Жосықсыздықтың құны: ШҚО соттары мемлекеттік сатып алу дауларын қалай шешеді

01.04.2026
Жосықсыздықтың құны: ШҚО соттары мемлекеттік сатып алу дауларын қалай шешеді

Мемлекеттік сатып алуларға қатысушыларды жосықсыз деп тану мәселесі бизнес-ортадағы ең өзекті тақырыптардың бірі болып қала беруде. Құжаттардағы қателік, мерзімдердің бұзылуы немесе міндеттемелердің толық орындалмауы – компанияның «қара тізімге» енуіне және қызметіне елеулі салдарлар әкелуі мүмкін.

Бұл бағыттағы сот тәжірибесі туралы Шығыс Қазақстан облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Динара Каримова «Атамекен» ШҚО кәсіпкерлер палатасымен бірлескен «Сіздің құқығыңыз» жобасы аясында айтып берді.

Сот деректеріне сәйкес, тек 2025 жылдың өзінде мемлекеттік сатып алу саласында 1088 талап-арыз түскен. Оның ішінде өтпелі істерді қоса алғанда 1202 іс қаралған.

Соның ішінде:

723 талап қанағаттандырылған,

174 талап қанағаттандырусыз қалдырылған.

Бұл көрсеткіштер тапсырыс берушілер мен жеткізушілер арасындағы даулар сирек емес, керісінше қалыпты тәжірибеге айналғанын көрсетеді.

Динара Каримованың айтуынша, заң мемлекеттік сатып алу қатысушысын жосықсыз деп танудың нақты негіздерін айқындайды. Олардың қатарында жалған мәліметтер ұсыну, сондай-ақ шарттық міндеттемелерді орындамау немесе тиісінше орындамау бар.

Сонымен қатар, мұндай жағдайларда тапсырыс беруші сотқа жүгінуге құқылы ғана емес, міндетті. Бірақ ол бұзушылық анықталған күннен бастап 30 күнтізбелік күннен кешіктірілмеуі тиіс.

Көрнекті істердің бірі – медициналық мекеме мен жанармай жеткізуші арасындағы дау.

Шарт бойынша компания 67 мың литр бензин жеткізуге тиіс болған. Алайда міндеттемелер тек ішінара – шамамен 43 мың литр көлемінде ғана орындалған. Қалған көлем тапсырыс берушінің хабарламаларына қарамастан жеткізілмеген.

Мұның салдары да айтарлықтай болған: жанармай тапшылығы шұғыл медициналық көмек көрсететін қызметтердің жұмысына кедергі келтірген.

Сот жеткізушіні мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танып, айыппұл өндіріп алды. Апелляциялық саты бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Алайда әрбір талап-арыз жосықсыздар тізіліміне енгізумен аяқталмайды.

Тағы бір істе мемлекеттік орган компанияның жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттардың дұрыстығына күмән келтірген. Бірақ сотта:

• жұмыстардың нақты орындалғаны,

• нысандардың пайдалануға берілгені,

• құжаттардың талапқа сай рәсімделгені анықталды.

Нәтижесінде сот талап-арызды қанағаттандырудан бас тартты.

Динара Каримованың сөзінше, мұндай істерде шешуші рөлді дәлелдер атқарады.

Соттар:

• бұзушылықтың нақты болған-болмағанын,

• сотқа жүгіну мерзімдерінің сақталуын,

• бұзушылықтың теріс салдарға әкелген-әкелмегенін бағалайды.

Процессуалдық мерзімдерді сақтау да аса маңызды: оларды өткізіп алу, тіпті бұзушылық болған жағдайда да, талапты қанағаттандырудан бас тартуға негіз болуы мүмкін.

Жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілу – жай формалдылық емес.

Бұл кәсіпкер үшін:

• мемлекеттік сатып алуларға қатысу мүмкіндігінің шектелуі,

• іскерлік беделдің төмендеуі,

• қаржылық шығындар дегенді білдіреді.

Іс жүзінде компания нарықтың елеулі бөлігінен айырылып қалады.

Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында мұндай даулардың едәуір бөлігі кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығының жеткіліксіздігінен және тәуекелдерді дұрыс бағаламауынан туындайтынын атап өтті.

«Біз кәсіпкерлер шарт талаптарының, алғаш қарағанда болмашы көрінетін, бұзушылықтарының салдарын жиі жете бағаламайтынын көреміз. Ал жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілу іс жүзінде мемлекеттік сатып алуларға жолды жауып, компанияның тұрақтылығына елеулі соққы беруі мүмкін», – деп атап өтті ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айжан Жангирханова.

Оның айтуынша, мұндай даулардың алдын алу аса маңызды.

«Бүгінде біздің міндетіміз – кәсіпкерлерді қорғаумен қатар, осындай жағдайлардың алдын алу. Біз заңнаманы түсіндіреміз, бизнесті сүйемелдейміз және шарттық міндеттемелерді орындауға жауапкершілікпен қарауға кеңес береміз. Адалдық – бұл тек заң талабы ғана емес, бәсекелік артықшылық», – деді ол.

Сот тәжірибесі көрсеткендей, жүйе тепе-теңдікті сақтауға ұмтылады: бір жағынан – мемлекет пен тапсырыс берушілердің мүддесін қорғау, екінші жағынан – бизнеске негізсіз қысым жасауға жол бермеу.