ұлттық парктерге кіру ақысы бойынша жеңілдіктер тізімі кеңейтілгені айтылды. Енді бұл норма 18 жасқа дейінгі барлық балаларға қолданылады. Бұрын жеңілдік тек мектеп жасына дейінгі балаларға ғана берілетін, бұл ерекше қорғалатын аумақтардағы балалар лагерьлеріне қосымша жүктеме түсірген еді.

«Туризм саласында тағы бір маңызды жеңіске қол жеткіздік. Түзетулер Мәжіліс пен Сенат депутаттарының бірауыздан қолдауына ие болды», – деп атап өтті Туризм және экология кеңесінің төрағасы Қайрат Сұлтанов.


Қабылданған өзгерістер балалар демалысы саласындағы бизнес шығындарын азайтып, ішкі туризмнің қолжетімділігін арттырады.
Қорытындылай келе, Қанат Шарлапаев бизнеспен тікелей диалог орнату өзекті мәселелерді жедел анықтап, нақты шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Барлық ұсыныстар Үкімет деңгейіне шығарылып, қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту мен ішкі инвесторларды қолдауға басымдық берілмек.


Сонымен қатар, «Атамекен» Палатасының трансформациясына ерекше назар аударылуда. Талдау функциясы күшейтіліп, бизнесті қорғау құралдары жаңартылуда, нақты экономикалық нәтиже басты назарға алынуда. Жаңа инвестициялық модель қалыптасып жатыр: жобалар пулы жасақталып, «бір терезе» қағидаты енгізілуде және прокуратура органдарының қатысуымен инвесторларды превентивті қорғау күшейтілуде.
Инвестициялық белсенділік ірі жобалармен де расталуда – энергетика, қайта өңдеу, денсаулық сақтау және туризм салаларында. Олардың қатарында Көкшетауда жылу электр орталығын салу, астықты терең өңдеу зауыты, көпсалалы аурухана және курорттық аймақ құру жобалары бар. Бұл бастамалар өңірдің жаңа экономикалық архитектурасын қалыптастырып, жұмыс орындарын ашуға және өндірістік тізбектерді кеңейтуге ықпал етеді.
Шағын және орта бизнес экономиканың негізгі тірегі болып қала береді, оның үлесі жалпы көлемнің шамамен үштен бірін құрайды. ШОБ-тан түсетін салық түсімдері 69%-ға өсіп, 33,7 млрд теңгеге жетті. «Іскер Аймақ» сияқты мемлекеттік бағдарламалар кәсіпкерлерге жобаларын кеңейтіп, жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік беруде.
Бұл үдерістердің нақты көрінісі – «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі болды. Онда жергілікті брендтер – крафт өнімдерден бастап халықтық қолөнер бұйымдарына дейін ұсынылды. Бұл өңір экономикасының тек ірі жобалар есебінен ғана емес, жергілікті бастамалар арқылы да дамып жатқанын көрсетеді.




Сапардың тәжірибелік бөлігі өңір кәсіпорындарын аралаумен жалғасты. Олардың қатарында «Көкшетау минералды сулары», «Гормолзавод» және ТМД үшін бірегей толық циклді ағаш өңдеу өндірісін ұсынатын «Блэк» компаниясы бар. Бұл кәсіпорындар жергілікті бизнестің сыртқы нарықтағы әлеуетін айқындайды.











Ақмола облысы инвестиция, мемлекеттік қолдау және кәсіпкерлік бастаманың тиімді үйлесуі арқылы өңір тек өсіп қана қоймай, тұрақты әрі әртараптандырылған жаңа экономикалық үлгіні қалыптастыра алатынын айқын көрсетуде.