«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаевтың Наурыз мейрамымен құттықтауы
Ардақты ағайын, қадірлі кәсіпкерлер!
Баршаңызды табиғат ана қайта түлеп, тіршілік атаулы жаңаратын, береке мен бірліктің бастауы – Әз-Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Соңғы жылдары бұл айтулы мереке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жаңа мазмұнға ие болып, жалпыұлттық «Наурызнама» онкүндігі аясында аталып өтуде. 14 наурыз – Көрісу күнінен бастау алатын бұл онкүндік аз уақыт ішінде тарихи дәстүрлерімізді, мәдени құндылықтарымыз бен қоғамдық бастамаларымызды ұштастырған маңызды халықтық үрдіске айналды. Наурызды бұлайша кең ауқымда тойлау – тек мерекелеу емес, бұл қоғамдағы татулықты нығайтып, игі істер жолында жұмылудың, яғни ұлттық жаңарудың шынайы кезеңі.
Биылғы Наурыз еліміз үшін ерекше тарихи белеспен тұспа-тұс келіп отыр. Біз жақында ғана өткен жалпыхалықтық референдумда бір ел болып жаңа Конституциямызды қабылдап, Әділетті Қазақстанның құқықтық іргетасын бекіттік. Осынау маңызды саяси науқанда айрықша белсенділік танытып, мемлекетіміздің болашағы мен тұрақтылығы үшін дауыс берген әрбір азаматқа, әсіресе кәсіпкерлер қауымына шынайы алғысымды білдіремін.
Қабылданған Ата Заң – біз үшін құрғақ сөз емес, бұл кәсіпкерлік еркіндіктің, жекеменшікке қолсұғылмаушылықтың және еркін бәсекелестіктің нақты кепілі. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы үшін бұл өзгерістер бизнес пен мемлекет арасындағы қарым-қатынастың жаңа этикасын қалыптастыруға жол ашты. Кәсіпкерлер тек салық төлеуші ғана емес, олар – жаңа жұмыс орындарын құрушы, инновацияларды енгізуші және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеруші басты күш. Осы орайда Конституциялық реформалар бізге ашық, әділ және бюрократиядан ада экономикалық ортада жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, экономиканың басты тірегі ретінде бизнестің рөлін нығайтуға жағдай жасайды.
Қадірлі достар! Наурыздың жаңару рухы сіздердің іскерлік бастамаларыңызға тың серпін берсін. Ұлыстың ұлы күнінде басталған әрбір жобаларыңыз табысты, ал жоспарларыңыз жемісті болсын. Күн мен түн теңелген осынау қасиетті шақта шаңырақтарыңызға құт-береке, елімізге тыныштық, ал істеріңізге толайым табыс тілеймін.
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Ізгі ниетпен,
«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы
Қанат Шарлапаев