Индустриялық алпауыттар және шешімдер мекені. Қанат Шарлапаев Қарағанды облысында бизнес, билік және инвесторлармен тікелей байланыс орнатты
«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаевтың Қарағанды облысына жұмыс сапары жай ғана кездесулер тізбегі емес, елдің жетекші индустриялық өңірлерінің бірінің болашағына арналған мазмұнды диалогқа айналды. Бүгінде бұл өңірде өнеркәсіп, инвесторлар, шағын бизнес және жаңа экономиканың мүдделері тоғысып отыр. Жалпы өңірлік өнімі шамамен 6,5 трлн теңгені құрайтын, 100 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі бар және ауқымды инвестициялық портфельге ие аймақ индустриялық хаб мәртебесін сенімді түрде сақтап, жаңа жобалар үшін тартымды орталық ретінде позициясын күшейтіп келеді.
Өңір экономикасымен танысу нақты секторды қалыптастырып отырған кәсіпорындардан басталды. «Kaz-metiz» кәсіпорнында Қанат Шарлапаев жоғары берікті арматуралық сым мен болат арқандар өндірісімен танысып, кәсіпорынның өсу динамикасы мен экспорттық әлеуетін атап өтті. Мұндай өндірістер өңір экономикасының тұрақтылығында маңызды рөл атқаратынын жеткізді.


25 жылдан астам уақыттан бері ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп келе жатқан «Сантехпром» зауытында импортты алмастыру және экономиканың тұрақтылығы мәселелері талқыланды.


«Даму» қорының қолдауымен кәсіпорында әрі қарай даму мен импортты алмастыру үшін барлық мүмкіндіктер бар», – деп атап өтті Қ. Шарлапаев.
«WEC Trade» компаниясында заманауи өндірістер мен экологиялық шешімдерді дамытуға басымдық берілсе, «Терриконовая долина» IT-экожүйесінде жаңа экономиканы қалыптастыру мәселелері қаралды.



«Бүгінде Қарағанды технологиялық жобалар пайда болатын ортаға айналып келеді. Біздің міндетіміз – осы өсімді қолдау және оның ауқымын кеңейту», – деді ол.

Өндірістік сапардың қорытынды кезеңі жылына 8 мың тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы металл құрылымдарын шығаратын «Profland-RT» ЖШС-не барумен аяқталды. Мұнда күн электр станциялары үшін solar bracket профилін өндіру желісін енгізуге, сондай-ақ қуаты 100 МВт-тан асатын жобалар жүзеге асырылған күн электр станцияларына арналған қосалқы конструкциялар бағытын дамытуға ерекше назар аударылды.


Өңірдегі кәсіпкерлік белсенділіктің тағы бір көрінісі – жергілікті өндірушілер мен қолөнершілерді біріктірген «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясындағы көрме болды. Бұл бастама жергілікті деңгейде жұмыспен қамтуды және экономикалық белсенділікті арттыруға ықпал етуде.



Сапар аясындағы маңызды кездесулердің бірі Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесімен өтті. Кездесуді кеңес Төрағасы Владимир Алескеров жүргізіп, оған Палата директоры Ернар Күлпейісов қатысты. Кеңес құрамында 26 делегат бар. Олар ірі, орта және шағын бизнес өкілдері мен 11 салалық және 12 аудандық кеңестен құралған қауымдастықтарды қамтиды. Бұл өңір экономикасының негізгі салаларын – тау-кен өндірісінен бастап машина жасау, IT, агроөнеркәсіптік кешен және адами капиталды дамыту бағыттарына дейін толық қамтуға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында Қанат Шарлапаев кәсіпкерлердің рөліне ерекше тоқталды. «Кәсіпкерлер – өңір экономикасының тірегі. Олар жұмыс орындарын құрып, инвестиция салып, дамуға жауапкершілік алады. Осы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін», – деді ол.
Сонымен қатар, бизнес пен билік арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа деңгейі атап өтілді.
«Бүгінде бұл – жүйелі серіктестік. Бастамалар алдын ала талқыланып, кәсіпкерлер қауымдастығының міндетті қатысуымен қабылданады. Бұл – сапалы жаңа диалог форматы», – деді Қ. Шарлапаев.



«Атамекен» ҰКП қызметін жаңғырту мәселесіне тоқтала келе, ол: «Біз Палата қызметін уақыт талабына сай жаңғырту жұмыстарын бастадық. Біздің міндетіміз – бизнесті қорғау, билікпен тиімді коммуникация орнату және шешімдерді нақты экономикалық талдау негізінде қабылдау», – деді.
Шара барысында инвестицияларды қолдау мәселесі де маңызды тақырыптардың бірі болды.
«Экономика ішкі инвесторларға мұқтаж. Біз жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар негізінде инвестициялық жобалар пулын қалыптастырып, бизнес, билік және даму институттары арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етудеміз», – деп атап өтті ол.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесу барысында ірі инвестициялық жобаларды іске асыру және өңірді одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

«Инвестициялар – өсімнің негізгі драйвері. Инвестор өзін қорғалған әрі сенімді сезінетін жағдай жасау маңызды рөл атқарады», – деді Қ. Шарлапаев.

Сапар қорытындысы ретінде кәсіпкерлермен кеңейтілген кездесу өтті. Онда негізгі реформалар мен өзекті мәселелер талқыланды.




«Қарағанды облысы – өңдеу өнеркәсібі, машина жасау және жаңа индустриялар саласында зор әлеуеті бар қуатты индустриялық хаб. Шағын және орта бизнес экономиканың негізі болып қала береді, сондықтан оны қолдау шараларын түбегейлі жаңғырту қажет», – деді ол.
Сапар соңында Қанат Шарлапаев экономикалық өсім мен институционалдық тұрақтылықтың өзара байланысын атап өтті. Қарағанды облысын еліміздің жаңа экономикасының негізгі өсу күші ретінде атап өтіп:
«Күшті экономика тұрақты жүйеге және бизнестің белсенді ұстанымына негізделеді. Кәсіпкерлер – ел болашағына жауапты әлеуметтік күш», – деп түйіндеді ол.