Ашықтық пен сапа: Қостанай облысының АБЗ-лары кешенді тексерістен өтеді

30.03.2026
Ашықтық пен сапа: Қостанай облысының АБЗ-лары кешенді тексерістен өтеді

Қостанай қаласында Кәсіпкерлер палатасының алаңында құрылыс мәселелері жөніндегі салалық кеңестің отырысы өтті. Кездесудің басты тақырыбы – өңірдегі асфальтобетон зауыттарын (АБЗ) 2026 жылғы жол-құрылыс маусымына дайындау болды.

«Жол активтерінің сапасының ұлттық орталығы» РМК Қостанай облыстық филиалының сарапшылары «ҚазАвтоЖол» өкілдерімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, зауыттардың техникалық, өндірістік және зертханалық базасына толық аудит жүргізеді. Кеңеске филиал директоры Абылайхан Алшинбаев, бөлім басшысы Владимир Завалий, сондай-ақ АБЗ-ға иелік ететін кәсіпорын басшылары қатысты. Тексеру нәтижелері бойынша барлық деректер Бірыңғай базаға енгізіліп, АБЗ-лардың цифрлық ГАЖ-картасын қалыптастыру үшін пайдаланылатын болады (https://rcmbase.qazjolgzi.kz/). Әрбір зауытқа «Сәйкес келеді» немесе «Сәйкес келмейді» мәртебесі беріледі.

Тексеру 2024 жылдың сәуірінде бекітілген «Асфальтобетон қоспаларын өндіру және олардың сапасын бақылау қағидаларына» қатаң сәйкес жүргізіледі. Негізгі назар аккредитацияның болуына және кіріс материалдары мен дайын өнімді тексеруге қажетті жабдықтардың бар-жоғына, сондай-ақ битум мен инертті материалдарға арналған таразылардың калибровкасына аударылады. Сонымен қатар тексерушілердің назарында битум мен қиыршық тасқа арналған сапа паспорттары мен сертификаттардың болуы, технологиялық процестің сақталуы — материалдарды қыздыру температурасы мен қоспаны араластыру уақыты болады.

Отырыс барысында өткен кезеңдердегі тексеріс нәтижелері де айтылды. 2024 жылы 23 зауыттың 14-і тексерістен өтсе, 2025 жылғы статистика бойынша сол 23 зауыттың тек 3-еуі ғана «сәйкес келеді» мәртебесін растаған.

Анықталған бұзушылықтар болған жағдайда зауыттарға оларды жою үшін 20 жұмыс күніне дейін уақыт беріледі. Егер сәйкессіздіктер жойылмаса, кәсіпорын «Сәйкес келмейді» мәртебесін алады, бұл жол жұмыстарының тапсырыс берушілері үшін сигнал болады, — деп атап өтті Абылайхан Алшинбаев.

Мұндай тәсіл өндірістің ашықтығын қамтамасыз етіп, облыс жолдарына тек мемлекеттік стандарттарға сай сапалы асфальт жеткізілуіне кепіл болады.

Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Амангелді Бекетаевтың айтуынша, мұндай диалогтың мақсаты — кәсіпорындарды жаңа жол маусымына дайындау.