Бизнесті артық қысымсыз дамыту: ШҚО-да кәсіпкерлерді негізсіз қудалау мәселесі талқыланды
Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлері әлі де әкімшілік кедергілер мен артық реттеу мәселелеріне тап болуда. Соның айқын мысалы ретінде Өскемен қаласындағы кәсіпорындардың бірінің жағдайы аталды. Бұл мәселе ШҚО Кәсіпкерлер палатасында мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері және кеңес төрағаларының қатысуымен өткен жұмыс кездесуінде көтерілді.
Отандық электротехникалық жабдық өндіруші кәсіпорын ұзақ уақыт бойы қажетті құрамдас бөлшектерді — қуаты төмен трансформаторларды импорттау кезінде қиындықтарға тап болып келеді. Аталған өнім Қазақстанда өндірілмегеніне қарамастан, компания қосарланған мақсаттағы тауарларды бақылау аясында ұзақ лицензиялау рәсімдерінен өтуге мәжбүр.
Ұсынылған материалдарға сәйкес, импорт кезінде жабдыққа қолданыстағы тізімде көзделмеген бақылау тізбесінің кодтары беріледі. Бұл лицензия беруден бас тартуға және өтінімдерді қайта тапсыру қажеттілігіне әкеледі, ал әр өтінім 30 жұмыс күніне дейін қаралады. Нәтижесінде жеткізу мерзімдері бұзылып, кәсіпорын қаржылық және іскерлік беделіне нұқсан келтіру тәуекелдеріне ұшырайды.
Кәсіпкерлердің пікірінше, мұндай жағдайлар жүйелі проблемалардың бар екенін және реттеу тәсілдерін қайта қарау қажеттігін көрсетеді. Атап айтқанда, олар тауарларды жіктеу кезінде бірыңғай тәсілді қамтамасыз етуді, бақылаудағы кодтар тізбесін нақтылауды, сондай-ақ елімізде өндірілмейтін өнімдерді бұл тізімнен алып тастауды ұсынады.
Осы және өзге де мәселелер кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты шектеу шараларын қолдану кезінде сәйкестік (соразмерлік) қағидатын сақтау тақырыбына арналған арнайы кездесуде талқыланды. Негізгі назар әкімшілік қысымды төмендетуге және кедергілерді жою бойынша нақты шешімдер әзірлеуге аударылды.
ШҚО Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Тимур Мукановтың айтуынша, мемлекеттік органдар тарапынан бизнес құқықтарын қорғау бағытында бірқатар шаралар қабылданып жатыр. Экономикалық сипаттағы қылмыстық істер тек құқық бұзушылық белгілері жеткілікті әрі расталған жағдайда ғана тіркеледі. Залал келтірілгені немесе заңбұзушылықтар туралы мәліметтері жоқ өтініштер сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілмейді.
Сонымен қатар тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде кәсіпорындардың қызметіне араласу барынша азайтылған: жауап алуға шақыру саны шектеледі, тергеу мерзімдерінің сақталуына бақылау жүргізіледі, ал негізгі процессуалдық шешімдер прокуратура органдарымен бірлесіп қабылданады.
Кездесу барысында Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының 1-басқарма бастығының орынбасары Иван Богомолов та сөз сөйледі. Ол кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселелері қадағалау органының тұрақты бақылауында екенін және түрлі алаңдарда жүйелі түрде көтерілетінін атап өтті.
Сонымен қатар, прокуратура өкілі адал кәсіпкерлермен қатар заң талаптарын бұзатын кәсіпкерлердің де бар екенін жеткізді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 200-бабына сәйкес алкоголь өнімдерін белгіленбеген уақытта сату фактілері жиі кездеседі. Оның айтуынша, мұндай заңбұзушылықтар мас күйінде жасалатын қылмыстардың өсуіне әсер етеді.
Осыған байланысты Иван Богомолов кәсіпкерлерді заң талаптарын қатаң сақтауға шақырып, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың маңыздылығын тағы да еске салды.
Өз кезегінде Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Кайрат Мамырбаев бизнес пен мемлекет арасындағы ашық диалогтың маңыздылығын және мұндай мәселелерді жүйелі түрде шешу қажеттігін атап өтті.
«Кәсіпкерлерді негізсіз қылмыстық қудалау фактілері мемлекеттік институттардың беделіне нұқсан келтіріп, іскерлік беделге зиян тигізеді және шаруашылық процестерді бұзады. Біздің ортақ міндетіміз – адал кәсіпкер қорғалған, ал барлық мәселелер құқықтық алаңда және сындарлы диалог арқылы шешілетін ашық әрі түсінікті ережелер қалыптастыру», – деді Кайрат Мамырбаев.
«Қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі статистикамен расталады – соңғы екі жылда кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық істер саны 36%-дан астамға азайды. Жұмыс бағыты жазалау шараларынан алдын алу мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға қарай ауысып келеді», – деп толықтырды Тимур Муканов.
Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар ұсыныстарды біріктіріп, оларды уәкілетті органдарға жолдауға келісті. Әкімшілік кедергілерді азайту және кәсіпкерлерді негізсіз қудалауға жол бермеу бойынша жұмыс жалғасатын болады.