Қанат Шарлапаев Павлодар облысында: Бизнес пен инвестициялар үшін жаңа мүмкіндіктер
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды. Күні бойы Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшелерімен, шағын, орта және ірі бизнес өкілдерінің кең ауқымымен кездесулер өткізіп, өңірдің жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындарын аралады.
Павлодар облысы дәстүрлі түрде Қазақстанның индустриялық орталығы және елдің негізгі энергетикалық тораптарының бірі болып саналады. Жалпы өңірлік өнім тұрақты түрде өсіп, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 5,15 триллион теңгеге жеткен. Облыс жоғары инвестициялық әлеуетті көрсетіп отыр. 2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар 1,288 трлн теңге болса, 2026 жылға арналған өңір қоржынында жалпы көлемі 7 млрд теңге болатын 73 жоба бар, олар 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Ұлттық палата басшысы «Атамекеннің» жаңартылған стратегиясының негізгі басымдықтарын белгіледі.
«Біз бизнес үнін нақты өзінің жұмыс алаңынан естігіміз келеді. Ол үшін Палата өңірлерге жүйелі түрде шығып, кәсіпкерлермен тікелей диалог орнатады және өңірлік мәселелерді Үкімет деңгейіне жедел жеткізіп отырады», — деді ол.
Сонымен қатар, ол талдамалық жұмысты күшейтуге ерекше тоқталды. Бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылы жекелеген өтініштер мен шағымдарға емес, терең экономикалық талдау мен нақты фактілерге сүйенуге тиіс.
Ішкі инвесторларды дамыту маңызды бағыттардың бірі ретінде белгіленді. Микро, шағын және орта бизнес экономиканың негізі ретінде қарастырылады, осыған байланысты әлеуетті жергілікті кәсіпорындар пулын қалыптастыру, олардың қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту және жобаларды іске асырудың ерте кезеңдерінде әкімдік, даму институттары мен Палата арасындағы үйлестіруді жолға қою жоспарлануда.
Бұдан бөлек, әкімшілік жүктемені азайту, негізсіз тексерулерді қысқарту және бизнестің тұрақты дамуына кедергі келтіретін түйткілдерді жою басымдық берілетін бағыттар қатарына жатқызылды.

«Атамекен» басшысы Павлодар облысы кәсіпкерлердің Өңірлік кеңес мүшелерімен кездесті. Кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов кездесуге модераторлық етіп, Өңірлік кеңестің төрағасы Тоқжан Мұзапаров кеңес құрамын таныстырды. Онда 23 мүше, оның ішінде бір ірі, екі орта, 17 шағын кәсіпорын және үш бизнес-қауымдастық бар.
Қанат Шарлапаев кәсіпкерлерге азаматтық және экономикалық белсенділігі, жаңа жұмыс орындарын ашқаны және өңірді дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
«Экономика ішкі инвесторларға мұқтаж. Біз жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар негізінде инвестициялық жобалар пулын қалыптастырып, бизнес, даму институттары мен мемлекет арасындағы үшжақты өзара іс-қимылды дамтыамыз», — деп атап өтті ол.
Сапардың келесі кезеңі Павлодар облысы кәсіпкерлерімен кеңейтілген кездесуге ұласты.

«Павлодар облысы — елдің негізгі энергетикалық, металлургиялық және мұнай-химия өңірі, қуатты индустриялық хаб. Біз үшін бизнесті қорғауды күшейту және шешімдерді талдау мен нақты экономикалық фактілер негізінде қабылдау маңызды», — деді Қанат Шарлапаев.
Кездесу барысында өңір кәсіпкерлері бірқатар өзекті мәселені ортаға салды. Атап айтқанда, Су және Жер кодекстері арасындағы құқықтық қайшылықтар, ауыл шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде картопты өткізудегі қиындықтар, сондай-ақ павлодарлық экспорттаушылардың теміржол арқылы шекарадан өту проблемалары көтерілді. Киік популяциясының өсуіне байланысты ауыл шаруашылығына келетін залалға, салық салу мәселелеріне және әлеуметтік кәсіпкерлікті одан әрі дамыту мен қолдау қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

Кездесуде сонымен қатар кәсіпкерлікті жүйелі сүйемелдеу, инвесторларды қолдау, экспорттық әлеуетті дамыту және үздік талдау тәжірибелерін енгізу мәселелері талқыланды. Отандық өндірушілерді қолдау шаралары, соның ішінде олардың ішкі нарықтағы үлесін кеңейту жөніндегі бастамалар, сондай-ақ бизнес, мемлекет және сауда желілері арасындағы өзара іс-қимыл механизмдері қаралды.
Тараптар Павлодар облысында тұрақты іскерлік ортаны қалыптастыру және бизнесті одан әрі дамыту үшін мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік қоғамдастық арасындағы сындарлы диалогты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

«Атамекен» басшысы экспорттық құралдарды, әсіресе «бір терезе» қағидаты бойынша дамытудың және отандық өндірушілерді сыртқы нарықтарға шығу кезінде жүйелі сүйемелдеудің маңыздылығын атап өтті.
Сапардың қорытынды бөлімі өңірдің негізгі кәсіпорындарын аралаумен аяқталды. Олардың қатарында: жылына 5,8 млрд теңге айналымы бар және 200 жұмыс орнын ашқан Қазақстандағы күркетауық етінен шұжық шығаратын жалғыз кәсіпорын — «Turkey PVL» ЖШС; барлау дрондарын шығаратын және ел нарығын инновациялық технологиялармен қамтамасыз ететін «United Machinery Resources» ЖШС; сондай-ақ жылына 300 мың тоннаға дейін алтынқұрамды концентраттарды өңдеп, 94–96% алтын алу арқылы Қазақстанда аффинаждалған металл өндірудің толық циклін құру бойынша бірегей жобаны іске асырып жатқан стратегиялық маңызы бар «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» ЖШС бар.









«Қуатты индустриялық базаның және профициттік бюджеттің болуы Павлодар облысы үшін бірегей мүмкіндіктер ашады. Өңірлік билікпен және кәсіпкерлермен бірлескен жұмыс ішкі инвестицияларды дамытуға, өндірісті кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, бұл өңір экономикасын одан да қуатты әрі әртараптандырылған етеді», — деп түйіндеді «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы.
Павлодар облысы өзінің күшті өнеркәсіптік әлеуетіне, инвестициялық тартымдылығына және белсенді шағын және орта бизнесіне сүйене отырып, серпінді дамуы барысын көрсетіп отыр, ал «Атамекен» палатасының жұмысы кәсіпкерлер үшін барынша ашық және қолдау көрсететін орта құруға бағытталған.