Ақтөбеде жаңа Салық кодексін қолданудың өзекті мәселелері талқыланды
Ақтөбеде Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің көшпелі отырысы өтті. Жиын барысында Салық кодексінің тұжырымдамалық ережелері және оның кәсіпкерлікті дамытуға әсері талқыланды. Іс-шараға сенаторлар, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов қатысты.

Кездесуді ашқан бейінді комитет төрағасы Сұлтанбек Макежанов Салық кодексі елдің экономикалық саясатында маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, құжатты қолдану тәжірибесі мен кәсіпкерлердің кері байланысын ескере отырып, оны үнемі жетілдіріп отыру қажет.
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин жаңартылған Салық кодексі салық жүйесін жеңілдетуге және оның ашықтығын арттыруға бағытталғанын айтты. Басым бағыттардың қатарында салықтар мен міндетті төлемдер санын қысқарту, жеңілдіктерді оңтайландыру және әкімшілендіру рәсімдерін жеңілдету бар.
Бизнес атынан негізгі спикер ретінде Тимур Жаркенов сөз сөйледі. Ол Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жаңа Кодексті әзірлеуге үш жыл бойы мемлекеттік органдармен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп қатысқанын атап өтті. Реформаның басты мақсаты — салық жүйесін кәсіпкерлер үшін түсінікті әрі ыңғайлы ету, шағын және орта бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту және сонымен бірге бюджет түсімдерінің тұрақтылығын сақтау.

Оның айтуынша, талқылау барысында бірқатар бастаманы жұмсартуға қол жеткізілді, оның ішінде ҚҚС мөлшерлемесін күрт арттыруға қатысты ұсыныстар, сондай-ақ инвестициялар мен экономиканың нақты секторын қолдаудың маңызды тетіктерін сақтап қалу мүмкін болды.
Салық кодексін жетілдіру жұмыстары мемлекеттік органдар, ҰКП және салалық қауымдастықтардың қатысуымен жобалық кеңсе аясында жалғасуда. Бұл алаңда кәсіпкерлердің өтініштері мен ұсыныстары қарастырылады.
Сонымен қатар, Ұлттық палата өкілдері салық заңнамасының жекелеген нормаларын қолдану кезінде бизнес тап болатын бірқатар мәселелені атап өтті.