Бизнес тәуекел астында: жабдықтың «қауіптілігі» туралы дау ШҚО Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесіне жетті

27.03.2026
Бизнес тәуекел астында: жабдықтың «қауіптілігі» туралы дау ШҚО Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесіне жетті

Шығыс Қазақстан облысында бизнеске мемлекеттік бақылаудың шекаралары жөніндегі пікірталас қайта ушыға түсті. ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің отырысында құқықтық анықсыздықтың кәсіпорынға қалай елеулі жүктеме әкелуі мүмкін екенін айқын көрсеткен жағдай қаралды.

Талқылауға «Өскемен конденсатор зауыты» ЖШС-нің өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан қойылған даулы талаптар жөніндегі өтініші себеп болды. Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорынға 17 бұзушылық бойынша нұсқама берілген. Компания олардың 16-сын жоюға келіскенімен, өндірістік ғимаратты міндетті түрде тексеру және диагностикалау туралы тармақпен үзілді-кесілді келіспейтінін білдірді.

Даудың мәні – құқықтық бағалауда: кәсіпорын қауіпті өндірістік объектілер санатына жата ма және тиісінше заңнаманың қосымша талаптарын орындауға міндетті ме деген мәселе.

Зауыт өкілдерінің түсіндіруінше, ғимараттарды тексеру міндеті тек қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланатын кәсіпорындарға жүктеледі. Ал қауіптілік заңға сәйкес жекелеген жабдықтың болуымен емес, өндірістің сипатына байланысты айқындалады. Мәселен, жарылыс қауіпті немесе химиялық қауіпті процестермен байланысты өндірістерге қатысты.

Кәсіпорында қызмет ету мерзімі өткен көпірлі крандар пайдаланылады, олар жыл сайын сараптамадан өтіп, техникалық қызмет көрсетіледі. Алайда компанияның айтуынша, мұндай механизмдер өздігінен қауіпті техникалық құрылғылар тізбесіне енгізілмеген және нысанды заң тұрғысынан «қауіпті» етпейді.

Жағдайды 2026 жылдан бастап күшіне енген заңнамалық өзгерістер де күрделендіре түсуде: енді қауіпті өндірістік объектілер қатарына қауіпті техникалық құрылғылар да жатқызылуы мүмкін. Соған қарамастан, бизнес өкілдері бұл өзгерістердің өз жағдайларына қолданылмайтынын алға тартады.

Қақтығыстың практикалық жағы да өзекті. Компания мәліметінше, ғимаратты диагностикалау шамамен 25 миллион теңге тұрады – бұл кәсіпорын бюджетіне айтарлықтай салмақ түсіруі мүмкін.

Сонымен қатар, компанияның айтуынша, мәселе тек трансформаторларды жылжыту үшін қолданылатын көпірлі крандарға байланысты туындаған. Тіпті оларды пайдаланудан бас тартқан жағдайда, кәсіпорын жоғары талаптар қойылатын объектілер санатына мүлде жатпайтын болады.

Төтенше жағдайлар департаменті бұл мәселеде қатаң ұстаным білдірді. Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Ринат Имашев ведомство кәсіпорынға белгілі бір жеңілдіктер жасағанын, атап айтқанда бұзушылықтарды жою мерзімі 2026 жылдың шілдесіне дейін ұзартылғанын атап өтті.

Оның айтуынша, нысан жоғары тәуекел санатына жатады, ал талаптардың қатаңдатылуы өндірістегі апаттар мен өлім-жітім жағдайларының артуымен де байланысты. Сонымен бірге, ол алдыңғы тексерулерде ғимаратты диагностикалау талабы қойылмағанын мойындады.

ДЧС өкілінің айтуынша, берілген нұсқаманы кері қайтару мүмкін емес.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің төрағасы Игорь Шацкий мұндай әрекеттер әкімшілік кедергілер туғызып, өндірістік қызметке кері әсер ететінін ашық мәлімдеді.

«Мұндай шешімдер кәсіпорын жұмысының іс жүзінде тежелуіне әкелуі мүмкін», – деді ол, бақылаушы органдар тарапынан неғұрлым теңгерімді тәсіл қажет екенін атап өтіп.

Кеңес сондай-ақ жағдайға құқықтық баға беру үшін прокуратура органдарына жүгіну туралы шешім қабылдады. Өз кезегінде Өскемен қаласы прокуратурасының өкілі тексерулерді тіркеу және нұсқамаларға өзгерістер енгізудің дұрыстығы мәселелеріне назар аударды – әсіресе жабдық бұрыннан диагностикаланған, ал талаптар тек ғимараттарға қатысты болған жағдайларда.

Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес Төтенше жағдайлар департаментіне нұсқамадағы даулы тармақты алып тастау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Ал Кәсіпкерлер палатасы кәсіпорынға құқықтық қолдау көрсетуді жалғастырады.

Конденсатор зауыты төңірегіндегі жағдай айқын бір шындықты көрсетті: бизнес пен мемлекет бір заң нормаларын әртүрлі түсіндіреді. Бұл теңгерім табылмайынша, мұндай даулар жүйелі сипат алып, тікелей қаржылық салдарға әкелуі мүмкін.